Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

5°C

, Дүйсенбі, 25 қараша, 17:56

69 адамға қайтарымсыз грант берілді

15.07.2024

100

0

2018 жылдан бері елімізде 150 мыңнан астам адам кәсіп бастау үшін қайтарымсыз грантқа ие болған. Былтырдың өзінде «Бизнес бастау» ұлттық жобасы аясында 9 мыңнан астам адамға грант берілген. Ал биыл 4500 адамға 1,5 млн теңгеге жуық қайтарымсыз қаражат беру көзделіп отыр. Ол үшін жоба нақты, мақсат айқын болуы керек.

Биыл негізінен жоба авторларынан құжаттар қабылдау сәуір айында басталуы тиіс еді. Елдегі төтенше жағдайға байланысты бұл жұмыстар мамыр айында басталды. Бүгінде жоба авторларының алды 1 млн 476 мың теңгеден қайтарымсыз грантқа ие болды.
Үміткерлерге қойылатын талап олар халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарына жатуы тиіс. Демек мүмкіндігі шек­теулі жандар, көпбалалы отбасылардың мүшесі, табысы аз азаматтар, асыраушысынан айырылған адамдардың қайта­рымсыз грантқа ие болуға мүмкіндігі бар. Сондай-ақ олардың «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негізде оқудан өткені жөнінде сертификаты болуы тиіс.
Тиісті қаражат тек мақсатты жұмсалуы керек. Қайта­рым­сыз қаражаттың да қайтарымы болатынын осыған дейін де айтқанбыз. Мамандар кейбір қаражаттың тамыр-таныс­тық­пен желге ұшып жатқанын да жасырмайды. Мәселен, былтырдың өзінде «бармақ басты, көз қысты» әрекеттер сал­дарынан елімізде грантқа бөлінген 10 млн теңге желге ұшқан. Осы ретте сарапшы мамандар мұндай бизнеске ба­ғытталған гранттарды қоғамдық ұйымдарға берген жөн дейді.

Айта кетейік, ауданда былтыр 144 адам 1 млн 380 мың теңгеден қайтарымсыз грантқа ие болды. Жобалардың басым бөлігі мал шаруашылығына тиесілі. Мұнан бөлек сән салоны, көлік жөндеу орталығы, кондитерлік цех ашқандар да жоқ емес.
Биыл әр адамға берілетін гранттың құны 1 млн 476 мың теңгеге дейін өсті. Бұған дейін ауданда 1 рет комиссия отырысы өтіп, 69 адамның жобасы қолдау тапты. Жобасы қаржылай қолдау тапқандар қатарында көпбалалы ана Назкен Сұлтанова да бар.
Есет батыр ауылының тұрғыны алдағы уақытта Аламесектен наубайхана ашуды көздеп отыр. Ол тиісті қаражатқа қажетті құрал-жабдықтар алып, сапалы өніммен тұтынушыларын қамтамасыз етпек.
– Қазір ауылдың өзінде дүкеннен нан сатып алатындар көбейді. Мен оларды жалқау деуден аулақпын. Бірінің жұмысы бар, енді бірінің үй шаруасына уақыты болмайды. Біз бұндай жағдайларға түсіністікпен қарауымыз керек. Керісінше бұны өз пайдамызға жаратқан әлдеқайда тиімді. Ауылдағы сауда дүкендері ұн өнімдерін сырттан әке­леді. Ал оны халық таласып алып жатыр. Неге сол дүкен сөрелерін өзімізде өндірілген өнімдермен тол­тыр­масқа? Осы сауал менің кәсіп бастауыма түрткі болды. Бірақ қолдағы қаражат оны бастап кетуге жеткіліксіз еді. Осылайша мемлекеттік бағдарламаның көмегіне жүгіндім. Кешегі комиссия отырысында жарқын жобам қолдау тауып, жұмысымды бастауға мүмкіндік алдым. Алдағы уақытта жергілікті халық өзімізде өнді­рілген ұн өнімдерін тұтынады. Тек Есет батырды ғана емес, көршілес Жаңадария мен Еңбекті де мұндай өнімдермен қамтамасыз етуге тырысамын, – дейді ауыл тұрғыны.
Батыр ананың сөзінің жаны бар, көзге көрінген дүниенің барлығына сын көзбен қарау тиімсіз. Керісінше қолыңнан келсе, оны өз мүмкіндігіңе жаратқаның абзал. Расында қазір ауылдарда да ұн өнімдері үлкен сұранысқа ие. Ал бұл мүмкіндікті Назкеннің құр жібергісі жоқ.
Кент тұрғыны Қонысбай Күзенбаев алдағы уақытта жылқы шаруашылығын қолға алмақ. Ол ауылдық жерде жем-шөптен айтарлықтай мәселе болмайтынына се­неді. Сондықтан алдағы уақытта жылқы алып, оны бор­дақылап сатып, етін де, саумалын да халыққа тиімді бағада ұсынуды көздеп отыр.
Бұл бағдарлама кәсіп бастаймын деген адамдарға үлкен қолдау болды. Соның жемісін өзім де көргелі отырмын. Бүгін өз жобамның қолдау тапқанын естідім. 1 млн 476 мың теңге аз қаражат емес, сондықтан оны мақсатты жұмсап, кәсібімнің жемісін көремін. Ауылда жем-шөптен мәселе жоқ, балалар жас, соларға малдың қыстық азығын қамдатамын, жемді сатып аламыз. Қыста жылқыны бордақылап сатып, уақытында құлынды биелер сауып, халыққа саумал сатамын. Оның үстіне қазір көбісі бие байламайды. Уақытында жұрттың саумал іздеп жүргенін де көрдік. Алдағы уақытта тұтынушы талабына сай өнім ұсынамын, – дейді жоба авторы.
Бағамдасақ, биыл халықтың қолға алған жобалары түрленген. Бұған дейінгі комиссия отырыстарында мал шаруашылығынан көз ашпайтын едік. Ал биыл басқа да жобаларға басымдық берілгенін аңғардық. Бұдан елдің іс бастауда ізденгенін аңғару қиын емес.
– Расында былтырғы, оның алдыңғы жылдардағы жобалардың басым бөлігі мал шаруашылығына ба­ғытталған еді. Бір жағынан елді де түсінуге болады, ау­данда жем-шөптен мәселе болмағасын олар осы ба­ғытты таңдайды. Биыл айтарлықтай жобалар түр­ленген. Мәселен, биылғы жобалардың қатарында жы­лы­жай ісі, көлік жөндеу орталығы, дәнекерлеу ісі, ба­лық шаруашылығы, сән салоны, құс шаруашылығын қолға алғандар да бар. Біз жоба авторларына «мынау тап­таурын жоба, сен мынаны таңда» дей алмаймыз. Бізге тиімді, пайдасы мол көрінген кәсіп түрі оларға қо­лайсыз болуы мүмкін. Сондықтан әркім бұл грантқа жоба дайындарда тыңғылықты ізденіспен, дайындықпен келуі керек және тиісті қаражат мақсатты жұмсалуы тиіс. Сонда ғана жұмысының жемісін көреді, – дейді Жұмыспен қамту орталығының директоры Ғалымжан Телібаев.
Ғалекеңнің сөзінің жаны бар, расында қаражат мақ­сатты жұмсалуы керек. Себебі әрбір жобаға бөлінген қайтарымсыз қаржының да қайтарымы болады. Оны кәсіп бастауға тыңғылықты дайындықпен келген, шын осы мемлекеттің қолдауына мұқтаж адамдар ғана түсінеді.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: