Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде коммуналдық және өнеркәсіптік қалдықтарды басқару мәселелері талқыланды. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты.
Өңірде коммуналдық және өнеркәсіптік қалдықтарды басқару бағытында жұмыс жасайтын 24 кәсіпкерлік субъектісі бар. Өткен жылы жиналған 303 мың тонна коммуналдық қалдықтың 91 мың тоннасы, 135 мың тонна өнеркәсіптік қалдықтың 107 мың тоннасы өңделді. Мемлекет басшысының ірі қалаларда қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттар салу тапсырмасына сәйкес «Жасыл Даму» акционерлік қоғамымен бірлескен жұмыстар атқарылуда. Тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару саласында 42 млрд. 504 млн. теңгеге 9 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
Облыс орталығында 41 млрд. 200 млн. теңгеге 3 жоба қолға алынып, инженерлік инфрақұрылым желілері жеткізілген. Оңтүстік Корея технологиясы бойынша құны 9 млрд. 535 млн. теңге болатын қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, өңдеу және кәдеге жарату зауытының құрылысы басталды. Онда жылына 300 мың тонна қалдықты сұрыптау, қалдықты өртеу арқылы электр энергиясын өндіру көзделуде.
Мамыр айында шыны ыдыстар өндіру жобасын бастау жоспарланған. Жылына 220 млн. дана бөтелке шығаратын зауытқа шикізат ретінде республика аумағынан жинақталатын шыны қалдықтары қолданылмақ. Одан бөлек, қала аумағындағы тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және өңдеу жобасының құжаттары әзірленуде.
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!