Таң атысымен тілшілік тіршілікпен егіс алқабына атбасын бұрдық. Таңғы сағат тоғыз, диқандар үшін талтүс болса керек, бригадирден бастап күрішшіге дейін алқап басында жүр. Ерте көктеммен бірге еңсе тіктейтін диқандардың дені бүгінде дала қосында еңбекпен біте қайнасқан. Жыл мезгілінің қайсысы болса да еңбек адамының оң жамбасына дөп түсері анық. Көктемде дала төсін егінжайға дайындап, мол өнімнің ырзығын жасаса, жазда еккен өнімін күтіп-баптайды.
Бұқарбай батыр ауылындағы «Үміт» шаруа қожалығы былтырдан бері егінді әртараптандыруға басымдық берген. Шаруашылық өткен жылы 200 гектардай жүгері ексе, биыл күріштен бөлек 50 гектар соя, 400 гектардан астам жоңышқа сеуіпті. Сояның шығымы бітік. Бригадир Марат Қодренов өнімнің бұл түрі суды аз қажет ететінін айтты. Яғни толық пісіп-жетілемін дегенше 4 рет суарады. Оның үстіне сояға қазір сұраныс та жоғары көрінеді.
– Бұршақ тұқымдас соя дақылы әлемдік нарықта жоғары сұранысқа ие. Көптеген мемлекет оны ет тағамдарының орнына тұтынады. Сондай-ақ жер құнарын арттыруға септігі де көп. Біз де күрішті азайтып, суды аз тұтынатын дақылдардарға көңіл бөліп жатырмыз. Өткен жылы жүгері өсірдік, шығымы жақсы, суды да көп қажет етпейді. Биыл жерге бидай да септік, міне, күні кеше ақегіс жұмыстарын аяқтадық. Жалпы еңбек етуге ешқандай кедергі жоқ, шаруашылықтың техникалық базасы жаңартылған, жанармай жеткілікті, жалақымыз жоғары, тек ерінбей еңбек етсең болды, – дейді бригадир.
Алқап басында арамшөптерді жойып, сояның өсуіне көмектесіп сушы Сұлтанбек Тасбергенов жүр. Білікті сушы диқандармен бірге жүріп, көктемгі егін егу жұмыстарын ойдағыдай атқарған. Одан кейінгі егіннің бап-күтімінде де егістік басынан шықпай, тынымсыз еңбектенуде. Нәтижесінде алтын күзге ерекше мереймен жетуге дәмелі. Сұлтекеңнің бұл салада еңбек еткеніне 5 жылдан асыпты. Сол уақыттың ішінде егін егудің барлық қыр-сырын жетік меңгерген. Кеше жерді баптаудың түрлі әдістерін бізге түсіндірумен болды.
– Бұл дақылдың тұзды, сортаңданған жерге өскені өте тиімді. Мысалы, 1 гектарға егілген соя 5-6 тоннаға дейін сол жердің тұзын өзімен бірге алып кетеді. Тұзын сіңіріп, әрі қарай құнарын арттыруға мүмкіндік береді. Сояның тамыры күшті, оларда азот минералды пішінге өңделген, ол сояның өзі үшін ғана емес, сонымен бірге осы жерде өсірілген басқа да көкөністерге тыңайтқыш ретінде қызмет ететін болады. Соя өте құрғақшылыққа төзімді деп есептеледі, бірақ жоғары өнімділік үшін жақсы топырақ ылғалдылығы қажет, – дейді Сұлтанбек Тасбергенов.
Диқанның айтуынша, сояның пайдасы зор. Оның құрамындағы ақуыз 46 пайызға дейін, өсімдік майы 24 пайызға дейін болады. Сондықтан оны сүт, ет бағытындағы шаруашылықтарда, медицина саласында, тамақ өнеркәсібінде көп қолданады. Көптеген ас түрлерін өңдеуге де пайдаланады. Сондай-ақ оны қоймада сақтап әуре болудың қажеті жоқ. Жинап алып, сата бересің, сондықтан экономикалық тиімділігі жоғары. Бағасы күріштен жоғары. Сығынды майы да кәдеге жаратылады. Мал азық етуге де болады.
Қазіргі таңда шаруашылық 60 адамды жұмыспен қамтып отыр. Былтыр күзгі науқанды толайым табыспен қорытындылаған еңбек ұжымы қосымша қаржылай сыйақыға да ие болған. Биыл да шаруа адамдары үлкен табысқа кенелетін сияқты. Олардың аптап ыстықта қалай еңбек еткенін алқаптағы бітік шыққан өнімнің өзі айтып тұр.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!