Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

1°C

, Сенбі, 09 қараша, 21:38

Мемлекет басшысы: «Басты мақсат – азаматтардың табысын арттыру.»

02.09.2024

349

0

Қазақстан халқы қазір мүлде жаңа саяси жағдайда өмір сүруде. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында мәлімдеді.

«Қазақстан халқы қазір мүлде жаңа саяси жағдайда өмір сүруде. Соңғы 5 жылда ауқымды реформалар жасалды. Еліміздің саяси жүйесі түбегейлі өзгерді. Жұрттың сана-сезімінде бетбұрыс болып жатыр. Халықтың құқықтық мәдениеті артып келеді. Азаматтардың бойында жаңа әдеттер, дағдылар қалыптасып, жаңа құндылықтар орнығуда. Саяси және қоғамдық болмысымыз, менталитетіміз және мәдени кодымыз өзгере бастады. Бір сөзбен айтсақ, Әділетті Қазақстан құрылып жатыр. Мұның бәрі, ең алдымен, халықтың қалауымен жасалуда. Сондықтан біз алған бетімізден қайтпаймыз, бағытымыздан таймаймыз. Бүгін біз алға қойған жоспарымызды пысықтап, мақсаттарымызды айқындаймыз.

Қазір жер жүзінде геосаяси текетірестер белең алып тұр. Соған қарамастан, Қазақстан бейбіт әрі эволюциялық жолмен дамып келе жатыр.

Біз дамудың жаңа бағдарын белгіледік. Экономиканы әртараптандыру ісіне тың серпін бердік. Инфляция баяулады, яғни былтырғы ең жоғарғы деңгейден 2,5 есе төмендеді. Еліміздің халықаралық резерві 100 миллиард доллардан асты. Өңдеу өнеркәсібі тау-кен саласымен салыстырғанда жылдам өсіп жатыр. Біз осы қарқынды жоғалтпауымыз керек. Бұған дейін жасалған қолайлы жағдайды тиімді пайдаланып, жаңа инвестициялық кезеңді бастауымыз қажет.

Үкімет және әкімдер экономиканың құрылымын өзгертуге баса назар аударуға тиіс. Еліміздің тұрақты дамуына мүмкіндік беретін жаңа тетіктерді қарастырған жөн. Басты мақсат – азаматтардың табысын арттыру. Жұмысты дұрыс үйлестіре білсек, бұл – қолдан келетін шаруа.

Экономика өскен сайын әлеуметтік теңсіздік азайып, орта тап (яғни орта класс) күшейе түсуі керек. Сонда ғана біз еліміздің әлеуетін күшейте аламыз. Ол үшін кез келген істің басты өлшемі тиімділік болуға тиіс. Яғни, әрбір шешім, әрбір жоба ең алдымен елге пайдалы болуы қажет» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: