Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

5°C

, Жексенбі, 24 қараша, 20:49

Жол қауіпсіздігі жіті назарда болсын

31.08.2024

60

0

Жаңа оқу жылы қарсаңында облыс полицейлері күшейтілген режимде жұмыс істемек. Жаңа оқу жылының алғашқы күнінен бастап күнделікті мектеп алдындағы жол өткелдерінде балалар травматизмінің алдын алу мақсатында таңертең, түскі және кешкі уақытта ювеналды және патрульдік полиция инспекторлары қызмет атқаратын болады.

Сондай-ақ республика көлемінде өтіп жат­қан «Назар аударыңыз – балалар!» атты іс-шарасы аясында облыстағы 335 мектептің аумағында жол қозғалысын реттеудің техни­калық құралдарына, жол белгілері мен жолүсті таңбаларына тексеру жұмыстары жүргізілген.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында «Біз жас ұрпақтың қауіпсіз әрі алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз етуге тиіспіз» деп, тиісті шаралар қабылдау үшін барлық мүдделі органдарға қажетті тапсырма берген еді. Сон­дықтан балалардың қауіпсіздігі әрқашан басты назарда. Осы оқу жылының басталуымен оған екі есе ерекше назар аударылатын болады.

Қазіргі таңда жергілікті атқарушы орган­дармен балалардың қауіпсіздігі бағытында тиісті шаралар қабылдануда. Осыған орай полиция қызметі күшейтілген кестеге өтіп, 1 қыркүйек «Білім күні» барлық оқу ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 594 қызметкер мен 139 автокөлік жұмылдырылады. Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың қа­тысуымен жасалатын жол-көлік оқиғала­рының алдын алу үшін тұрақты түрде «Абай­лаңыз, балалар!», «Абайлаңыз, жаяу жүр­гінші!», «Ба­ла­лар, жолда абай болыңдар!», «Мек­тепке жол» секілді профилактикалық ша­ра­лар қабыл­дануда.

Тағы бір мәселе, қазіргі заман ағымына сәйкес, балаларымыз электросамокаттар мен гидроскутерлерге қызығушылық танытуда. Осы­­ған орай олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Мемлекет басшысымен жол жүрісі туралы заңнамаға өзгерістер енгізіліп, күшіне енді. Қабылданған Заңға сәйкес, элек­тросамокаттар веложолдарда, жолдың жүріс бөлігінің оң жақ шетінде, оның ішінде мар­шруттық көліктерге арналған жолақтың бойы­мен бір қатарда 25 шақырым жылдамдықпен қозғала алады және жүргізушілері 18 жастан жоғары, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі бар, шлемде болуы қажет. Электросамокатпен жолау­шылар мен жүктерді тасымалдағаны үшін және жол жүрісіне қатысушыларға қойылатын өзге де талаптарды бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік кодекстің 593 (шлемсіз басқару, жүк және жолаушы тасымалдау) және 620-бабымен (жүргізуші куәлігі жоқ) әкімшілік жауапкершілік қарастырылады.

Бұл шаралардың басты мақсаты – адамның өмірі мен денсаулығын сақтап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы ретте жүргізушілердің назарына жылдамдықты межеден асырмай, жол ережелерін сақтап жүруге, жаяу жүргіншілер жол жағдайын ескеріп, тек белгіленген орыннан өту қажеттігін ескертеді.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: