28 тамызда Франция астанасы Париж қаласында XVII жазғы паралимпиада ойындары басталады. Бүгін Астанада премьер-министрі Олжас Бектенов паралимпиада ұлттық құрамасының мүшелеріне мемлекеттік Туды табыстады.
Төрткүл дүние көз тіккен Париждегі додада Қазақстан туын паралимпиададан Азия ойындарының жүлдегері, (волейболды отырып ойнаудан) Қазақстанның он дүркін чемпионы Берік Ізмағанбеотв пен пара оқ атудан чемпион Севда Алиева алып шығады.
Салтанатты жиын барысында Олжас Бектенов спортшыларға ыстық ықыласын білдіріп, сәттілік тіледі.
«Паралимпиада тек спорт емес, бұл адамның шексіз қабілеттерінің дәлелі. Сіздердің ерік-жігерлеріңіз бен батылдықтарыңыз таңдануға тұрарлық. Миллиондаған адамдар сіздердің жанқиярлықтарыңыз бен мызғымас рухтарыңыздан шабыт алады, өмірдегі кедергілерді жеңуді үйренеді. Бүгін сіздерге табысталатын ту – бірлік пен жеңістің символы. Мемлекет басшысы әлемнің басты спорт жарыстарында елдің ар-намысын қорғау-құрметті міндет, зор абырой мен жауапкершілік екенін атап өтті. Сіздер Қазақстанды халықаралық аренада лайықты таныстырып, жеңіс тұғырынан көрінетіндеріңізге сенімдіміз», – деп атап өтті премьер-министр.
Биылғы додада ұлттық құрама пара жүру, пара пауэрлифтинг, пара жеңіл атлетика, пара каноэ, пара тхэквондо, отырып волейбол ойнау, пара оқ ату, пара үстел теннисі және пара дзюдода бақ сынайды. Спортшылар өздеріне жүктелген жауапкершілік пен міндеттелген миссияны адал атқаруға сөз берді.
«Бүгінгі күн мен үшін өте маңызды. Осындай деңгейдегі жарыстарда еліміздің Туын көтеру – үлкен жауапкершілік. Әр спортшы Паралимпиада ойындарына қатысуды армандайды. Қазақстанның намысын лайықты қорғау үшін бар күшімізді саламыз. Біздің жүрегімізде Отанға деген сүйіспеншілік пен жеңіске деген ерекше ұмтылыс бар», – деді Берік Ізмағанбетов.
Паралимпиада ойындарына баратын спортшылар саны жыл санап артып келеді. Мәселен, Токиодағы тартысқа Қазақстаннан 26 спортшы қатысқан болса, биыл бәсі биік бәйгеге спорттың 9 түрінен 44 спортшы 33 жолдама жеңіп алған. 1996 жылдан бері жазғы Паралимпиада ойындарында да Қазақстан құрамасы 7 медаль иеленген.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!