Жалағаш – діни ғұрыптары мен халқымыздың байырғы салт-дәстүрі сақталған берекелі өңір. Осыдан 4 жыл бұрын қасиетті Рамазан айы қарсаңында, ұлтымыздың ұлық мерекесі ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында 900 орындық «Иманқұл» мешітінің жаңа ғимараты мен 300 орындық асханасы ел игілігіне пайдалануға берілген болатын.
Тарихқа көз жүгіртсек, аудан орталығындағы ескі Иманқұл мешітінің де ғасырдан астам шежіресі бар. Мешітті жалағаштық Иманқұл Жалмағамбетов ХХ ғасырдың басында өз қаражаты есебінен салдырған. Мешіт құрылысы 1905 жылы басталып, 1909 жылы аяқталған. Мешітті Ресейден келген орыс құрылысшылары салып, Кеңес үкіметі тұсында да халыққа қалтқысыз қызмет еткен. Бұл кезде мешіт мектеп, кинотеатр, мәдениет үйі, спорт мектебі де болған.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Иманқұл мешітін 1998 жылы сондай бір қиын кезеңде аудан әкімі Қожахмет Баймаханов күрделі жөндеуден өткізіп, қайтадан мешіт ел игілігіне пайдалануға берілген. Ал 2017 жылы «Туған жерге тағзым» жобасы аясында жеке кәсіпкер Ерлан Ізбасқанұлының демеушілігімен Иманқұл мешітінің жаңа ғимаратының және 300 орындық асхана құрылысының іргетасы қаланып, 2021 жылы пайдалануға берілді.
Халқымыздың қанына сіңген асыл қасиеттерінің бірі – жаны жабырқаған жандарға жақсылық жасап, қамқорлық көрсету емес пе?! «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» демекші, біз тілге тиек етіп отырған жеке кәсіпкер Ерлан Сағынбаевтың аудан тұрғындарына жасаған игі амалдары көп. Ол халықтың мұң-мұқтажына көңіл бөліп, азық-түлікпен қамтамасыз етіп, ұлттық ойындар ұлықталған мерекелік шаралар да жеңімпаздарға демеуші де болып келеді.
– Мешіттің асханасында қазіргі таңда 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Мұнда құдайы ас, ауызашар, құран оқыту сынды шаралар мешіт имамдарының қатысуымен шариғат талаптарына сай өткізіледі. Ас мәзірі халықтың қалауына қарай дайындалады. Өзіңізге белгілі, жақында ғана облыстық ардагерлер кеңесінің кеңейтілген алқа отырысында ысырапшылдыққа жол бермеу мақсатында жаңа ас мәзірі бекітілді. Бізде бүгінде бұл мәзір бойынша дастархан дайындаймыз. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» демекші, ата-баба рухына құран бағыштап, олардың аруақтарын қастерлеу – артында қалған ұрпақтың міндеті. Ал біз аудан тұрғындарына осындай игі амалдарды жүзеге асыруына көмектесеміз, – дейді мешіт асханасының әкімшісі Медина Қайратқызы.
Иә, жақында ас беру мәдениеті мен жаназа, жерлеу рәсімдерін бір ізге түсіру үшін жаңа ас мәзірі бекітілді. Сыр өңірінің бас имамы Дастан Құрманбаев «Жаназа мен жерлеу рәсімдерін бірізге түсіру және ысырапшылдыққа жол бермеу» тақырыбында насихат айтып, зират басына зәулім ескерткіш, сәнді қоршаулар салуға болмайтынын атап өткен. Сондай-ақ марқұмды жерлеуде астатөк дастархан жаймауға үндеу де жасады. Жаназадағы ас мәзіріне ет немесе палау, нан өнімдері, қаймақ, жент, майсөк, шай, қант, кәмпит, құрма, су және шұбат кіреді.
Ардагерлер діни дәстүрде жоқ марқұмның қонақасын алыстан келген қонақтармен шектелуге, жаназа намазы мен марқұмның жылдық асына дейінгі ас беруде ақша мен шапан таратпауға және жаназа намазын міндетті түрде мешіт имамдарының қатысуымен өткізуге шақырды. Мұнан бөлек зәулім зираттар мен қымбат құлыптастар, руға бөлініп, бейіт тұрғызбауға, қаза болғаннан бастап қырқы, жүзі, жылдық ас беру кезінде бекітілген ас мәзірін қатаң сақтауға үндеу жасалды. Бұл – құптарлық бастама. Тіпті дәл осындай тыйымдар той-томалаққа да қажет. Себебі ас та төк ас, жалпы астамшылық бізде тек құдайы аста ғана емес, той-томалақта да орын алып жатқанын көріп жүрміз.
– Азық-түлікті күнделікті қала орталығынан немесе жергілікті жердегі дүкендерден балғын күйінде сатып аламыз. Асхана 300 адамға дейін қызмет көрсетуге қауһарлы. Адам санына қарай қосымша аспазшылар мен көмекшілерді жұмысқа шақырамыз. Асханадағы астың, сатын алынған өнімнің сапасы тікелей өзімнің бақылауымда. Барынша халыққа тиімді бағада қызмет етеміз, – дейді Медина Қайратқызы.
Иә, асхананың тынымсыз тіршілігін бізде көзімізбен көріп қайттық. Таңмен таласа оянып келген қызметкерлердің тілдесуге бір минут уақыты да жоқ. – Қазіргі таңда асханада 8 аспазшы бар. Барлығы өз ісін білетін білікті мамандар. Өзіңіз көріп тұрғандай, асханада санитарлық талаптар қатаң сақталған. Таң сәрімен ерте келіп, ас мәзіріне сай тағамдарды дайындаймыз. Бауырсаққа дейін өзіміз қуырамыз. 1 күн бұрын дайындап қою деген жоқ. Барлығын ерте келіп дастарханға балғын күйінде қоямыз. Аллаға шүкір, бүгінге дейін тұрғындар тарапынан алғанымыз тек алғыс қана. Ол әрине аспазшылардың адал еңбегінің жемісі деп білемін, – дейді Медина Қайратқызы.
Иә, таң сәріден бері тынымсыз зыр жүгіріп жүрсе де, мұнда қабақ шытып жүрген бірде-бір жанды көрмедік. Барлығы жылы жүзбен, бір-біріне жанашырлықпен көмектесіп, халыққа адал қызмет етуде. Сірә, мамандыққа адалдық деген осы шығар, бәлкім?!
Ақтоты БҮРКІТБАЙ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!