Адамдар еңбек демалысына шығып, жас та, кәрі де су жағасына барып, балаларымен, достарымен бірге табиғат аясында серуендеуге бет алады. Су жағалауларында күнге қыздырынып, демалып, салқын суға шомылғысы келетіні, оның жанға сондай жайлы екені анық. Алайда адамдардың суда қауіпсіздік ережелері мен шараларын сақтамауы, балалардың суға шомыла білмеуі, мас күйінде суға шомылу орны толмас қайғы мен өкінішке айналып жатады.
Нақтырақ тоқталсақ, жыл басынан бері облыстық ТЖД қызметкерлерінің көмегімен су айдындарынан 8 адам құтқарылған. Мамандардың айтуынша, суға түсу кезінде орын алатын қайғылы жағдайлардың басты себебі – қауіпсіздік ережесінің сақталмауы. Осыған сәйкес тиісті сала мамандарының жұмылдырылуымен облыс аумағындағы су айдындарында жыл басынан бері 2 112 рейдтік жұмыс жүргізіліп, 71 мыңнан астам тұрғынға судағы қауіпсіздік ережелері түсіндірілген.
Иә, Сырдария өзенінде жылда азаматтардың әртүрлі себептермен қайғылы жағдайларға ұшырауы, оның ішінде суға шомылу маусымында судағы адамдардың әсіресе балалардың қазасы өзекті мәселе болып отыр. Суда адамдардың қаза болуының негізгі себебі қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзуы болып табылады. Мәселен, өзен немесе каналдардың кез келген әрі зерттелмеген ағысы жылдам, терең, жағалары тік жар жерлеріне суға түсу, балалардың ересектердің бақылауынсыз су жағасына баруы мен суға түсуі және олардың жүзе білмеуі қайғылы оқиғаларға әкеліп соқтыруда.
Жалпы облыс бойынша 18 стационарлық және 8 модульдік бассейн орнатылған. Қосымша жеке кәсіпкерлер тарапынан жазғы демалыс орындарында 11 стационарлық бассейн бар. Сондай-ақ облыс аумағында жазғы демалыс уақытында 8 балалар лагері жұмыс жасаса, департамент қызметкерлері лагердің нұсқаушыларымен бірге жүзуді оқыту бойынша тегін сабақтар өткізген. Өңірде суға шомылуға тыйым салынған 63 қауіпті аймақ тіркелген.
Аудандағы ахуалға тоқталатын болсақ, суға шомылу маусымы басталғалы суға бату фактілері тіркелмеген. Жалпы аудандық төтенше жағдайлар бөлімімен бірлесіп жергілікті билік өкілдері де алдын алу шараларына белсене қатысуда. Күн сайын жауапты сала мамандарымен бірге рейдтік жұмыстар, үнпарақтар тарату, адам көп шоғырланытын жерлерде видеороликтер көрсету, басылым беттеріне мақалалар жариялау жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. Соның нәтижесінде суға шомылу маусымында оқыс оқиғалар орын алмаған.
«ЖЖ» ақпарат
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!