Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

3°C

, Дүйсенбі, 25 қараша, 19:44

Домбырамен тілдескен

11.07.2024

105

0

Елдің мұңын мұңдаған, жүректің үнін тыңдаған, намысты қайрап шыңдаған, ерлік пен елдікті жырлаған күмбірге толы домбыра үні қашанда қастерлі де қасиетті. Иә, домбыра үнін естісе, елеңдемейтін қазақ жоқ. Бүгінде қасиетті қара домбыраны дәріптеп, жанына жастайынан серік еткен жастардың қатары артқан. Соның бірі – әнші-сазгер, күйші, ақын, Қазақ авторлар қоғамының мүшесі Руслан Бурабай.

– Мен домбыраны ең алғаш 7 жа­сымда әкемнің Әскербек деген досынан үйрендім. Ол кісі үйге әкемді іздеп кел­ген сайын шамның жарығымен қысқаша жеңіл күйлерді үйретіп бас­тады. Кейін домбыраға деген қы­зы­­­ғу­шылығым артып, 2006 жылы ау­дандық «Әуез» мектебінің домбыра сы­ныбына оқуға түстім. Ұстазым Роза Ералиевадан сабақ алып, көп нәрсе үйрендім. Кейін білімімді жоғары оқу ор­нында жалғастырдым. Мектеп қа­быр­­ғасында жүргенде білім берген ұстаз­дарыма, әсіресе Айтолған, Зәуре, Тойған апайларыма ризашылығымызды біл­діремін. Мені көптеген байқауларға дайындап, жеңіске жетеледі.13 жа­сым­нан бастап өзім ән, күй шығара бас­тадым. 2015 жылы менің 5,6 күйім жарық көріп, өнер сүйер халыққа жол тартты, – дейді Руслан Бурабай.
Кейіпкеріміздің айтуынша, қа­зіргі таңда оның шығармашылық қоржы­нын­да 20-ға жуық ән, 15-ке тарта күй бар. 2015-2018 жылдары ау­дандық Қонысбек Қазантаев атын­дағы мәдениет үйінде үйірме жетекшісі қызметін атқарған ол, 2019 жылдан бастап «Алтын-арай» халық ән-би ансамблінің жетекші-хормейстері қыз­ме­тін абыроймен атқарып келеді. Сон­дай-ақ Қызылорда облыстық халық шы­ғармашылығын дамыту және мәдени продюсерлік орталығында көркемдік жетекші.
– 2016 жылы «Атамұра» фоль­клор­лық ансамбль жұмысын жандандыруға ат салысып, «Болашаққа бағдар: ру­хани жаңғыру» бағдарламасы аясында аудандық мәдениет үйі жанынан «Жігер» этникалық тобын құрдым. Қазіргі таңда ол топ түрлі республикалық, ха­лық­аралық байқауларға қатысып жүр. Мәселен, 2019 жылы Тараз қа­ласында өткен «Көне Тараз күм­бірі» атты І республикалық этно-фоль­­клорлық ансамблдер конкурсы өт­кі­зіліп, конкурсқа республикаға танымал ансамбльдер қатысып, нәтижесінде «Жігер» этно-фольклорлық ансамблі «Ықылас Дүкенұлының» арнайы жүл­десін иеленді. Ұлы ақын Абай Құнан­байұлының 175 жылдығына арналған «Ұлттық өнер – өшпес мұра» атты фольклорлық ансамбльдердің облыс­тық онлайн байқауында «Жігер» эт­но-фольклорлық тобы І орын­ды иеленді. Айта берсек, жетіс­тік­теріміз жетерлік. Әрине, бұның бәрі – ұйым­шылдықпен жасаған жүйелі жұмысы­мыздың жемісі, – дейді кейіпкеріміз.
Руслан – Асқар Тоқмағанбетов атын­­дағы қалалық мә­дениет үйі жа­ны­нан құрылған «Сырлы саз» ха­лық­­тық фольклорлық этно то­бының да көркемдік жетекшісі. Ол топқа қабылданатын өнерпаздарға бір талап қоятынын жеткізді. Айтуынша, ан­самбльге қабылданатын өнерпаздар бір емес, бірнеше аспапта ойнай білуі керек. Мәселен, Руслан бір ғана ас­пап­та ойнаумен шектелмей, жас­тайы­нан барабан, даңғыра, жеті­ген, қобыз, шаңқобыз, сыбызғы, гитара, фор­то­пиано, баян, сынды ас­пап­тарды да еркін меңгерген. Көбіне өзі­нің жеке шығармаларын орын­дайтын кейіпке­ріміз ансамбльдің шығар­ма­шылық қор­жынын да өз шығарма­ларымен то­лық­тыруда. Соңғы екі ай көлемінде ерекше бағытты қолған алған ол сахнаға серпін беретін жаңа тыныс ашқан. Айтуынша, фольклорлық эстрадалық этно тобын құрған. Яғни эстрадалық ән мен күйді аспаптың сүйемелдеуімен орындайды.
– Бұл топты құрғанымызға әлі көп уақыт болмады. Әйтсе де жәй­мендеп халықтың көңілінен шығып жа­тыр. Бірнеше ауыл, ауданда өнер көрсеттік. Биыл күз мезгілінде облыс төңірегінде «Сырлы саз» халық­тық фольклорлық этно тобының жеке шы­ғармашылық кешін беруді жос­парлап отырмыз. Кеште жеке шығарма­шы­лық күйтабағымыз жарыққа шы­ғады. Ал келер жылы өзімнің жеке шығар­ма­шылық кешімді өткізсем деген ойым бар, – дейді Руслан Бурабай.
Кейіпкеріміз 2021 жылы Американың Техас штатында өткен «ARTIVITIES seassons» Халықаралық көпжанрлы онлайн конкурс-фестиваліне өзінің «Та­­лас» күйімен қатысып, «Халықтық орын­­­дау» жанры бойынша І орынды жеңіп алған. Ал 2021 жылы Мәскеу қа­ла­сында өткен Халықаралық кон­кур­стан аспаптық жанр бойынша І орын­ды иеленген. Сондай-ақ биыл Ұлы­тау облысында өткен «Ұлытау үні» бірінші республикалық «Мульти аспап» конкурсына қатысып, арнайы жүл­­демен және қаржылай сыйақымен ма­ра­патталған. Мұнан бөлек «Жаңа Қазақстанның 100 жаңа есімі» төс­бел­гісімен марапатталған.
Табиғатпен сырлас болған ба­ба­ларымыз жаратылыстың өсіп-өніп, түр­­ленуін, қимыл-қозғалысын ән мен жыр­ға, ертегі мен аңызға арқау еткен. Мәселен, «Ақсақ құлан – Жошы хан», «Бозінген», «Ақсақ аю», «Жезкиік», «Аң­­шының зары» сынды ән-күйлер ар­­қылы өзінің сағынышы мен зарын, қуа­­нышы мен жұбанышын, табиғатты, жан-жануарларды бейнелеу арқылы өз көңіл-күйін халыққа жеткізіп отыр­ған. Қазақтың ықылым заманнан бері қолынан тастамай келе жатқан қа­сиетті музыка аспабы домбыраның көмегімен ойналатын «Ортеке» күйі бар. «Ортеке» жай ғана шертілетін күй емес, ағаштан ойып өрнектеп, текенің бейнесін жасап, оны тұғыр ағашта дом­быра шерту арқылы билетеді. Кейіп­керіміз кеше ғана Қарағандыда өткен «Ортеке» республикалық этно фес­тиваліне қатысып, арнайы диплом­мен марапатталды. Аталған бай­қауға еліміздің түкпір-түкпірінен және Қытай, Моңғолия елінен 19 өнерпаз қатысты. Фестивальде ортекеге арнал­ған ав­торлық күй орындаған кейіпкеріміз ортекені ойнақтатып, көрерменнің ыс­тық ықыласына бөленген.
– Бұл байқауға бару-бармауым әуелде белгісіз болды. Бірде «байқау дүй­сенбіде өтеді» деген хабар келді. Сонымен ешқандай дайындықсыз, жолға тәуекел етіп шығып кеттім. Ереже бойынша ортекеге арнап күй шығару керек. Менен басқа өнерпаздардың бар­лығы өздері ортекені алдын ала дайын­дап алып барған. Ал мен сол жерде көрмеде тұрған Ортекені сұрап алып, сахнаға алып шықтым. Алдымен күйдің тақырыбын қойып, оқиға құрастырып, сол оқиға бойынша жаңа күйді сахна үс­тінде шығарып орындадым. Бұл бірінші рет емес, бұған дейінгі байқауларда да осындай жағдай орын алған, – дейді Руслан.
Кейіпкеріміз алдағы уақытта да атадан балаға мұра болып жалғасқан домбыраны ұлықтап, сахна төрінде күйінің күмбір үнін шарықтата бермек.

Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: