Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-3°C

, Дүйсенбі, 30 желтоқсан, 22:43

Қазақ әскерінің айбыны қандай?

21.09.2024

2014

0

Соңғы уақытта ата-аналар балаларын әскерге жібергісі жоқ. Неліктен? Шыны керек, бүгінде әскерде белгісіз күйде жан тапсырған жас сарбаздар туралы жаңалықты жиі еститін болдық. Осындай әскердегі жауабы жоқ былықтар, жемқорлық, сарбаздар арасындағы әлімжеттік, тәртіпсіздік секілді іс-әрекеттер қоғамда резонанс тудыруда. Орталық Азия барысы атанған Қазақ әскерінің мұндай халге душар болуына не себеп? Тарқатайық…

270 әскери қызметкер
қайтыс болған

Жақында «Amanat» партиясы фрак­циясының мүшесі, депутат Нартай Арал­бай қазақ әскеріндегі қазіргі ахуал туралы сөз қозғап, ҚР Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовқа депутаттық сауал жолдады. Нартай Аралбай бейбіт күнде қазақ сар­баздары түрлі дене жарақатын алып, тіпті кейбіреуі қайтыс болып жатқанын тілге тиек етті.

– Бұл – бір емес, бірнеше рет қай­таланып жатқан жағдай. Осының сал­дарынан айыппұл салмақ түгілі айып тақсаң да ешкім бауыр еті баласын жас­тар жан тапсырған орта – әскер қа­тарына жібергісі келмейді, – деп сөзін растады депутат.

Мәжілісмен келтірген сандық дерек­терге зер салсақ, соңғы үш жылда елде 270 әскери қызметкер қайтыс болған, ал соңғы төрт жылда әскерде 86 суицид тіркелген. Тағы 20 әскери адам суицидке оқталған.

– 2023 жылы тамызда әскери бөлім­шелердің бірінде командир әскерге жаңа­дан келген сарбазды орындықпен ұрып, соққыға жыққан. Ал биыл маусым айында Жамбыл облысының бір әскери бөлімшесінде әс­керде жүргеніне бір-ақ ай болған сарбаз ес-түссіз жансақтау бөліміне түскен. Таяуда болған жағдай бүкіл отандасымыздың ашу-ызасын туғызғаны хақ. Ұлттық ұлан жауынгері Ербаян Мұхтар басынан алған жарақаттан бес ай бойы ес-түссіз жатыр. Жауаптылар жауапкершіліктен жал­­тарып, «Ербаян дәретханаға құлап, жара­қаттанды» дейді. Бұған кім сенеді? Жарақаттың салдарынан сарбаздың ба­сының жартысын алып тастауға тура келген. Енді оған тұрақты күтім қажет, – деді депутат.

7 қыркүйек күні Ақтаудағы горнизонда Марат Барқұлов есімді сарбаз көз жұмған. Оны офицер атып тастаған. Бірақ бұл қа­сақана жасалған әрекет пе, әлде жазатайым оқиға ма? Сұрақтың жауа­бын тергеу орында­ры әлі анықтаған жоқ.

Мемлекет басшысы биылғы Жол­дауда: – «Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мем­лекетке сеніп тапсырады. Сондықтан сар­баздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құ­қық қорғау мекемелерінің басшылары жауап­ты», – деген еді. Өкінішке орай әскердегі жағдай бұған мүлдем кереғар болып тұр.

Былтыр Қорғаныс министрлігі әскери бөлімдерде 50 мыңнан астам бейнекамера орнатылғанын хабарлады. Ондағы жазбалар қайда? Жас сарбаздар өлімінің себебін неге анықтай алмаймыз? Міне, күрделі сұрақ.

Айта кетейік, «Amanat» партиясы әскер­дегі әлімжеттік мәселесін 2022 жылы кө­терген еді. Алайда жағдай түзелмек түгілі ушығып кетті десе де болады. Сарбаздардың әскерде жарақат алып, қайтыс болу фактілері тек артып отыр. Мұнан бөлек бүгінде әскери қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы төмен. Иә, бұл бөлек әңгіме.

«Жалғыз ұлым
табытпен қайтты»

Жақында Ақтауда қаза тапқан сарбаздың әкесі әділдік іздеп, Қорғаныс министрлігіне жүгінген. Ол тергеу ко­митетіне барып, ары қарай ұлының денесін экспертизадан өт­кізуге ниетті.

– Ақтау қаласының әскери окру­гіне бара жатырмын. Ұлымды тапан­шамен бе­тінен атып тастаған. Бұл оқыс оқиға дейді. Офицер қарумен ойнап отырып, ол аяқас­тынан атылып кеткен дейді. Мен Қорғаныс министрінен бұл істің жазатайым оқиға ретінде қарастырылмауын сұраймын. Бұл жазатайым оқиға емес, тапаншадан ату үшін патронын салып, сақтандырғыштан алып тастап, шүріппені басу керек. Бұл ой­найтын ойыншық емес. Қазір оны қа­мауға алды дейді. Істі тоқтатқысы келуі мүмкін. Мен бәрін мұқият зерттегім келеді, – дейді сарбаздың әкесі.

Түптеп келгенде мұндай жағдайлар жа­булы қазан күйінде қала беретін болса, қоғамның әскерге деген сенімі толықтай жо­ғалуы мүм­кін. Сондықтан жауапты ор­гандардан атал­ған мәселе бойынша әділ шешім шығарады деген үміттеміз.

Қазақ әскері
Орталық Азияда көш бастады

Әлем елдерінің әскери әлеуетін бағам­дайтын Global Firepower рейтингі биыл 145 елдің ішінде қай мемлекеттердің армиясы нығайғанын анықтаған. Қазақстан бұл көр­сеткіште 5 сатыға көтерілген.
Global Firepower рейтинг реттілігін бел­гілеуде елдің әскер саны, әскери тех­ни­касы, экономикалық тұрақтылығы, ресурс­тарға қолжетімділігі мен стратегиялық гео­графиялық орналасуы сияқты 60-тан аса көр­сеткішке көңіл бөлген.

Биылғы Global Firepower көшін АҚШ армиясы бастаған. АҚШ әскерінің құра­масында 92 эскадралық минатасушы, 11 авиатасымалдағыш бар. Ал жалпы бюджеті 886 миллиард долларды құраған.
Екінші орынға Ресей Федерациясы тұрақ­таса, әскер қуаты тұрғысынан үштікті Қытай Халық Республикасы түйіндеген. Төртінші орынға арнайы бағдарлама аясында әс­кери техникаларын жаңғыртқан Үндістан жай­ғасқан. Үздік бестікке дамыған әскери-теңіз флоты мен заманауи авиациясы қауқарлы Оңтүстік Корея іліккен.

Қазақстан жалпы көрсеткіш бойын­ша 58 орынға табан тіреген. Бұл былтыр­ғы рейтингтен 5 сатыға жоғары. Рей­тинг­те жоғары көтерілуімізге қарулы күш­­­те­ріміз қатарында дүркіндетіп ататын реак­­тивті жүйелер мен өздігінен жү­­ретін ар­тиллерияны көбейтіп, әскери техни­камызды белсенді түрде жаңғыртып жатқанымыз себеп болған. Осындай жетістіктерімен мемлекетіміз Орта­лық Азияда армиясы ең мықты ел ретінде танылды. Орталық Азияда бізден кейінгі екінші орында Өзбекстанның қарулы күштері тұр, жалпы сатыдан оңтүстіктегі көршіміз 65 орыннан көрінген.

Түрікменстан халықаралық әскери альянс­­­­тардан оқшауланған мемлекет бол­ған­­дықтан аталған рейтингте 145 елдің іші­нен 86 орын иеленген. Орталық Азияның эко­­­номикалық даму тұрғысынан соңғы 4 және 5 орындарда тұрған Қырғызстан мен Тә­жікс­тан GFP рейтингінде сәйкесінше 94 және 107 орында тұр.

Жуырда әскери қызметшілерді Консти­туция күнімен құттықтаған Қорғаныс ми­нистрі, генерал-полковник Руслан Жақсы­лы­қов қазақ армиясының бүгінгі күш-қуаты жайында баяндама жасаған.
– Ел Президенті – Қарулы Күштердің Жо­ғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жоғары халықаралық стан­дарттарға сай келетін заманауи және кәсіби армия құруға бар күш-жігерді ба­ғыт­тап жатыр. Бүгінде Қарулы күштер заманауи техникамен, оның ішінде отандық қорғаныс өнеркәсіп кешені өнімдерімен де жарақтандырылып келеді. Басқару жүйесіне жаңа технологиялар мен басқарудың жаңа жүйелері белсенді түрде енгізіліп жатыр. Әскерді даярлаудың қарқыны мен сапасы артып келеді. Қазақстан жауынгерлері ха­лықаралық оқу-жаттығулар мен жарыс­тарда жоғары кәсіби деңгейін көрсетіп жүр, – дейді министр.

Күзгі шақыру науқаны басталды

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 1 ақпандағы Жарлығына сәй­кес күзгі шақыру қыркүйекте басталып, жел­тоқсан айының соңына дейін жалғасады. Мерзімді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыруға немесе босатуға негіздері жоқ 18 жастан 27 жасқа дейінгі азаматтар шақырылады.

Күзгі шақыру барысында Қарулы күш­тердің, Ұлттық ұланның, ҰҚК Шекара қыз­метінің, ТЖМ және Мемлекеттік күзет қыз­метінің бөлімшелері жасақталады. Қорғаныс министрлігі әскерге шақыруды есепке алу жұмысын цифрландыру жұмыстарын дәйекті түрде жүргізіп келеді. Әскерге борышын өтеуге шақырылған әскери қызметшілер туралы мәлімет алмасу, сондай-ақ оларды запасқа шығару автоматтандырылған.

Биыл сарбаздарға арналған артық­шылықтар заң жүзінде бекітілген. Олар­ға қызмет ету кезінде және әскерден бо­са­тылғаннан кейін екі ай уақытқа несиелік демалыс беріледі. Бүгінгі таңда 6 мыңнан астам әскери қызметшінің 1 млрд 828 млн теңге көлеміндегі төлемдері кейінге қал­дырылған. Сонымен қатар несиенің бо­луын не болмауын, ол бойынша төлемді кейінге қалдыруды белгілеу Қаржы нарығын рет­теу және дамыту агенттігі айқындаған тәртіппен Қорғаныс министрлігінің, кредиттік бюролар мен кредиторлардың ақпараттық жүйелерінің өзара іс-әрекеті арқылы жүзеге асырылады.

Қалалық және аудандық шақыру ко­мис­сиялары жергілікті атқарушы ор­гандар басшыларының тө­ра­ға­лы­ғы­мен жұмыс іс­тей­­тінін айту маңызды. Шақыру науқаны барынша ашық форматта өткізіледі.
Әскерге шақырылушылар, олардың ата-аналары, журналистер, қоғам өкілдері қажетті ақпаратқа жүгініп, барлық сұрақтарға жауап ала алады. Әр қорғаныс істері жөніндегі департаментінде «жедел желі» мен әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттар іске қосылған.

Сыр елінен 800-ден астам азамат әскерге барады

Биыл облыс бойынша 800-ден астам азамат Отан алдындағы борышын өтеуге жі­берілмек. Қызылорда облысы Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орын­басары Жасұлан Шаңқұловтың ай­туынша, облыс азаматтарын мерзімді әс­кери қызметке шақыру науқаны жоспарға сәйкес жүзеге асырылып жатыр. Ең әуелі өңірдегі 18 бен 27 жас аралығындағы ер аза­маттарға шақырту қағазы жолданады. Одан соң азаматтар шақыру қағазында көр­сетілген мекен-жайға келіп, медициналық сарап­тападан, тестік және полиграфиялық тексерістен өтеді.

Биылғы жоспар бойынша ҰҚК Шекара қызметіне 170, Ұлттық ұланға 280, мем­ле­кеттік күзет қызметіне 10, Қарулы күштер қатарына 420 азамат жіберіледі.

