Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

5°C

, Сенбі, 23 қараша, 20:59

Еңбегімен ел таныған озаттар

23.11.2024

54

0

«Amanat» партиясы Жалағаш аудандық филиалының ұйымдастыруымен сәрсенбіде мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргенов ауылындағы білім ордасында «Ауыл шаруашылығы еңбеккерлері» күніне орай ауыл жастарының еңбек озаттарымен тағылымды кездесу өтті.

Аталған шараның басты мақсаты – оқушылардың заман талабына сай дұрыс мамандық таңдауына бағыт-бағдар беру, әр мамандықтың қызығы мен қиыншылығы қатар жүретінін түсіндіру. Сондай-ақ оқушыларды ауыл шаруашылығына қажетті мамандықтар таңдауға бағыттап, еңбек адамдарының еңбек жолын дәріптеу.
Іс-шараны «Amanat» партиясы Жала­ғаш аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қаншагүл Мустафаева жүр­гізді. Оған әр ауылдағы іргелі ша­руа­қожалықта күрішші, бригадир, ме­ха­низатор, есепші сынды қызметті абы­роймен атқарып келе жатқан ел аға­лары қатысты.
Аталған жиында бүгінде немере сүйіп зейнет жасына шықса да, еңбек етіп жүрген ағаларымыз бен көпбалалы әкелеріміз жастарға еңбек еткеннің еңсесі биік екенін көрсетті. Шарада тек еңбек озаттарының қым-қуыт тірлігі ғана айтылып қоймай, отбасылық құн­ды­лықтар, отбасындағы әкенің рөлі, әкеге қарап бой түзеген ел ағалары ту­ралы да жастарға мол мағлұмат берілді.
Жиын барысында еңбек озаттары балалық шақтарына саяхат жасап, оқушыларға еңбек еткен жылдарында бастан кешкен қызықты шақтарын баяндады. Ал жастар жағы мамандыққа қатысты түрлі сауалдарына тұщымды жауап алып, еркін пікір алмасты.
Бұқарбай батыр ауылындағы «Бай­табын» ЖШС-ның күріш өсірушісі, өз саласының үздігі Алтынбек Тасбергенов бүгінгі шараның қадірлі қонағы. Ол 2019 жылдың қорытындысы бойынша күріш өсіруден әр гектардан 93 центнерден өнім алып, жоғары нәтижеге қол жет­кізген. Дала дарабозының бұл ең­бегі ақталып, «Лада» автокөлігі сыйға берілген. 35 жылдан бері ауыл­шаруа­шылық саласында қажырлы еңбек етіп келе жатқан ол бүгінде серіктестік эко­номикасының алға жылжуына зор үлес қосып отыр.
Ол шара барысында жастардың сан түрлі сауалына жауап беріп, әке жолын қуып осы саланы таңдағанын, күрішті қалай баптау қажеттігін де тілге тиек етті.
– Ата-анамыз ес білгеннен еңбекке ерте баулыды. Жастайымнан әкеме қолғабыс ете жүріп, күріш егудің оны баптапудың қыр-сырын үйрендім. күріш те бала секілді. Қалай баптап өсірсең, солай өнімін береді. «Күріш суымен ырыс» демекші, күрішті егіп болған соң, суға бастырамыз. Оын егінжайға орақ түскенше уақытылы суарып, күтіммен қараймыз. Күріш дұрыс шығуы үшін оны дұрыс суара білу керек. Себебі мол өнімге қол жеткізуде судың маңызы зор. Яғни күріштің шығымы берілген суына байланысты болады. ыстық күндері күріштің күтімін күшейтіп, көзіміздің қарашығындай қараймыз. Нәтижесінде Жер-Ана ырыс-несібемізді молынан береді, – дейді Алтынбек Тұрлыбайұлы.
Иә, ағамыздың сөзінің жаны бар. Баптай білгенге, жер жомарт қой. Бала жасынан ауыл шаруасына ерте араласқан ағамыз 35 жылдан бері дала төсінде тер төгіп, күрішпен сырласып, мол өнім жинаудың қыр-сырын жақсы білетін, егістік алқабында өнімі бітік майталман күрішші. Ол жастарға қандай салада жүрсе де адал еңбек етіп, үнемі ізденіс үстінде жүруді ескертті.
– Бүгінгі шәкірт – ертеңгі болашақ. Сондықтан олардың бүгіні мен ертеңі бәрімізді алаңдататыны рас. Жас ұр­паққа саналы білім беріп, оларға дұрыс бағыт бағдар беру тек ата-ана мен ұстаздарға ғана емес, барлығымызға ортақ міндет. Сол үшінде бұл шараның тәрбиелік мәні зор. Бүгінгі шара да ел ағаларымыз жас ұрпаққа үлкен ой салып, мамандықтарын қателеспей таңдауға түрткі болды деп ойлаймын, – деді Қаншагүл Шоңмұрынқызы.
Таң бозарғаннан иығына кетпен асынып егістікке қарай алып, тынымсыз еңбек етуден шаршамайтын шаруа адам­дары бойындағы табандылық пен жұмысқа деген құлшыныс бүгінгі жас­тарға үлгі.
– Иә, бүгін біз үшін өте маңызды та­ғылымды шара өтті. Әр ауылдан кел­ген ағаларымыздың еңбек жолымен танысып, өз мамандықтарының майтал­мандары екенін аңғардық. Бұл шараны ұйымдастырған «Amanat» партиясы мен келген қонақтарға оқушылар атынан үлкен алғысымды білдерімін, – деді мектеп оқушысы Гүлнұр Күмісбай.
Айта кетейік, шара соңында ең­бе­­гімен көпке үлгі болған озаттар «Amanat» партиясы Жалағаш аудандық филиалының алғыс хаттарымен ма­ра­патталып, бағалы сыйлықтар иеленді.


Ақтоты БҮРКІТБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: