Кеңес заманында ауданға қарасты Қаракеткен ауылы балық аулаудан рекорд орнатып, алдыңғы қатарда болған. Ол кезде Каракеткеннің атын төңірекке танымал еткен «Игілік» балық колхозы еді. Балықшылар балықты Қаракеткен аумағындағы «Майкөл», «Кіндіккөл», «Үйсінкөлі», «Түйе кеткен» сияқты көлдерден аулаған. Соғыс жылдары колхоз барлығы 13 мың тоннадан астам сапалы балық аулап, Отан қорғау қорына жөнелткен. 1964-1965 жылдары колхоздың аты халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің Құрмет тақтасына жазылды. 1965 жылы Балық шаруашылығы Министрлігінің ауыспалы Қызыл Туына ие болады. Міне, осындай мақтан тұтар тарихы бар өлкемізді қайта жандандыру – бүгінгі ұрпақ міндеті.
Осы мақсатта ауданда ел бірлігін сақтап, өнегелі өмір өрнегін қалыптастырған қазыналы қарттарымыздың, елге адал қызмет еткен ардагерлеріміздің басын қосып, замандаспен дидарластыру мақсатында жылда дәстүрлі балық аулау сайысы ұйымдастырылып келеді. Жылдағы дәстүрден жаңылмай, балық аулау бәсекесіне ақсақалдар өздері ғана емес, немере, шөберелерін де ерте келіпті.
Абыз ақсақалдар мен зейнеткерлердің бәсекесіне аудан әкімі Ардақ Ибраимов қатысып, халықтың қамын ойлаған, ойы терең ардагерлерімізге сәттілік тіледі.
– Мұндай шараның тек балық аулау, құр уақыт өткізу ғана емес, ардагерлеріміздің өскелең ұрпақ алдындағы бірлігі, өнегелі дара жолын көрсетер тағылымды шара ретінде маңызы зор. Қарттарын асыл қазына деп ардақ тұтқан егеменді елімізде ардагерлеріміз әрқашан құрметке лайық. Құрметті демалыста жүрсе де ауданның әлеуметтік-экономикалық, мәдени-қоғамдық өміріне араласып, игілікті шараларда белсенділік танытып келесіздер. Аға буын өкілдерінің салауатты өмір салтын қалыптастыруға белсене араласуы аудан тұрғындары мен жастарымыздың спортпен шұғылдануына үлкен бағыт-бағдар беретіні сөзсіз. Бүгінгі туған жердің табиғатында ұйымдастырылып отырған тамаша шара жастарға үлгі болар игі дәстүр десем қателеспеймін, – деді Ардақ Ибраимов.
Аудан ардагерлері арасындағы балық аулаудан жарыс 2014 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп, жарысқа қатысушы ағаларымыздың саны да жылдан-жылға артып келеді. Жалпы жарыс өте тартысты өтті. Балалық шақтарын еске алса керек, басында белсенділік танытпай тұрған қарттарымыз, уақыт өте қармақтарына жиі балық түсе бастады. Әрине, Сырдарияның сағасында өскен ақсақалдардың балық аулаудың қыр-сырын толық меңгергеніне ешкімнің де күмәні болмады.
– Дария жағасында есейгесін болар, балық аулау таңсық іс емес. Шыны керек, ес білгелі қармақ салу ең жақсы көретін ісім. Бұрын бұл өңірдің суында балықтан көп нәрсе жоқ еді. Тұтас бір өңірді асырайтын жағдайда болатын. Қазір дариядан су тартылғалы, балық та қашты. Десе де қазірдің өзінде ауыл маңындағы каналдардан балық аулап тұрамын. Сондықтан біз, әсіресе болашақ осы жердің егесі жастар табиғатымызға ерекше ілтипатпен, қамқорлықпен қарауымыз керек, – деп жастарға өсиетін айтты Марат Алдабергенов.
Қазақ – қариясын сыйлаған халық. Қарияның батасынсыз қазақ қоғамында қордалы байламдар жасалып, іс басталмаған. Бұл – атам заманнан бері келе жатқан игі дәстүр. Сол дәстүрдің аясында бастау алған балықшылар сайысы ардагерлердің батасымен басталып, түрлі марапатпен қорытындыланды. Шара соңында ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев балық аулауға қатысқан барлық ардагерлерге алғыс білдірді.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!