Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

4°C

, Сенбі, 23 қараша, 21:00

Парасатты отбасы – парасатты қоғам негізі

23.11.2024

57

0

Қазақта «Отан – отбасынан басталады» деген дана сөз бар. Шынында, әр азамат үшін Отан деген ұғымнан кейін отбасы тұрады. Отбасы – Отанның әрбір мүшесін дүниеге әкеліп, қанатын қатайтып, ортаға қосатын маңызды орта. Сондықтан қоғамның парасаттылығы, еліміздің тәуелсіздігінің беріктігі тікелей отбасындағы берекеге байланысты.

Ауданымызда өнегесімен көпке үлгі боларлықтай, өсіп-өніп, саялы бәй­­терекке айналған отбасылар көп. Олар­­дың осындай күнге жетуінде әрине қазыналы қарттардың қажыр-қайраты, пайым-парасаты жатыр. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пі­шер» деген халықтың бүгінгі ұрпағы да отбасы деген қасиетті мекеннің қадірін қашырмауға тырысып келеді.
Осы орайда кенттегі Әл-Фараби атындағы №201 мектеп-лицейде «От­басы – мемлекет тірегі» атты та­ғы­­лымды іс-шара өтті. Іс-шараға аудандық қоғамдық даму бөлімінің бас­шысы Жасұлан Еспенбет, облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Байназарова, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық сая­сат жө­ніндегі комиссия хатшысы Қа­лам­қас Каримова, аудандық «Ұлағат» аналар кеңесінің, әйелдер кеңесінің мүшелері, кенттегі отбасылар, аудан жастары қатысты. Сондай-ақ жиын барысында «Парасатты от­басы» бай­қауының жеңім­паздары мара­патталды.
– Қазақ халқында «Ұяда не көр­сең, ұшқанда соны ілерсің» деген на­қыл сөзі бар. Осындай бірлігі мен берекесі таймаған, күннің шуағындай жылылығымен баурайтын отбасынан тәрбиеленіп шыққан ұрпақ болашақта ел қамын ойлайтын, білімді, білікті азамат болып қалыптасатынына еш шүбә келтіре алмаймыз. «Отбасының жемісі – тәрбиелі ұл мен қызы» де­гендей, кеудемізді керіп, мақтан етер ұрпағымыз көбейсін. Сол ұрпа­ғына мақтаныш болар қазыналы қарт­тарымыз көп болғай. Осындай тағылымды шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады, – деді аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Жасұлан Еспенбет.
Байқауға түрлі салада жұмыс істеп, ұрпақ тәрбиесінде ұлттық құнды­лық­тарды бала бойына сіңіріп, қоғамда үлгі болып жүрген отбасылар қатысқан. Аудан көлемінде өткен бай­қау­да жалпы 10 отбасы бақ сынап, бай­қау қорытындысымен үздік деп танылған отбасылар анықталды.
Байқау нәтижесінде жүлделі І орын­­­­ды Жанұза­қов­тар отбасы иеленсе, ІІ орын­­мен Жаңадария ауылының тұрғын­­дары Тұрғановтар отбасы, жүл­делі ІІІ орынмен Ахетовтер отбасы марапатталды.
Сондай-ақ «Өнегелі отбасы» но­ми­нациясына Мырзабай ахун ауы­лы­­ның Арунұлы әулеті, «Өнерлі от­басы» номинациясына жаңа­та­лап­тық Сарбалаевтар отбасы лайық деп танылды. Ал «Үлгілі отбасы» но­минациясымен Мәдениет ауылынан Бекетовтер отбасы марапатталды. Құр­мет төрінен көрінген «Парасатты отбасыларға» арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.
Тағылымды жиын республикалық «Шуақты шақ» байқауының бас жүлде иегерлерінің және аудандық «Ұлағат» аналар кеңесі мен аудандық әйелдер кеңесінің концерттік бағдарламасына ұласты.


Ж.Махмұтұлы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: