Ел мүддесін бәрінен биік қойып, ізінен ерген ұрпағына ұлылығын көрсетіп, бір қауымға бас-көз бола білген ақсақал-аталарымыз бен ақжаулықты әжелеріміздің қашанда орны ерекше. Халқымыздың асыл қасиеттерінің бірі – үлкенді сыйлап, оның сөзіне құлақ асу. 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай Қонысбек Қазантаев атындағы мәдениет үйінде «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» атты салтанатты шара өтті.
– Ардақты ардагерлер, сіздерді «1 қазан – Халықаралық қарттар күні» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Аға буынның тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуына, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, бірлік пен татулықты, бейбітшілікті нығайтуға қосқан үлесі зор. Өскелең ұрпақ үшін сіздер адалдықтың, Отанға деген сүйіспеншіліктің, жеңіске деген өшпес ерік-жігердің үлгісісіздер! Құрылғанына 85 жыл толып отырған ауданымыздың тарихында сіздердің еңбек жолдарыңыз, қосқан үлестеріңіз алтын әріппен жазылып, кейінгі ұрпаққа жетіп отыр. Уақыт өтсе де ардақты ағалардың өнегелі де өрелі істері ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса бермек. Сіздер ауданның әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып жүрсіздер. Елді бірлікке, ынтымаққа шақырып, қазіргі қоғамда алдымызда ақылшы болып жүрулеріңіз біз үшін үлкен бақыт. Бүгінгі мерекелеріңіз құтты болсын! Дендеріңізге саулық, отбастарыңызға бақ-береке тілеймін, – деді аудан әкімі Ардақ Ибраимов.
Қазыналы қарттарымызды мерейлі мерекесімен құттықтаған аудан әкімі бірқатар ардагерге құттықтау хатын табыстады.
Бүгінде ауданда 4 мыңға жуық ардагер бар. Олардың 79-ы бастауыш ұйымдарында есепте тұрады. Аудан әкімдігі тарапынан ардагерлер ұйымы мен ардагерлерге әркез қолдау көрсетіліп келеді.
Мәселен, жыл сайын аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен ардагерлер спартакиадасы, ардагерлер арасында балық аулаудан жарыс, көркемөнерпаздар байқауы, түрлі мәдени-спорттық шаралар өткізіліп, ардагерлеріміз белсенді түрде қатысып келеді.
– Қазыналы қарттар – біздің басты байлығымыз. Бұл мерекенің маңызы да, мағынасы да ерекше. Жыл сайын әсем күзбен қатар келетін бұл мерекенің күз айында тойлануы да тегін емес. Себебі барлық өнім күз айында жемісін береді. Ал қазыналы қарттар – халықтың, ұлттың жемісі. Сіздер жүріп өткен жол – жас ұрпаққа өнеге, ұлағат. Бүгінгі мерекелеріңізбен құттықтаймын, – деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев.
Ол шарада кент ардагері Оспан Тәуекелұлы мен Аққұм ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қосым Жүсіпбекұлына «Қызылорда облысының Құрметті ардагері» төсбелгісін табыс етсе, ауыл шаруашылығы саласының ардагері, шежіреші Өміртай Кемелов, элеватор бастауыш ұйым ардагерлер кеңесінің төрағасы Ұлшара Салықбаеваға, және білім саласы бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Күлдәрай Пірімжанованы «Жалағаш ауданының құрметті ардагері» төсбелгісімен марапаттады.
Болашақтың даңғыл жолын даярлап, кейінгіге берер тәлім-тағылымдары мол қазыналы қарттарымызға арналған шара соңы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Өскелең ұрпаққа бағдаршам болған қазыналы қарттарымыз аман болсын!
Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!