Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

5°C

, Жексенбі, 24 қараша, 20:29

Тәуелсіздік тірегі – Ата Заң

30.08.2024

132

0

Мәңгілік елдің бағына орнаған тәуелсіздіктен кейін өмірге келген айбынды Ата Заңымыз қазақтың рухын көтеріп, дамудың даңғыл жолына бастап барады. Адамзаттың абыройы мен мерейін көтеруге негізделген заңның баптары мен тармақтары тек қазақ ұлтының ғана емес, біздің елде бейбіт өмір сүріп жатқан өзге ұлттар мен ұлыстардың да құқығын қорғап, бауырмалдық сипатта жазылып жарық көруі үлкен адамгершілік, татулық, жанашырлық принципін көздейді. Тұғыры биік, ғұмыры ұзақ заңымыздың беделі жыл санап көтеріліп, елдің игілігіне қызмет жасауда. Мұның бәрі еркіндіктің ақбоз атының кең дала атамекенде көсіліп шауып, азаттықтың көк туын еркін самғатып, Ұлы дала төскейінде кең тыныстаған жылдар шоғырының жемісті қолтаңбасы сынды.

Азат елдің айбынына айналған Конституция – тәуелсіздігіміздің ең басты құжаты және халықтың еркін өмір сүруінің, білім алуының, азат ел­дің айбынды тұлғасы болудың то­лық­қан­ды кепілі. Қай дәуірде, қай қо­ғамда болсын, кез келген елдің пайда болуы мен мемлекеттің қа­лып­тасуы, дәуірлеп өрлеуі белгілі бір құқықтық жүйеге иек артып қалыптасатыны тарихтан белгілі.

Қазіргі Қазақстан мемлекетінің Ата Заңы – ғасырлар бойы қалыптасқан адамзат баласының жалпы құн­­ды­лық­тарын, ата-бабала­рымыздың ар-ож­да­ны мен биік парасатынан тұра­тын бір­лік, тыныштық идеясын өз бойына сіңірген әлемдегі ең жас Кон­с­титуция­лардың бірі. Солай бола тұрса да, еліміздің Конституциясы әлем­дегі ең үздік 50 Конституцияның бірі бо­лып саналатыны – тәуел­сіздіктің 3 он­жыл­дық белесін ба­ғын­дырған Қазақ­стан үшін зор мақ­таныш, үлкен абырой.

Қазақ даласында қалыптасқан мем­лекеттік пен құқықтық дәстүр та­мыры тереңде. Әлемге әйгілі Күлтегін ескерткішінде «Әлемнің көгінде ас­пан, төменінде қоңыр жер пайда бол­ғанда, осы екеуінің арасында адам баласы жаратылды. Адамзат ба­ла­сының үсті­нен менің бабаларым Бумын қаған мен Истеми қаған билік жүр­гізді. Таққа отырған олар өз мемлекетін қорғап, түркі заңдарын шы­ғарып, оны бекітті» делінген.

Ұлылық пен даналық дарыған қа­зақ халқының мыңдаған жыл бойы өзіндік әдет-ғұрыптары мен дала заң­дары болған. Ол заңның ерек­шелігі ше­шендік, тапқырлық, айтқыштық өнерді өздеріне темір­қазық еткен. Қара қылды қақ жарған әділ билердің өзін де, сөзін де қадір тұтып, олардың есімін ауыз әдебиеті үлгі­сімен тарихқа таңбалаған.

Түркі бабаларымыздан бастау ал­ған заң түзу қызметі, қазақ хан­дығы тұсында Қасым ханның, Есім ханның және Тәуке ханның тұсында өз жалғасын тапты. «Қасым ханның қасқа жолы» деп аталған кешенді заң жинағы өмірге келді. Оның не­гізгі мазмұны Қасым ханның жүр­гіз­­ген мемлекеттік саясатына негіз­дел­ген. Ал «Есім хан­ның ескі жолы» заңдар жинағы сол дә­уірдегі мемле­кеттік басқару жүйесін рет­теуге бағытталған.

Қазақ халқының өміріндегі ереже-қағи­да­лар­дың, салт-дәстүрлердің жү­йе­лі жиынтығы атақты «Жеті жарғы» еді. «Жеті Жарғы» бабаларымыздың жан-жақты байыпталған құ­қық­тық мұ­расы болды.
– 1995 жылы қазіргі Ата Заңымыз қабылданды. Бұл қадам тереңнен тамыр тартатын мем­лекет­тігімізді тың өріске бастап, Қазақстан Респуб­ли­ка­сының күрделі геосаяси жағ­дай­­дағы дамуының даңғыл жолын ай­қын­дады. Конституциямызда белгіленген адам құқығы мен бостандығы, саяси және әлеуметтік-экономикалық құры­лым қағидаттары әділетті қоғам мен қуатты мемлекеттің айнымас тұ­ғы­ры­на айналды. Халық билігі, тең­­дік, бірлік, заң үстемдігі қас­­терлі ұста­ным­дар ретінде қалыптасып, Қа­зақ­станның келешектегі жан-жақты даму бағдарының мазмұнын ай­шық­тай түсті. Ата заңымыз уақыт рухына және аза­мат­тарымыздың талап-тілегіне сай ке­леді. Сондай-ақ оның жасампаздық әлеуеті саяси жүйе мен әлеуметтік-эко­но­микалық қаты­нас­­тарды одан әрі жетілдіруге ба­ғыт­талған. Біз мем­ле­кеттің берік кон­ституциялық негізіне сүйене оты­рып, елдегі келісім мен саяси тұрақ­тылықты сақтаймыз және аза­маттық қоғаммен сындарлы байла­нысты жалғастыра береміз, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тарихқа жүгінсек, 1995 жылы 30 тамызда – жал­­пыхалықтық рефе­рен­дум­ға сай­­­­лау­­­шы­лардың 90,58 пайы­зы қа­­ты­сып, олар­дың 89,14 пайызы жаңа Консти­­­туцияны қолдады. Бұл тәуелсіздік тари­хында тұңғыш рет бүкілхалықтық тал­қылауға салынып, елдің пікірі еске­рілген ха­лықтық Конституция болды.

Конституцияда Қазақстан Респуб­ликасы демо­кратиялық, зайырлы, құ­­қық­тық және әлеуметтік мемлекет екені, мемлекеттің ең жоғары құн­­дылығы адам және оның өмірі, құ­қықтары мен бос­тан­дықтары екені көрсетілген. Биліктің бір­ден-бір бас­тауы халық болып танылды.

Осылайша 1995 жылғы Консти­туция Қазақ­станның қазіргі мемле­кет­ті­лі­гінің негізін салды. Бүгінде Кон­сти­ту­циямыз еліміздің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуының негі­зіне айналып, заң үстемдігінің шы­найы үлгісін көрсетіп отыр. Кон­ституциялық нор­маларды қатаң сақ­тай отырып, еліміз­де биліктің демо­кра­тиялық принциптер негізінде алмасуы орын алды.

Конституция ел-халқының пікірін есеп­ке ала отырып жа­салған құқықтық-саяси құжатқа айналды. Консти­туцияны қа­лып­тас­тыруға қалың жұрт­тың қа­тысуы Ата Заңның әлеуе­тін арт­тырды. Осы уақыт ішін­де Қазақ­станның Конс­титуциясы уақыт­тың сынынан сү­рінбей өтті. Сәй­ке­сінше бұл құжат өзінің заман тала­бына лайықтылығын дәлелдеді.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: