2013 жылдан бері қыркүйек айының екінші жексенбісі Отбасы күні болып белгіленді. Ал 2014 жылдан бері «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өткізіліп келеді. Ынтымағы ырыспен қуатталып, еңбегі елдің игілігіне жұмсалып жатқан өнегелі отбасыларды кеңінен насихаттайтын «Мерейлі отбасы» байқауының қашанда орны бөлек. Апта басында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Мерейлі отбасы – 2024» байқауының облыстық кезеңінде жеңіске жеткен отбасыларды марапаттап, жерлестерін алдағы Конституция, Отбасы күні мерекесімен құттықтады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Берекелі шаңырақ – елімізді үйлесімді әрі орнықты дамытудың мызғымас кепілі. Сондықтан мемлекет ана мен баланы қорғау жүйесін жетілдіруге, отбасы құндылықтарын ұлықтауға баса мән береді» деді. Иә, мерейлі отбасы – береке-бірлігімен, тәлім-тәрбиесімен, қалыптасқан қағидасымен, асыл қасиеттерімен баршаға өнеге. Сондықтан олардың үлгісін дәріптеп, тағылымын көпке тарату маңызды. Биылғы конкурс нәтижесімен 16 отбасы үздіктер қатарынан табылды. Барлығы – өсіп-өнген әулеттер мен шаңырақтар. Өңірлік комиссияның шешімімен Жалағаш ауданынан келген Төлеміс Бектаевтың отбасы бүгінгі конкурста бас жүлде иеленіп, республикалық конкурста облысымыздың мерейін үстем етеді, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Бүгінде облыста отбасыларға қамқорлық пен көмек үздіксіз көрсетіліп келеді. Ана мен баланы қорғауға арналған қаржы, көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы көлемі жыл сайын өсуде. Аналардың 17 мыңға жуығы – «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иегері, 34 мыңға жуығы – көпбалалы ана. Оларға ай сайын 2 млрд 85 млн теңге мемлекеттік жәрдемақы төленуде.Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған тың жобалар жүзеге асуда. Жас отбасыларды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін «Сыр жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасы қабылданды.Бағдарлама аясында жыл басында 60 жас отбасы қоныс тойын тойласа, жақын күндері 40 жас отбасына пәтер кілті табысталмақ.
Айта кетейік, Бектаевтар отбасы – 11 бала, 43 немере, 66 шөбере, 2 шөпшек өрбіткен өнегелі отбасы. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласының дамуында өзіндік қолтаңбасы бар, шаруаға ширақ шаңырақ. Бүгінде бұл отбасы Сыр өңірінің әлеуетін арттыруда мемлекеттік маңызды шаралар мен қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып, әрқашан игі бастамаларды қолға алып, көпшіліктің құрметіне ие болып жүр.
Отағасы Төлеміс Бектаев – тыл ардагері, Жалағаш ауданының құрметті азаматы. Еңбек жолын 1956 жылы Мақпалкөл ауылында егінші болып бастаған ол аудан орталығындағы қазіргі индустриалды-агрралық колледжде механизатор мамандығы бойынша білім алған. 1990 жылға дейін ауыл шаруашылығы саласында механизатор болып жемісті еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан. Төлеміс Бектаевтың еселі еңбегі еленіп, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, 1991 жылы Қазақ СССР-нің жоғары кеңесінің Жарлығымен «Еңбек ардагері» мерекелік медалімен, 2007 жылы «Қызылорда облысына 70 жыл» және Ұлы Жеңістің 60, 65, 70 жылдық медальдарымен марапатталған. Ал ақжаулықты ана Сәнімкүл Әшірбекова – еңбек ардагері, Алтын алқа иегері. 1955 жылы орта мектепті бітірген ол ауыл шаруашылығы саласында күрішші болып 1987 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін үздіксіз еңбек еткен. 7 қыз, 4 ұл тәрбиелеп өсірген ана 1974 жылы «Батыр ана» атағын алған. Оның егін шаруашылығындағы еселі еңбегі бағаланып, 1980 жылы «Халықтар достығы» орденімен марапатталған.
Төлеміс Бектаев пен Сәнімкүл Әшірбековадан тараған балалардың алды зейнеткерлікке шыққан, 5 баладан 16 немере, 1 шөбере сүйіп отырса, кенжелері 4 бала тәрбиелеп отырған ардақты әке. Барлығы жоғары білімді, түрлі салада қызмет етіп, ел экономикасының дамуына еңбек етуде.
– Отбасы – сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтастықтың ошағы, яғни кез келген зиялы қоғамның діңгегі. Отбасының басты қазығы, алтын діңгегі – бала. Баланың тәрбиелі, жан-жақты болып өсуіне берекелі, өнегелі, ынтымақты отбасының ықпалы зор. Отбасы берекелі, тату болу үшін сыйластық, мейірімділік, жанашырлық, бауырмалдық қасиеттер әр адамның бойынан табылуы керек. Осындай шара арқылы әр отбасының ынтымағын арттыруға үлес қосқан ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін, – дейді Төлеміс Бектаев.
Ақтоты БҮРКІТБАЙ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!