Бүгінде жалағаштықтар ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді жан-жақты қолдау, ел тұрғындарын аграрлық бизнеске тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу мақсатында жүзеге асып жатқан «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасына ерекше ынта білдіріп отыр. Бұл сөзімізге аталған бағдарламамен кәсіп бастап, өз ісін өрістетіп отырған тұрғындар дәлел. Десе де бұл нәтижеге тоқмейілсімей, өңірде кәсіпкерлікті одан әрі жандандыру керек.
Жалпы «Ауыл аманаты» жобасының негізгі мақсаты ауыл тұрғындарының кәсібін дамытуға, олардың өрістеп, қанатын кеңге жаюына ықпал ету болып табылады. Үкіметтің 2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасын орындау мақсатында ауылдардағы жұмыссыздықты жою, ауыл халқының жеке кәсібін жүргізу арқылы табыс табуға үйретуге бағытталған.
«Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру үшін былтыр Сыр өңіріне 3 млрд теңге бөлініп, бағдарламада қарастырылған негізгі 5 бағыт бойынша 406 жоба қаржыландырылған, яғни 33 кооператив, 373 жеке кәсіпкерге 2,5 пайызбен несие берілген. Биыл облысқа 4 млрд 600 млн теңге бөлініп, 575 жобаны қаржыландыру, 610 жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Қазіргі таңда комиссия жұмысы басталып, негізгі оператор ретінде «Байқоңыр» ӘКК АҚ-ның облыстық филиалы анықталған.
Осы орайда «Amanat» партиясы аудандық филиалы «Ауыл аманаты» партиялық жобасы аясында «Ашық есік» күнін өткізді. Тақырыптық қабылдау шеңберінде өткізілген қабылдауда аудан тұрғындарына аталған жоба аясында кеңес берілді. Іс-шараға «Amanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы Өмірзақ Елеусінов қатысып, кәсіп бастауға ниетті тұрғындарға, ауданымызды дамытуға бағытталған әрбір жұмысқа сәттілік тілеп, «Ауыл аманаты» жобасының ауданда іске асу барысы туралы айтып өтті.
Сондай-ақ «Amanat» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қаншагүл Мұстафаева, аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Жасұлан Дүйсекеев және сала мамандары әрбір тұрғынға «Ауыл аманаты» жобасы бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, заң аясында кеңес берді. Аталған шараға 50-ден аса аудан тұрғыны қатысып, көкейкесті сауалдарын жолдап, жауап алды.
Бағдарламаның тиімділігі мен қаржы ұйымының талаптарын түсіндіру үшін жергілікті билік тарапынан былтыр Жалағаш кенті және ауылдық округ тұрғындарымен 30 кездесу ұйымдастырылған. Аудан әкімінің хаттамалық тапсырмасында кент және ауылдық округ әкімдері «Ауыл аманаты» жобасы бойынша кемінде екі жобадан қаржыландыру тапсырылған. Бүгінде кент пен 8 ауылдық округ бойынша «Байқоңыр ӘКК» АҚ арқылы өндіріс, асыл тұқымды мал шаруашылығы, қызмет көрсету, өсімдік шаруашылығы бағытында 179,7 млн теңгені құрайтын 22 жоба қаржыландырылған.
Айта кетейік, ауданда былтыр мемлекеттік бағдарламалар арқылы және жеке қаражаттар есебінен жалпы құны 1 млрд 701 млн теңгені құрайтын 16 жоба іске қосылған. Нәтижесінде 86 адам жұмыспен қамтылды. Мәселен, жеке кәсіпкер А.Ермекбаевтың антифриз өндіру цехында 2 адам жұмысқа орналасқан. Б.Айбекованың 120 орындық «Жеті қазына» балабақшасында 18 адам жұмыс істейді. И.Күзековтың 50 орындық «Арун KIDS» балабақшасында 9 адам жұмыспен қамтылған. «Сыздық» ШҚ-ның тәулігіне 60 тонна күріш ақтау және жем өндіру зауытында 8 жаңа жұмыс орны ашылды. Б.Қошқарбаевтың көлік жуу орталығында 3 адам жұмыспен қамтылған. Б.Алдабергеновтің көлік жуу орталығы да 3 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Жұмыссыздық мәселесін бір ғана саламен түбегейлі шешу мүмкін емес. Бірақ аудан тұрғындарының осындай жобаларды ұтымды пайдалану арқылы екі қолға бір күрек тауып, табысын еселеуге болатынына көзі жеткендей.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!