Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

3°C

, Жексенбі, 24 қараша, 23:26

Олимпиададан жүлдемен оралған армия спортшылары марапатталды

28.08.2024

564

0

Отан алдындағы ерекше еңбегі, дене шынықтыру мен спортты дамытуға қосқан зор үлесі, жоғары жетістіктері және кәсібилігі үшін Ғұсман Қырғызбаев пен оның егізі Орталық спорт клубы дзюдо командасының аға жаттықтырушысы – бөлім бастығы Ғұмар Қырғызбаевқа Қорғаныс министрінің бұйрығымен мерзімінен бұрын «капитан» әскери атағы берілді, деп хабарлайды Egemen.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қарулы күштердің қызметшілері спортшы-нұсқаушылар Нариман Құрбанов пен Демеу Жадыраев, сондай-ақ қатардағы жауынгер Ислам Сәтбаев ведомстволық «Ел қорғаны» медалімен марапатталды. «Қарулы күштердің үздігі» медалімен Олимпиада ойындарына қатысушы ОСК спорт ротасының жауынгері боксшы Мұхаммедсабыр Базарбайұлы наградталды. Спортшылардың жаттықтырушыларының да еңбегі еленді. Ал қалған қатысушылар ақшалай сыйақы иеленді.

Олимпиадаға Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының 21 спортшысы бокс, дзюдо, ату, бадминтон, ескек есу, спорттық гимнастика, күрес, спорттық альпинизм, таеквондо, заманауи бессайыс және жеңіл атлетика секілді 11 спорт түрінен қатысты. 

Спортшыларды құттықтаған қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов армия спортшылары Қарулы күштердегі спорттың дамуына үлкен үлес қосып жатқанын атап өтті.

– Жақын арада жастар үшін әскери-спорт колледжін ашуды жоспарлап отырмыз. Біз ол үшін барлық қажетті жағдайларды жасаймыз және жас спортшыларға барынша қолдау көрсетеміз. Бұл армия спорты мен Орталық спорт клубының дамуына жаңа серпін береді, – деді Қорғаныс министрі. 

Естеріңізге сала кетейік, Франция астанасында армия спортшылары төрт Олимпиада медалін жеңіп алған болатын. Олардың қатарында күміс медаль иегерлері гимнаст Нариман Құрбанов пен грек-рим күресінің балуаны Демеу Жадыраев, сондай-ақ қола медаль иеленген дзюдошы аға лейтенант Ғұсман Қырғызбаев пен сұрмерген қатардағы жауынгер Ислам Сәтбаев бар.

Тәуелсіздік жылдарында Қарулы күштердің спортшылары 39 рет Олимпиада ойындарында жеңімпаз және жүлдегер атанды. Әлемдік додаларда олар 637 алтын, 420 күміс және 489 қола медаль жеңіп алды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: