Таңғы сағат 08.00 шамасы, аудандық аурухананың алдында тұрмын. Мұнда келудегі мақсатым – «Журналист басқа мамандықта» айдары аясында жансақтау бөлімінің бір күндік жұмысымен танысу. Есіктен еңсемнің еңгенін байқаған аға мейіргер мені жылы шыраймен қарсы алып, бүгінгі әріптесім анезтезолог-ренаниматолог дәрігер Мақсат Серікұлымен таныстырды.
Мақсат Серікұлы жұмыс күнін ең алдымен жиналыстан бастады. Түнгі кезекшілікте болған әріптестері арқылы бөлімшенің түнгі тыныс-тіршілігінен хабардар болған ол әр науқастың жағдайын жіті тексеріп, палаталарды бірге аралап шығуды ұсынды.
Оның айтуынша, жансақтау бөлімінде 6 науқасқа арналған төсек орын, яғни 3 палата бар. Оның 1-еуі балаларға, 5-еуі ересектерге арналған. Бөлімшеде Мақсат Серікұлынан бөлек Алма Сахиқызы, Нұрболат Балтабайұлы және қалалық ауруханадан арнайы аптасына 1 рет Шынтас Еркінұлы келіп, жұмыс жасайды.
Мұнан бөлек 1 аға мейіргер, 7 кезекші анестезист мейіргер, 1 шаруашылық мейірбикесі, 5 кезекші кіші аяжан жұмыс жасайды. Сондай-ақ 2 екпінді ем жүргізу палатасы және 1 оқшаулау палатасынан, 1 ем шара бөлмесі және аппараттарды сақтау, А және Б тобындағы дәрі-дәрмектерді сақтау бөлмесі, аға мейіргер бөлмесі мен дәрігерлер, мейіргерлер бөлмесінен тұрады. Менің бүгінгі әріптесім Мақсат Серікұлының бұл жақта жұмыс жасап жатқанына көп болмаған. Адам өмірін сақтап қалуды басты міндеті санайтын ол алдына келген науқастың ауруынан айығып кетуі үшін уақытпен санаспайды. Ота үстелінде жатқан науқасты отаға дайындап, жансыздандыру жұмысын жүргізеді.
Қазіргі таңда бөлімшеде 2 науқас ем алуда. Оның бірі түнгі 23.30 шамасында түсіпті. Әріптесімнің айтуынша, науқас геморрагиялық инсульт диагнозымен түскен. Бұл бас ми қан тамырынан өздігінен жарақатсыз қан кетуі дегенді білдіреді.
– Көбінесе геморрагиялық инсульт жоғары қан қысымы аясында пайда болады. Науқас бұған дейін қалалық ауруханада ем алған. Кейін жазылып үйіне шыққаннан кейін сырқаты қайта белгі беріп, түнде бөлімшеге түскен. Ал екінші науқас бөлімшегі ең әуелі өтпелі ишемиялық шабуыл диагнозымен түскен болатын. Яғни ишемиялық типтегі ми қан айналымының жедел өтпелі бұзылуы немесе жұлын аймағындағы ишемиядан туындаған неврологиялық бұзылулардың эпизоды деп аталады. Қазіргі таңда сырқаты инсультқа айналып жатыр, – дейді анезтезолог-реаниматолог дәрігер.
Әріптесімнің айтуынша, жыл басынан бері мұнда 224 науқас ем қабылдап, үйіне толыққанды жазылып шыққан. Мұның ішінде облыстық көп бейінді орталыққа да жағдайының ауырлығына байланысты ауыстырылғандар да бар.
– Науқастардың басым көпшілігі жол апатынан, қант диабеті, инсульт сынды сырқаттар бойынша түседі. Ал балалар бронхит, ларингит, пневмония, яғни ауыр сырқат түрлерімен келеді. Ал жүкті келіншектер кесір тілігі арқылы босанғаннан кейін міндетті түрде біздің бөлімшеде бақылауда жатады. Сондай-ақ ауыр босанып, көп мөлшерде қан жоғалтқан аналар да өз-өзіне келіп, ес жиғанша 2-3 күнге дейін біздің бақылауымызда болады, – дейді ол.
Дәрігердің айтуынша, оның жұмыс тәжірибесінде кездескен ең ауыр науқас 45 күн бойы ем алған. Науқас геморрагиялық инсульт диагнозы бойынша фазенда да жүріп құлап, бөлімшеге түскен. Ол сұхбат барысында көптеген науқастардың дәрігерлердің қабылдауынан жиі өтпейтінін, тексеруден қашып, жаны ауырып, ауру қысқанда ғана дәрігердің көмегіне жүгінетінін тілге тиек етті. Яғни дәрігерге ауруын асқындырып барып келетін науқастар көп.
Бөлімшенің тыныс-тіршілігімен танысып жүріп, мәйіт сақтау бөлмесінің алдына да келіп қалдық. Әріптесімнің айтуынша, Өткен жылға қарағанда биыл бөлімшеде жатып қайтыс болған науқастар саны артқан. Былтыр дәл осы уақытта 9 адам қайтыс болса, биыл 15 адам көз жұмған.
Бөлімше стандартқа сай медициналық құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етілген. Мәселен, мұнда жүректің электрлік белсенділігін өлшейтін электрокардиограмма, жүрекке шағын электрлік импульс немесе электр тоғының соғуын жіберу арқылы науқастың жүрек соғысын қалпына келтіретін дефибриллятор, тері астындағы тамырларды бейнелеуге көмектесетін веновизор құрылғылары бар. Дәрігер бұл құрылғының көмегімен тамыры жіңішке егде жастағы адамдар немесе балалардың тамырын тез табуға болатынын айтады.
– Біз көбіне ангиокатетер қолданамыз. Себебі ол ыңғайлы және кез келген уақытта пайдалануға болады. Науқастың тамырын бір-ақ рет тесіп 5-7 күнге дейін қолдануға болады, – дейді.
Мұнан бөлек бөлімшені аралап жүріп инфузиялық дозаторлар мен өкпені жасанды желдету аппараттары барын аңғардық. Әріптесіммен бірге құрал-жабдықтармен танысып жүргеніміз сол еді, мейірбике бөлімшеге кішкентай нәресте түскенін хабарлады. Мен де бірге дереу палатаға қарай бет алдым. Әріптестерім нәрестеден жедел қан талдауларын алып, нәтижесінде 1 айлық нәрестеге қатты салқын тигені анықталды. Қазіргі таңда нәресте ылғалданған оттегі құрылғысы арқылы ем қабылдауда.
Иә, жансақтау бөліміндегі жұмыс ауыр, жауапкершілік жоғары. Мейірбикелер мұнда науқастарды емдеуден бөлек оларға толық күтім жасайды. Тәулік бойы науқастардың жанында болып, олардың бойындағы қандайда бір өзгерісті бірінші болып байқап, дәрігерлерге хабарлайды. Бүгінгі әріптесім анезтезолог-реаниматолог дәрігер Мақсат Елемеспен өткен жансақтау бөліміндегі бір күнде мен адам жанының қаншалықты қымбат екенін ұқтым. Осылайша Мақсат Серікұлы екеуміз жансақтау бөлімінде өткен бір күнімізді сәтті аяқтап, түнгі кезекшілікті Нұрболат Балтабайұлына өткіздік.
Өмір мен өлім арасында дәрменсіз күресіп жатқан жандарға ақ халатты абзал жандардың жасап жатқан ерен еңбектеріне қарап, олардың науқастарды тек емімен ғана емес, жылы сөзімен де емдейтінін аңғардым.
Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!