Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

10°C

, Сенбі, 22 ақпан, 13:29

Бірліктен береке тапқан

11.02.2025

193

0

Түсауа редакцияның тілшілер тобы Бұқарбай батыр ауылдық округіне жолға шықтық. Мақсат – ауыл тынысымен танысу. Ауданға қарасты елді мекенде қазір қандай жобалар жүзеге асуда? Ауылға арнайы атбасын бұрып келген себебіміз де осы сауалдың түйінін тарқату еді.

Батыр атындағы ауылға бүгінге дейін бірнеше рет ат ізін салғанбыз. Әр са­па­ры­мызда мұндағы халықтың ауыз­біршілігі мығым екенін байқап, ел еңсесін тіктейтін жобалармен танысатынбыз. Ауыл әкімінің міндетін уақытша атқарушы Сейілбек Оспанқұловтың айтуынша, елді мекенде биыл көптің қуанышын еселейтін ауқымды істер мен жарқын жобалар қолға алынбақ.

11 көше жөнделіп,
16 көшеге жарық жүреді

Әңгімені «әуелі сүйіншілейтін хабар­дан бастайын» деген Сейілбек Қал­ды­бай­ұлы ауылдағы сапа­сы сын көтер­мей­тін жол мәселесі биыл шешемін та­ба­тынын жеткізді. Аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың халықпен кездесулерінде мұндағы халықтың айтатын бар талап-тілегі де осы жол мәселесі болатын. Ауылдағы ағайынның мәселесін ес­керусіз қалдырмайтын аудан әкімі өткен кездесулерде «Мен үшін халықтың мәселесі бірінші орында. Сондықтан мүм­кін­дігінше елді мекенде қордаланған мә­се­лелерді шешуге жұмыс жасаймын. Ел болған соң мәселе де болады, оның бәрін бір мезетте шешіп тастау мүмкін емес, барлығын кезең-кезеңімен шешуге тырысамыз. Мүмкіндік болып жатса, ба­рынша сіздердің талап-тілектеріңізді орын­даймын» деген еді.
Иә, бұлай деу кез келген әкімнің қолынан келеді. Бірақ оны орындау ше? Оған да Ардақ Әбдіғаппарұлының жүрдім-бардым қарамағанын байқау қиын емес. Былтыр мұндағы 5 көшеге «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жоба құны – 181 млн 592 мың теңге. Ал биыл 11 көшеге, атап айтсақ, Т.Үр­кімбаев, Н.Оспанқұлов, Ким Яков, П.Әл­пейісов, С.Айтуаров, Ә.Досымбетов, Ә.Бер­дәулетов, С.Байқадамов, Қ.Сейтов атындағы көшелер күрделі жөндеуден өтпек. Жеңімпаз мердігер мекеме анық­­талып та қойған, қаржыландыру жұ­мыс­тары бітсе, жоба қолға алынбақ. Мұнан бөлек, құны 170,2 млн теңгеге 16 көшеге жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі деп жоспарлануда. Бұл жобаға да жоба сметалық құжат әзірленіп қойған. Сондай-ақ ауыл тұрғындарын көгілдір отынмен қамтамасыз ету мақсатында биыл газ құ­бырын жүргізуге құжаттандыру жұмыс­тары жүргізілуде.
Былтыр Бұқарбай батыр ауылындағы №33 орта мектепке «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 428,9 млн теңге қаржы бөлініп, күрделі жөндеуден өтті. Ал өңір­лерді дамыту бағдарламасы аясында 6,7 млн теңгеге Абай көшесіне темір шарбақ орнатылып, 1,2 млн теңгеге күл-қоқыс жоюға арналған полигон қоршалып, бейнебақылау камералары орнатылған. Сондай-ақ елді мекенді көркейту-көгал­дандыру, абаттандыру жұмыстарына 1 млн, санитарлық тазалықты қамтамасыз етуге 1 млн теңге қаралған. Ауылдық мәдениет үйі ғимаратын күрделі жөндеуден өткізуге 3 млн теңгеге жоба сметалық құжат жасалып, мемлекеттік сараптамадан өткізілген. Ал жобаның жалпы құны 131,9 млн теңгені құрайды.
Ауылды дамыту мақсатында демеу­шілер есебінен атқарылып жатқан жаңа жобалар қатары да көбейген. Мәселен, ауылдағы «Жаңару» ФҚ-ның қолдауымен Ким Яков көшесіне 2 млн теңгеге тас төсеу жұмыстары жүргізіліпті. Бірлік болса, тірлік болатынын естен шығармайтын ауыл азаматтары өткен жылы «Мелиоратор» және «Байтабын» ЖШС-ның жеке қара­жаты есебінен ауылға балалар ойын алаңы мен ипподром салған. Ал «Мелиоратор» ЖШС-ның жеке қаражаты есебінен 10 млн теңгеге Бұқарбай батыр атындағы мешітке жөндеу жұмыстары жүргізілген. Тізе берсек, ауылды көр­кейтуде ілкімді жо­балар мұнымен шек­тел­ме­ген.

Кәсіпкерлік қарқын алған

Жалпы батыр атындағы ауылда 1900-ге жуық халық бар. Мұнда кәсіпкерлік саласында серпін қалыптасқан. Былтыр 4 адам қайтарымсыз грантқа қол жет­кізген. Осыдан-ақ ауылдағы ағайынның кә­сіпкерлікті дамытуға бағытталған мем­­лекеттік бағдарламаларды тиімді пай­даланып отырғанын аңғардық. Оның бірі – кондитерлік өнімдерді дайындап, ауылдағы ағайынның той-томалақ, қо­нақасы сынды дастарханына түрлі тәт­тілер пісіру, мерекелік кештерге торттар да­йындаумен айналысқан. Ал 2 тұрғын сүт өнімдерін өндіруді қолға алыпты. Бірі түйе бағып, шұбат сатса, екіншісі – сиыр сауып, сүт , айран, құрт дайындайды. Тағы бір азамат шаштараз ашып, халыққа қызмет етуде. Яғни мектеп жасындағы ер балалардан бастап ауыл үлкендеріне де­йінгілердің шашын қиып, табыс тайқазанын ұлғайтқан. Кәсіпкер ауыл азаматтарымен ғана шектелмей, көршілес ауылдардағы ағайындарға да тұрақты қызметін көрсетіп келеді.

Ауылдағы алтын ұя

Биылғы жаңа оқу жылын ауыл мектебі 322 оқушымен бастапты. Оның ішінде 34 оқушы мектеп табалдырығын алғаш аттап отыр. Директордың орынбасары Гүлнар Үсейінова жалпы бастауыш сы­ныпта 119 оқушы білім алатынын айтты. Олардың ыстық тамақпен қамтылуында ешқандай мәселе жоқ. Мұны білім оша­ғының басшы­сы өз бақылауына алған.
Былтыр мектепті 17 оқушы тәмамдаған. Олар­дың 15-і ҰБТ-ға қатысқан. Нәтижесін тар­қатсақ, 13 түлек еліміздегі маңдайалды жо­ғары оқу орындарында мемлекеттік грант­пен білім алуға қол жеткізген. Ал 4-еуі ақылы оқуға құжат тапсырған. Яғни былтырғы түлектер 100 пайыз жоғары оқу орнында білімін жетілдіруге мүмкіндік алды. Гүлнар Үсейінованың айтуынша, биыл білім ошағын 16 түлек тәмамдайды. 2-еуі «Алтын белгіге», 2-еуі «Үздік ат­тес­татқа» үміткер. ҰБТ-ға түлектер тү­гел қатысуға ниетті. Дайындық күндіз-түні үз­діксіз жүр­­гізілуде. Түлектердің басым бө­лігінің таң­дауы «Жаратылыстану» ба­ғы­тында. Мектеп оқушылары пәндік олим­пиада, ғы­лы­ми жобаларда да үлкен жетіс­тікке жету­де.

Салаға серпін берген спорт кешені

Ауылда чемпиондар мекеніне айналған «Байтабын» спорт кешені жұмыс жасайды. Жалпы құны 112 млн теңге болған спорт кешені «Байтабын» ЖШС-ның демеушілігі арқылы салынып, 2021 жылы ел игілігіне берілген. Қазіргі таңда спорт кешенінде еркін күрес үйірмесіне 66 бала қатысады. Ауыл балаларының бос уақытын тиімді ұйымдастыруға арналған нысанда жыл санап чемпиондар қатары артып келеді. Мұнда 2 жаттықтырушы жұмыс істеп, аудандық, облыстық, республикалық тур­нирлер өткізіп, ауыл жастарын спортқа тұрақты қатыстырып тұрады. Мәселен, 2022 жылы оқушылар арасындағы 70 елден 4000 оқушы бақ сынаған дүниежүзілік гимназияда аталған спорт кешенінде шыңдалған Нұрдәулет Маратұлы чемпион болды. 2023 жылы 9 бала облыстық деңгейдегі жарыста чемпион атанып, республикалық жарыста 1 күміс, 1 қола қоржынға салды. Ал былтыр 6 спортшы облыстық чемпионатта, 11 спортшы республикалық турнирде жеңіске жеткен. Жалпы мұндағы 30-дан аса бала республикалық жарыста жеңіс тұғырынан көрінген.
16 өзге ұлт өкілі тұрады

Айта кетейік, бүгінде ауданда 14 ұлт өкілі, 254 жалағаштық бірлігі мен ынтымағы жарасып ғұмыр кешуде. Олардың тілі басқа болғанымен тілегі бір, жүзі басқа болғанымен жүрегі бір. Қазақ халқымен бір нанды бөлісіп жеп, бір үйдің баласындай етене араласып, қыз берісіп, қыз алысып құда болып отырғандар да бар. Бұқарбай батыр ауылына жасаған сапарымызда татулықты ту етіп, ынтымағы жарасқан шешен ұлтының өкілі Мәжиевтер отбасының шаңырағында қонақта болдық. Бүгінде бұл елді мекен шешен, кәріс, орыс тағы да басқа ұлт өкілдерінің тағдырын бір арнаға тоғыстырып, тату-тәтті өмір сүріп келеді. Яғни мұндағы 16 отбасы өзге ұлт өкілінен.
Мәжиевтер әулетінің қарашаңырағына барғанымызда әріптесім екеумізді жылы жүзді бір ана қарсы алды. Өзің осы үйдің отанасымын деп таныстырған Дагман Мәжиева бізге төр мен адал асын ұсынып, қонақжайлығын көрсетті. Қазақтың салт-дәстүрінен жаңылмайтынын аңғарған біз Дагман апайдың ыстық бауырсағынан дәм таттық. Үй шаруасында отырғандықтан уа­қытының басым бөлігін ас үйге арнайтын ол күнделікті тағамдардан бөлек мерекелік жиындарда бешбармақ, бауырсақ, наурыз көже дайындағанды жақсы көретінін айтты.
– Менің де ұлтым – шешен. Отағасы екеуміз 1984 жылы отау құрдық. Аллаға шүкір, 2 ұл, 4 қызымыз бар. Олар жоғары оқу орнында білім алып, бүгінде елге елеулі қызмет етуде. Қыздарым тұрмыста, ұлымның үлкені де отау құрды. Келініміз де шешен ұлтының қызы. Ұлым ауылдағы «Жансая» шаруа қожалығында жұмыс істейді. Кенже ұлымыз Исламға қазақ қызын алып беріп, қазақтармен құда болу ойда бар, – дейді отанасы Дагман апай.
Бос уақытында әкесіне қолғабыс ете­тін Ислам Мәжиев – гір спортынан ау­дан абыройын асқақтатып жүрген үздік спортшылардың бірі. Ол бүгінге дейін гір спортынан әлемді, Азияны бағындырған. Ислам гір тасын көтеруден бөлек, көкпарға да қатысдаы. Ол ауыл атынан шығатын ауданаралық жарыстарда чемпион болған шабандоздар қатарында. Спортшы мұнан бөлек волейбол, футболдан да осал емес. Аудан құрамасымен бірге талай жарыста төбе көрсеткен.
Әулеттің отағасы Салам ағай – еңбек адамы. Айтуынша, ата-анасы кезінде мал ша­руашылығымен айналысқан. Әкеден қал­ған игі істің ізін қуған Салам ағай да ер­теректе атакәсіпті жандандырып, 2007 жыл­дан бастап ауылдағы «Байтабын» ша­руа қожалығына механизатор болып ор­наласқан. 18 жыл техника тізгіндеген Салам ағай жастайынан еңбекке етене араласып, техниканың қыр-сырына қанық­қан.
– Таңмен таласып техникаға отырғаннан кешке дейін тыным таппай шаруада бола­мыз. Ауылда демалатын уақыт жоқ. Егіс­тікті қореткендіру, жер жырту, астық жинау сынды жұмыстарды атқарамыз. Бір шаруа бітсе, келесісі дайын тұрады. Ал шаруаның бәрі уақытылы жасалуы қажет, – дейді бі­лік­ті механизатор.
Мамандығына адалдығы үшін кейіп­керіміз шаруа қожалықтың тәжірибелі ме­­ханизаторы атанып, жыл сайын түрлі ма­рапатқа ие болған. «Бір жылдығын ойлаған дән егеді, он жылдығын ойлаған тал егеді, мың жылдығын ойлаған ұрпағына білім нәрін егеді» демекші, кез келген істе төккен тер жауапсыз, нәтижесіз қалмайды. Бастысы, адал жұмыс жасау керек. Сұқбат барысында Салам ағай да балаларына үнемі адал қызмет етіңдер деп айтып отыратынын жеткізді. «Ұлтым басқа болса да, жүрегім – қазақ» дейтін Салам Мәжиев қазақ халқының дәстүрі мен мәдениетін ерекше құрметтейді.

Ерін ұлықтаған ел

Жалағаш жұрты өткенін ұлықтап, өшкенін қайта жаңғыртуда салтынан жаңылған емес. Бұл сөзімізді ғибратты ғұмыр иесіне тағылымға толы өмір жолын жас ұрпаққа насихаттау мақсатында 2023 жылы еңбек және тыл ардагері Мыхан Ерниязовтың 130 жылдық мерейтойының кең көлемде аталып өткені қуаттай түседі. Мерейтой қарсаңында ауыл орталығынан Мыхан Ерниязұлы атныдағы саябақ ашылып, қайраткердің бюс­ті қойылды. Сонымен қатар ғылыми-танымдық конференция өтіп, «Сәулелі ғұ­мыр» атты кітаптың тұсауы кесілді. Ата жолын жалғаған ұлағатты ұрпақтың елге сыйы атшабардағы спорттық шаралармен жалғасын тапты. Қайраткерді еске алуға арналған мерейтой қарсаңында ұлттық спортымыз ұлықталып, спортшылар қазақ күресі, ат жарыс, көкпар ойыны бойынша сынға түсіп, жеңімпаздарға қаржылай сый-сияпат үлестірілген еді. Сол уақыттан бері ауылда әлі де мұндай шаралар үзілген емес.

Музей – көне жәдігерлер ордасы

Ауылға арнайы келгенде батыр атын­дағы тарихи үйдің босағасын аттап, құнды жәдігерлермен танысып қайтуды жөн көрдік. Тасын түртсең, тарихы сөйлейтін Жалағаш топырағы – тарихи ескерткіштерге бай киелі өлке. Ақсақалы баталы, ұрпағы ақылды, көпұлтты елді мекен ретінде ерекшеленетін Бұқарбай батыр ауылының орталығында тарихи құндылықтар ордасына айналған музей де орналасқан.
Бұл ғимарат батырдың 180 жылдық мерейтойы қарсаңында ашылып, 200 жыл­дық мерейтойы қарсаңында му­зей ғимараты қайта жасалған. Музей экс­позициясында Бұқарбай батырдың өмірі мен жорық жолдарынан сыр шертетін жә­дігерлер, Орынбор, Ташкент, Алматы қалаларындағы мұрағаттардан алынған құжаттардың көшірмелері, қару-жарақтар коллекциясы сынды құнды жәдігерлер сақ­таулы. Сондай-ақ ауылға еңбегі сіңген, елі үшін қызмет еткен тұлғалардың да суреттері мен пайдаланған заттары сақталған.
– Музейде тарихтан сыр шертетін көне жәдігерлердің ішінде Бұқарбай батырдың күмістен жасалған жеке мөрі, шашақты туы мен таза болаттан жасалған қайқы қылышы бар. Батырдың сөзін растайтын мөрдің ортасында арап әріптерімен жазылған «Бұқарбай баһадүр» деген мағынаны біл­діретін сөз бар, – дейді музей қызметкері Мереке Алдабергенқызы.
Иә, Бұқарбай батыр атындағы тарихи үйдің төрінде батырдың талай дұшпанын ажал құштырған таза болаттан жасалған қайқы қылышы да ілулі тұр. Қаншама уақыт өтсе де сыны кетпеген, жүзі әлі де өткір, аталған жәдігердің ешбір жері шірімеген. Кешеге дейін пайдаланылған дүние тәрізді қаз-қалпында сақтаулы. Ағаштан жасалған қылыштың салмағы да ауыр. Жәдігердің жалпы ұзындығы – 80 см, сабының ұзындығы – 13 см, жүзінің ені – 3 см.
Атадан балаға мұра болып қалған асыл қазыналарымызды сақтап қана қоймай, оны насихаттап, жастардың бойына тарихымыздың өткені мен бүгінін сіңіріп жүрген Бұқарбай батыр атындағы музей – тұнып тұрған тарих, жәдігерлер мекені. Бүгінгі сапарымыздан түйгеніміз еңбекпен еңсе тіктеген елді мекеннің тірлігі тындырымды, шаруасы ширақ.

Ақтоты БҮРКІТБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: