Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-0°C

, Дүйсенбі, 25 қараша, 07:01

Еңбекпен еңсе тіктеген

20.08.2024

161

0

Сырдария ауданында өткен «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі – ауылды дамытудың негізі» республикалық семинарында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Үлгілі елді мекен» байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Іс-шараға Сыр өңіріне арнайы келген Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, Парламент Сенатының, Мәжілісінің депутаттары, ведомство басшылары, барлық облыс әкімінің орынбасарлары, ауыл шаруашылығы басқармаларының басшылары және ірі шаруашылық құрылымдарының төрағалары қатысты.

Биыл екінші рет өткізілген облыстық «Үлгілі елді мекен» конкурсының нәтижесімен «Үлгілі ауыл» номинациясы бойынша Жалағаш ауданы Еңбек ауылдық округі І орынды иеленді. Сондай-ақ «Үлгілі елді мекен» номинациясы бойынша Жалағаш ауданы Аққыр ауылына 15 млн теңге қаржылай қолдау көрсетілетін болды.
Айта кетейік, былтыр «Үлгілі елді мекен» конкурсында «Үздік ауыл» номинациясы бойынша ІІ орынды Жалағаш ауданының Таң ауылдық округі иеленіп, жаңа жер қазатын трактор және тіркемесі табыс­талған. Биыл ауданға қарасты тағы бір елді мекен жүлделі орыннан көрініп отыр. Бұл ауданда ауылдық елді мекендердің абаттанып жатқанын аңғартады.
Жағымды жаңалықты естіген бойда жеңімпаз ауылдың бүгінгі тынысымен танысуға жол тарттық. Үлкен жолдан елді мекенге кіргеніміз сол еді, жарық бағаналары орнатылған тақтайдай тегіс жолмен Еңбекке табан тіредік.
Жалпы ауылда 313 отбасы бар, 1517 адам мекен еткен үлгілі ауылда кәсіпкерлік саласы қарқынды дамуда. Ауыл әкімінің міндетін атқарушы Бақытберген Балханов бұрын тұрғындардың көбісі мал шаруашылығын қолға алғанын жасырмады. Бірақ бүгінде Еңбекте сала түрленген, бірі түлік басын асылдандырса, енді бірі наубайхана ісін қолға алған. Қазіргі таңда ауылда 65 кәсіпорын тіркелсе, бүгінде оның 64-і нақты жұмыс жасап тұр.
Биыл үлгілі ауыл тұрғындары «Ауыл аманаты» жобасына 4 жоба ұсыныпты. Олар қолдау тапса, алдағы уақытта Еңбекте күріш ақтайтын цех, музыка орталығы, кондитерлік цех пен құс шаруашылығы ширайды.
Бәкең ауылда жүзеге асып жатқан жобалардың басым бөлігіне «Еңбек-Жер» ЖШС төрағасы Шаки­затхан Ысқақов демеушілік жасағанын айтады. Сө­зінше, ауыл мақтанышы биыл да жарқын баста­маларды қолға алған.
– Жол құрылысы, жарық бағаналары, ойын алаңдары, жаяу жүргіншілерге арналған жолдар, бәрінде Шәкеңнің қолтаңбасы бар. Биыл да біршама жобаны қолға алды, олардың бірқатарының құ­рылысы аяқталуға жақын. Шыны керек, кешегі ар­найы номинацияны алуда сол кісінің үлкен еңбегі бар. Себебі Еңбектің үлгілі ауылдар қатарынан кө­рінуіне ол бар күшін сарп етті. Төраға бастап, ел қоштап ауылда үлкен жобалар жүзеге асты. Мұның барлығы соның жемісі деп білемін, – деді Бақытберген Балханов.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: