Мемлекеттік қызметші мемлекеттік биліктің айнасы секілді. Оның ар-ожданы биік, әділетті, талантты ұйымдастырушылық қабілеті бар екенін қоғам бағалайды. Халық сенімі мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік қызметті қаншалықты сапалы көрсеткеніне қарап нығаяды. Сондықтан әрбір мемлекеттік қызметші өз орнында халықтың мүддесіне қызмет етіп, көкейкесті мәселелерін заң шеңберінде шешуі тиіс.
Мемлекеттік қызмет үшін имидждің функционалдық және мәртебелік мәні бар. Ол халықтың оған деген сенімінің көрсеткіші және мемлекет жүргізіп отырған басқару қызметтерін қайта құрудың тиімділігін қоғаммен бағалануының өлшемі болып табылады. Сондықтан қоғамда мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік қызметшінің оң имиджін қалыптастыру басты міндеттердің бірі болып табылады.
Осы орайда мемлекеттік қызметшілер күніне орай облыс әкімінің жүлдесі үшін облыстық, қалалық және аудандық жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілері арасында дәстүрлі XXIX спартакиадасы өткен болатын. Спартакиада аясында шағын футбол, үстел теннисі, гір спорты, қазақ күресі, жүзу, тоғызқұмалақ, шахмат және волейболдан ұйымдастырылған жарысқа ауданнан 44 мемлекеттік қызметші қатысып, Жалағаштың намысын қорғады.
Жарыс қорытындысы бойынша аудан спортшылары шағын футболдан І орын, гір спортынан ІІ орын, шахмат, волейбол, тоғызқұмалақ және қазақ күресінен ІІІ орын алып, жалпы командалық есепте аудан құрамасы ІІ орынға ие болды. Лауазымдық міндеттерін үлгілі орындаумен қоса облыстық деңгейдегі спорттық іс-шараға белсенді қатысып, мемлекеттік органның оң имиджін қалыптастыруға елеулі үлес қосқан мемлекеттік қызметшілерді аудан әкімі Ардақ Ибраимов қабылдап, алғыс хаттар табыстады.
– Бүгінде еліміздің өсіп-өркендеуі, халықтың әл-ауқатының артуы, қоғамдағы бірқатар өзекті мәселенің жақсы жағынан шешілуі мемлекеттік қызметшілердің еңбегіне тікелей байланысты. Сондықтан мемлекеттік қызметті атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің адамгершілігі мен моралдық-этикалық келбетіне үлкен талап қойылады. Біз осыны түсініп, өз ісімізге барынша жауапкершілікпен қарауымыз керек. Егер мақсатқа жетуді бүгіннен бастасақ, ел ертеңі жарқын болмақ. Алдағы уақытта да ел абыройын көтеруде, дүбірлі додаларда жеңіс тұғырынан көріне беретіндеріңізге сенемін, – деді Ардақ Ибраимов.
Айта кетейік, спартакиадада ерекше ойын үлгісін көрсеткен ауданның 5 мемлекеттік қызметшісі облыс құрамасына алынды. Олар биыл 14-20 шілде аралығында Ақтөбе қаласында өтетін мемлекеттік қызметшілер арасындағы республикалық спартакиадада облыс намысын қорғайды.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!