Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

30°C

, Дүйсенбі, 24 тамыз, 16:21

Апостиль: құжаттың шетелде танылуын қамтамасыз ететін құқықтық рәсім

24.08.2026

1

0

          Қазіргі таңда азаматтардың шетелмен байланысы бұрынғыдан да арта түсті. Бірі шетелде білім алса, енді бірі еңбек қызметін жүзеге асырады, үшіншілері халықаралық деңгейдегі құқықтық немесе отбасылық мәселелерді шешеді. Осындай жағдайларда азаматтың өз елінде алған ресми құжатын басқа мемлекетке ұсыну қажеттілігі туындайды. Бұл ретте құжаттың заңды күші мен түпнұсқалығы арнайы рәсім арқылы расталуы мүмкін.
          Апостиль – бір мемлекеттің аумағында берілген ресми құжаттың басқа мемлекетте танылуына мүмкіндік беретін арнайы куәландыру белгісі. Оның негізгі мақсаты – құжатқа қойылған қолдың, қол қойған тұлғаның өкілеттігінің және қажет болған жағдайда құжаттағы мөрдің немесе мөртабанның түпнұсқалығын растау.

Апостиль институты 1961 жылғы 5 қазанда қабылданған Гаага конвенциясымен байланысты. Осы халықаралық құжатқа қатысушы мемлекеттер арасында ресми құжаттарды заңдастырудың жеңілдетілген тәртібі қалыптасқан. Сондықтан азамат шетелге құжат ұсынбас бұрын, баратын мемлекетінің аталған конвенцияға қатысуын және нақты қандай құжаттарға талап қойылатынын анықтап алғаны дұрыс.

       Апостиль әртүрлі ресми құжаттарға қойылуы мүмкін. Олардың қатарында азаматтық хал актілерін тіркеуге қатысты құжаттар, білім туралы құжаттар, нотариаттық құжаттар, сот актілері және өзге де ресми құжаттар кездеседі.
Мәселен, азамат шетелдік оқу орнына түсу кезінде дипломын немесе басқа да білім туралы құжатын ұсынуы мүмкін. Сол сияқты шетелде отбасы құру, жұмысқа орналасу немесе белгілі бір құқықтық рәсімді жүзеге асыру барысында Қазақстанда берілген ресми құжаттарды таныту қажеттілігі туындайды.  Алайда барлық құжатқа бірдей апостиль қойылады деп түсінуге болмайды. Құжаттың түріне және оны ұсынатын мемлекетке байланысты талаптар әртүрлі болуы мүмкін. Сот жүйесі үшін де бұл рәсімнің өзіндік маңызы бар. Кейбір жағдайларда сот органдары берген немесе сот ісіне байланысты ресми құжаттарды шетел аумағында пайдалану қажеттілігі туындайды.     Мұндай құжаттарды басқа мемлекетке ұсыну кезінде олардың заңды түрде берілгенін растау мәселесі туындауы мүмкін. Осы ретте апостиль құжаттың халықаралық деңгейде қабылдануына қажетті құқықтық рәсімдердің бірі ретінде қарастырылады.    Бұл жерде азаматтың құжатты қай елге ұсынатыны аса маңызды. Себебі құжатты қабылдайтын мемлекеттің талаптары алдын ала ескерілмесе, қосымша рәсімдерден өту қажеттілігі туындауы ықтимал.Апостиль мен аударманы шатастырмаған жөн Тәжірибеде жиі кездесетін мәселелердің бірі – апостиль мен құжаттың аудармасын бір рәсім деп қабылдау. Апостиль құжаттың белгілі бір реквизиттерінің түпнұсқалығын куәландыруға бағытталса, аударма құжаттың мазмұнын қабылдаушы тарап түсінетін тілге жеткізу үшін қажет.
Сондықтан шетелге құжат дайындау кезінде екі мәселені де бөлек қарастырған жөн: біріншіден, құжатқа апостиль қажет пе, екіншіден, оның аудармасы қандай тәртіппен рәсімделуі тиіс.  Құжаттарды шетелге ұсынуды жоспарлаған азаматтар үшін ең маңыздысы – рәсімді соңғы сәтке қалдырмау.
     Ең алдымен:

құжат ұсынылатын мемлекеттің талаптарын анықтау;

апостиль қажет немесе қажет еместігін нақтылау;

құжаттың түпнұсқалығы мен жарамдылығын тексеру;

қажет болған жағдайда аударманы дұрыс рәсімдеу;

апостиль қоюға уәкілетті органды анықтау қажет.

       Осындай қарапайым талаптарды алдын ала орындау артық уақыт жоғалтудың және құжаттарды қайта рәсімдеудің алдын алады.

       Апостиль – көпшілік күнделікті кездестіре бермейтін рәсім болғанымен, оның маңызы халықаралық қатынастар кеңейген сайын артып келеді.
Құжаттың шетелде қабылдануы тек оның мазмұнына ғана емес, заңда белгіленген рәсімдердің дұрыс орындалуына да байланысты. Сондықтан азаматтардың құқықтық сауаттылығы жоғары болған сайын құжат рәсімдеуге байланысты мәселелер де азая түседі. Апостильді жай ғана мөр немесе формальды белгі ретінде қарастыруға болмайды. Ол – ресми құжаттың халықаралық құқықтық айналымдағы түпнұсқалығын растауға мүмкіндік беретін маңызды құрал. Әр азамат шетелге құжат ұсынар алдында қабылдаушы мемлекеттің талаптарын нақтылап, қажетті рәсімдерді уақытылы орындағаны жөн. Бұл – құқықтық тәртіпті сақтаудың ғана емес, өз уақытын тиімді пайдаланудың да кепілі.

Жалағаш аудандық сотының

бас маман – сот отырысының хатшысы

Ғ.Сахи

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: