Қарттарымыз өңір өміріне белсене араласуда. Жас ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар көрсетуде олардың өнегелі істері маңызды. Осы орайда XIІ аудандық ардагерлер спартакиадасы өтті. Ардагерлер арасындағы дәстүрлі спартакиадаға кент және ауылдық округтерден 120-ға жуық ардагер қатысты.
Салауатты өмір салтын ұстанған ардагерлер арасындағы спорттық сайысты аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов ашып, жарыстың маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Салауатты өмір салтын орнықтыруда спорттың маңызы зор. Сіздер жастарға үлгі болып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға зор үлес қосып келесіздер. Бүгінгі спартакиада – осындай игі істердің дәлелі. Сіздерді өмірде әрқашан азаматтық пен адамгершіліктің үлгісі, үлкенге құрмет, кішіге қамқор бола білген азамат ретінде танимыз. Сіздерді бұдан әрі де арамызда ақылшы, кеңесші бола жүріп, еліміздің игілігі үшін қоғам өміріне белсене араласады деп сенемін. Барлық қатысушыларға және ұйымдастырушыларға алғысымды білдіре отырып, спартакиаданы ашық деп жариялаймын. Бәріңізге сәттілік тілеймін, – деді Ғани Сүлейменов.
Дүбірлі доданы өткізудегі басты мақсат аудан тұрғындарының салауатты өмір-салтын қалыптастыра отырып, бұқаралық спорттың дамуына ықпал жасау болып табылады.
Жарыстың маңыздылығына тоқталған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев алғаш 60 адамға жуық қатысушымен басталған бұл спорттық бәсеке бүгінде үлкен маңызға ие болып, қатысушылар саны үш есеге артқанын айтты.
Тартысты өткен спорттық сайыстың нәтижесімен командалық есеп бойынша І орынды Мәдениет ауылдық округі иеленсе, ІІ орынды аудан орталығының ардагерлері еншіледі. Ал ІІІ орынды Қаракеткен ауылдық округінің қариялары жеңіп алды. Жарыс жеңімпаздары арнайы дипломдармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
«ЖЖ» ақпарат
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!