Көктемде 59 жалағаштық
әскерге аттанған

ҚР Қорғаныс министрлігінің «Қызылорда облысы Жалағаш ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімі» республикалық мем­лекеттік мекемесінің бастығы Ерсайын Бе­гімқұловтың айтуынша, мерзімді әскерге шақыру күзгі науқаны аясында ауданда әс­керге іріктеу жүруде. Жалпы әскерге ау­даннан 60-қа жуық азамат аттанбақ. Нақтырақ тоқталсақ, биылғы жоспар бойынша ҰҚК Ше­кара қызметіне 10, Мемлекеттік күзет қыз­метіне 1, Қарулы күштерге 29, ІІМ қата­рына 19 азамат жіберіледі.

Көктемгі әскерге шақыру науқанында аудан тапсырманы 100 пайызға орын­дап, 59 жас әскерге аттанған. Бүгінде олар еліміздің әр аймақтарында Отан алдындағы борышын абыроймен өтеуде.
– Біздің тараптан шақыру контингентін зерделеу, шақырылушылармен, олардың ата-аналарымен, олар оқып жүрген және жұмыс атқарып жүрген оқу орындары, кә­сіпорын өкілдерімен жеке әңгімелер жүр­гізілді. Яғни жастарды әскери бөлімдер бойын­ша іріктеу және бөлу кезінде аталған ша­раның маңызы зор. Шақырылуға дейінгі болашақ мерзімді әскерилердің алған ма­мандықтары, денсаулық жағдайы, дене және моральдық-психологиялық дайындығы ес­керіледі. Әрине, әр ата-ана ұлының әс­керге аман барып, сау оралғанын тілейді. Біз де олардың аман-есен Отан ал­дын­дағы борышын өтегенін қалаймыз. Әскер­де азаматтық борышын өтеп жүрген жа­лағаштық жастардың барлығы да үйлеріне аман-есен оралуларына жауаптымын. Сон­дықтан барлығының жағдайынан жеке ха­бардар болып отырамын, – дейді ҚР Қор­ғаныс министрлігінің «Қызылорда облысы Жалағаш ауданының қорғаныс іс­тері жө­нін­дегі бөлімі» республикалық мем­ле­­кеттік мекемесінің бастығы Ерсайын Бегімқұлов.

Денсаулықта ақау көп

Жасыратыны жоқ, қазіргі әскер жа­сын­дағы азаматтардың денсаулығында ақау жиі кездеседі. Қазіргі талап бойынша жастар бірнеше медициналық тексерістен өтуге міндетті. Олардың арасында терапиялық, хирургиялық, неврологиялық сырқаттардың белгісі және омыртқа майысуы, үшінші дәрежелі майтабан дерті, әсіресе көз жа­нарының әлсіздігі тексеріледі.

Шекара қор­ғауға барғысы келетін жас­тардың бойы 165 сантиметрден төмен бол­мауы тиіс. Ал сарбаздың бойы мен келбетіне байланысты қатаң талап ҚР Мемлекеттік күзет қызметінде борышын өтеуден үміт­кер­лерге қойылады. Мемлекеттің басты нысандары мен жоғары лауазымды бас­шы­ларды қорғап, күзететін бұл қызметке барғысы келетін жастардың бойының ұзындығы 180-190 сантиметр аралығында, бет-әлпеті таза, тыртықсыз, физикалық жа­ғынан жақсы жетілген, бойын тік ұстауы шарт. Сонымен қатар білімі де маңызды, ең кемі он бір жылдық мектепті аяқтаған болуы қажет. Бір жыл­дық міндетті қызметтері аяқталғаннан соң Үкімет оларды сол мем­лекеттік күзет қыз­метіне алып қалады. Ке­лісім-шартпен әрі қарай офицер болып қыз­метін жалғастырады.

Қорғаныс министрлігінің Қарулы күш­теріне баратындар әуе қорғаныс күштері, құрлық әскері, аэромобильдік күш­тер се­кілді бөлімшелерде қызмет етеді. Олар­дың да өз ерекшеліктері бар. Физикалық жа­ғынан дайындығы күшті балаларға ба­сым­дық беріледі. Ал Ұлттық Ұланның ішкі істер әскери бөлімшелері үшін алынатын балалардың ата-анасы және басқа да туыс­тарының сотталмағанына аса мән беріледі. Өйткені бұл бөлімшелер ішкі тәртіптің сақ­талуын қарайды, түзеу колонияларын қа­рауылдайды. Әлбетте бұлардың барлы­ғын­да да жастардың білімді де сауатты болуына айрықша мән беріледі.

Жастардың жоғарыдағыдай талаптарға сай болуының басты құралы спортпен шұ­ғылдану болып табылады. Сонымен бірге табиғат аясында демалу, салауатты өмір сал­тын ұстану дағдысы да оң әсер етеді. Де­генмен соңғы жылдары әлеуметтік желінің кең таралуы, соған байланысты заманауи құрылғылардың пайда болуы жастардың көз жанарының әлсіреуіне соқтырса, таңнан кешке дейін ұйықтай беру неврологиялық ау­ру­лардың өрістеуіне жол ашып отыр. Сон­дай-ақ табиғи, құнарлы тағамды тұтын­бау және дене шынықтырумен жүйелі шұғыл­дан­бау да қан қысымы, семіздік, майтабан ауру­ларының өршуіне әкеледі екен.

Жалағаштық сарбаз
ЖОО-ға түсті

Бүгінгі таңда әскерде қызмет еткен 1 500-ден астам азамат жоғары оқу орындарына тегін, ал ақылы түрде 700-ден астамы оқуға түскен. Отан алдындағы борышын өтеген азаматтарға студенттік жатақханадан орын беру жеңілдіктері де қарастырылған. Осы жыл­дың көктемінде запасқа шығарылған 400-ден астам әскери қызметші келісім-шарт бойынша әскери қызметке орналасқан.
Президенттің тапсырмасы бойынша Қа­рулы күштер мемлекеттік үлгідегі куәлік­терді бере отырып, әскери қызметшілерді аралас жұмысшы мамандықтарына оқытқан. Бұл мәселе Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында да айтылып, 2025 жыл – «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жа­рияланды. Былтыр 1200-ге жуық маман оқытылған. Биыл 1300-ден аса адамды оқыту жоспарланып отыр.

Ауданға қарасты Мақпалкөл ауылының азаматы Бейбарыс Мейрамбекұлы Отан ал­дындағы борышын абыроймен өтеп, биыл Алматы қаласындағы Әл-Фараби атын­дағы ҚҰУ-ге тегін оқуға түсті. Бұрын мек­теп бітіруші түлектеріміз, әскерге барса, дип­ломсыз қалудан қорқатын. Міне, бүгінде бұл мәселе де шешімін тапқандай.

– Отан қорғау – әрбір ер азаматтың қа­­сиетті борышы. Сондықтан әрбір ер-аза­мат оған физикалық және психоло­гиялық жа­ғынан дайын болуы керек. Бүгінде шүкір, ауылымызда әскерге аттануға әзір жастар жетерлік. Біз сол үшін қызу ең­бек етудеміз, – дейді Мақпалкөл ауылы әкім­дігінің жетекші маманы Мардан Тоғызбаев.

Түйін. Патриотизм адам бойында өзді­гінен қалыптаса қоймайды. Бұл қасиетті қа­лыптастыру үшін біріншіден, тарихыңды, ті­ліңді, атадан балаға жалғасып келе жат­қан салт-дәстүріңді, әдет-ғұрпыңды, батыр­ларымыздың ерлігін, жанкештілігін білген жөн. Осы орайда өңірде бірқатар патриоттық-танымдық іс-шара өтуде. Мысалы, мектепте оқушылардың «Жас ұлан» ұйымы жұмыс істейді. Сондай-ақ Ұлы Отан, Ауған соғы­сының ардагерлері мен Чернобыль апа­­­тының қатысушыларының ерлігі туралы жас­­тардың қатысуымен кездесулер өтеді. Мұнан бөлек дөңгелек үстелдер, ше­берлік сағаттар, әскери қолданбалы өнер са­бақ­тары бар. Меніңше, біздің ең басты құндылығымыз – елдің тыныштығы, халқымыздың бейбіт­ өмір сүруі. Ал ел әскерінің беріктігі – соның кепілі.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: