Аққұм ауылында былтыр 7 ауыл тұрғыны мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз грантқа ие болып, өз кәсібін бастаған. Солардың бірі – Гүлжайна Жамалова. Ауылға арнайылап атбасын бұрын келген соң, кәсіпкердің кәсібімен танысуды жөн көріп, ауласына аялдадық.
Барсақ, мемлекеттік бағдарламаның арқасында бүгінде кәсібін ұлғайтып, ризық-несібесін тауып отырған кәсіпкер келіншек күннің суығына қарамай, жолдасымен бірге қорада сиырларына жем-шөбін қамдап жатыр екен.
Кәсіпкер келіншек мал шаруашылығы бағытында, дәлірек айтқанда, сүт бағытында мал басын көбейту кәсібі негізінде былтыр 1 млн 380 мың теңге қайтарымсыз грант иеленген. Ол қаржыға 4 бас бұзаулы сиыр сатып алып қорасына қамаған. Кәсіпкеріміз оған дейін 2020 жылы көпбалалы ана ретінде 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие арқылы 1 млн 800 мың алып, 6 бас бұзаулы сиыр сатып алған.
Кәсіпкеркер келіншектің күнделікті жұмысы таңерте ерте тұрып, қорасындағы 7 сиырды сауу. Алған сүтті тұрғындарға бір күн сүттей, бір күн айран қылып ұйытып, одан қалды құрт пен қатық істеп сатады.
– Кәсіпті бастаудағы мақсатымыз – төрт түліктің басын көбейтіп, сол арқыыл ет, сүт өнімдерін өндіру. Ауылда сүт өнімдеріне сұраныс жоғары. Сиырларды күніне бір мезгіл сауамын. 7 сиырдан 15 литр сүт алып отырмын. Ауыл тұрғындарын сүт, айран, құрт, қатық, сары маймен қамтамасыз етемін. Одан бөлек, көршілес ауылдар мен қаладан да арнайы тапсырыспен алатын тұрақты тұтынушыларым бар. Қыстың күні көбіне тұтынушылар сүзбе мен құрт сұрайды. Қолымнан келгенше ата-баба кәсібін жалғастыра беремін. Себебі Зеңгі баба түлігін өсіру ешқашан сұраныстан шықпай, үнемі өнім беретін кәсіп түрі, – дейді жас кәсіпкер Гүлжайна Талғатқызы.
Аққұмдық кәсіпкердің тындырымды тірлігін көріп, ата кәсіпті жандандырған отбасыға дән риза болдық. Бала-шағасының несібесін төрт түліктен айырып, қанатын кеңге жаюды көздеген оның бүгінде мақсаты айқын.
Әңгіме барысында алғашқыда кәсіп бастауға қорқып, жүрексінгенін жасырмаған ол кейін кәсібі алға басқанда қорқынышы сейіліп, одан әрі дамытуға деген құлшынысы арта түскенін айтты. Кейіпкеріміздің өзі ауылдың қызы болғандықтан кішкентайынан малға қарап өскендіктен, ата кәсіпті қолға алу аса қиындық туғызбаған. Оған бүгінде ержеткен ұлдары мен жолдасы жәрдем беруде.
– Мен Гүлжайнаның тұрақты тұтынушысымын. Күнделіккті балғын күйде қою сүтімен ара-тұра сары май, құрт алып тұрамын. Ешқандай қоспасыз, таза істейтіндіктен Гүлжайнаның өнімі отбасымызға қатты ұнайды. Бағасы да қалтаға қонымды. Жыл он екі ай бойы сүтін, қыста құртын, жазда айранын алып тұрамын. Сырттан жақын ағайындарымыз ауылға келеміз десе, ауылыдң дәмін сағынған болар деп, Гүлжайнаға молырақ құрт пен сары майға тапсырыс беріп, ағайындарымызға беріп жіберуді әдетке айналдырғанбыз, – дейді ауыл тұрғыны Мақпал Зарлықова.
Иә, тұрақты тұтынушы Гүлжайна кәсіп басталғалы дүкеннің сүтін ішуді қойғанын айтады. Оның қолынан шыққан өнімдерін жаппай ауыл тұрғындары сатып алатындықтан, алдын ала тапсырыс беруге келіп тұр екен.
Кішкентай кезінен ата-анасының жанында жүріп еңбекке ерте араласқан кәсіпкер келіншек алдағы уақытта да мал басын көбейтуді көздеп отыр. Оның бар жоспары келешекте сүт және сүт өнімдерін шығаратын шаруашылық құру. Балаларының жарқын болашағы үшін бойдында күш-қуат пен жігері бар да ерінбей еңбек етіп, кәсібінің кірісін арттыру. Бүгінде 6 бала тәрбиелеп отырған көпбалалы анның балаларының жарқын болашағы мен отбасының қамы үшін жасап жатқан бүгінгі тірлігі көпке үлгі екені рас.
– Кәсіпті әркім әртүрлі ниетпен бастайды. Біреу тез байып ктесем екен дейді. Ал кейбіреуі жұрттың тапқан табысына қызығып бет бұрады. Менің ойымша бұл кәсіппен малды жақсы көретін адам айналысқаны жөн. Ал менің бұл салаға келудегі басты мақсатым – атакәсіпті жалғастыра отырып, балаларыма табиғи өнім ұсыну. Сондай-ақ екі қолға, бір күрек таппай отырған жандар мен аулыда жұмыс жоқ деп қалаға сарпылған жастарға үлгі болу. Кез келген адам кәсібіне адал болып, еңбектенген де ғана мақсатына жетеді, – дейді кәсіпкер келіншек.
«Әрекетке – берекет» демекші, бүгінде кәсіпкер келіншек қораға 15 сиры жинап үлгерген. Ол малға керекті жем-шөпті көбінен ауыл тұрғындарынан ара-тұра қаладан да алдырып тұратынын айтады. Айтуынша жыл сайын малдың азығы қымбаттауда. Әйтсе де кейіпкеріміз бұл кедергіге еңсесін түсірмей, кәсібінің жұмысын ширатып, табыс тайқазанын арттыруда. Ата кәсіпті жандандырып, тындырымды тірлік істеп отқан Гүлжайнаның кәсібі осындай.
Ақтоты БҮРКІТБАЙ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!