Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-1°C

, Сәрсенбі, 05 ақпан, 13:58

Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы

04.02.2025

47

0

Аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың қатысуымен «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» атты форум өтті. Форумды аудан прокуроры Шыңғыс Есжанов жүргізді. Форумның басты мақсаты – құқықтық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу, халықтың құқықтық сауатын арттыру, құқық қорғау органдарының қоғаммен бірлескен тиімді жұмысын нығайту мен қоғамдық қауіпсіздікті күшейтуге қажетті ортақ пікірді қалыптастыру.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақында ғана респуб­ликалық «Ана тілі» газетіне берген сұқбатында «Жастарымыз халқымыздың болмысына жат идеялардың жетегінде кетпесе, күй­зеліске түспесе, нигилизмге бой алдыр­маса екен деп тілеймін. Олардың белсенді, тәртіпті, білімпаз, еңбекқор бол­ғанын қа­лаймын» деп жастар арасындағы зиянды әдеттерге айрықша тоқталып өткен болатын.
Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда жас­өс­пірімдер арасындағы құқық бұзу­шы­лықтың алдын алу қоғам алдында тұрған басты міндеттердің бірі. Оның ішінде құқықтық сауаттылығын арттыру, заңсыз іс-әрекеттер жасаудан қорғау, заңға ба­ғынушы азамат ретінде тәлім – тәрбие беру заман талабы. Елімізде құқық қор­ғау органдарының тиімді жұмысының нәти­жесінде соңғы 5 жылда құқық бұзу­шы­лықтардың саны 30 пайызға азайды. Десе де, бұл әлі азайтуды қажет ететін маңызды көрсеткіш. Сондықтан да ауданымызда тұрақтылықты сақтау және әртүрлі бұзушылықтарды болдырмау бағытында барлық деңгейдегі құқық қорғау органдарының басшыларымен бірге ауқымды жиындар, түрлі кездесулер мен ашық қабылдаулар өткізіп келеді.
Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет бас­шысы 2025 жылды «Жұмысшы маман­дықтар жылы» деп жариялады. Ендігі кезекте, техникалық және кәсіптік білім беру ең маңызды мәселеге айналары сөзсіз. Өйткені, экономиканы өркендетуде білікті мамандардың қажеттілігі артады. Ауданда қазіргі еңбек нарығына қажетті мамандықтар атласы жоспарланып, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету, тау – кен өндірісі, техникалық мамандық пен ІТ саласы бойынша әлеуеті зор маман­дық­тарға бағытталады.
– Ел Президентінің 2025 жылы 9 сы­ныпты бітірушілердің жұмысшы және орта буын мамандықтары бойынша білім алуы­на ниетті жастарды 100 пайыз тегін кәсіптік біліммен қамту тапсырмасына орай ау­қымды жұмыстар ұйымдастырылуда. Жұ­мысшы мамандықтарға байланысты білім беру ұйымдарында онкүндік шаралар ұйым­дастырылуда. Колледжге жұмысшы мамандықтарға гранттар берілуде. Осы­лайша, жұмысшы мамандықтарды дә­ріп­теу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маманды қалыптастыра аламыз. Жыл қо­рытындысымен аймағымыздың әлеу­меттік-экономикалық дамуында оң тен­денция қа­лыптасып, оның ішінде білім саласына қомақты қолдау көрсетіліп отыр, – дейді аудан әкімі Ардақ Ибраимов.

Айта кетейік, 2022 жылы «Балалар жылы» аясында 200 орындық Оқушылар Үйі мен 50 орындық Өнер мектебі пайдалануға берілді. Сонымен қатар, «Ауыл ел бесігі» жобасы аясында 428,9 млн. теңге бөлініп, Бұқарбай батыр ауылындағы №33 орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстары, облыстық бюджеттен 78,0 млн. теңге бөлініп Таң ауылындағы №118 орта мек­теп аумағын абаттандыру жұмыстары жүр­гізілді. «Қазақстан халқына» қоры есебінен 250 млн теңге қаржы бөлініп, кент орталығында орналасқан №201 мектеп-лицейінің материалдық-техникалық база­сын жаңарту және педагогтарды оқыту жұмыстары жүргізілген.
Қай қоғамда болмасын, қашанда ұр­пақ тәрбиесі – өте өзекті. Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтай отыры­сында өскелең ұрпақтың тәрбиесі – өте маңызды мәселе екенін айтып, кеңінен тоқталған болатын. Президентіміз Ұлттық құрылтайда «Ұрпақ тәрбиесіне ықпал ете­тін шараларға баса мән беруіміз керек. Бұл салада кемшіліктер көп екені жасы­рын емес. Мектептегі тәрбие жұмысы ақ­сап тұр. Соңғы кезде оқушылардың бір-біріне қысым, зорлық-зомбылық, әлім­жеттік көрсетуі жиі болып кетті. Кейде балалардың қатыгездігі жан түршіктіреді» – деген болатын.
Расында, бұндай жағдайлар соңғы уа­қыт­тарда біздің ауданымызда да орын алуда. Бұған дейін білім саласына және тәрбиеге қатысты бірнеше рет өткен кеңей­тілген мәжілістерде өзекті мәсе­лелер талқыланып, тиісті шараларды қа­был­дау бойынша нақты тапсырмалар бе­рілді. Мемлекет басшысы: «Мектеп – білім­нің ғана емес, тәлім-тәрбиенің ор­дасы. Ба­ланың бойына біліммен қатар адам­гершілік құндылықтарды сіңіру – ұстаздың міндеті. Осыған орай балабақ­шадағы және мектептегі тәрбие ісіне бәріміз қоғам болып мән беруіміз керек, сондай-ақ белсене атсалысуымыз қажет» – деген болатын.
Қай заманда болмасын қоғамның қоз­ғаушы күші – жастар. Жастардың сапалы білім алып өз ісінің маманы болуы тек жеке адамдардың ғана емес, тұтас елдің мерейі. Форум соңында оқушылардың тұщымды пікірлері тыңдалып, көкейтесті сұрақтарына жауап берілді.

Ақтоты БҮРКІТБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: