Футболдан Қазақстан кубогы топтық кезеңі екінші турында тағы үш ойын өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Аталған турдың екінші ойын күнінде В тобында Қызылорданың «Қайсары» тағы да жеңіске жетті.
Бұл жолы қызылордалық футболшылар сырт алаңда Петропавлдың «Қызылжарын» 2:1 есебімен сүріндірді. Бұл топтағы «Ақжайық» (Орал) пен «Каспий» (Ақтау) кездесуі 17 шілдеге белгіленген. Ал С тобында қостанайлық «Тобыл» өз алаңында «Ақтөбені» 2:1 есебімен жеңді.
Осы топтағы «Тараз» өз алаңында Түркістан облысының «Мақтаралынан» 4:2 есебімен басым түсті. Нәтижесінде «Тараз» алты ұпаймен көш бастаса, одан кейінгі орындардағы «Тобыл» мен «Мақтаралда» үш-үштен ұпайы бар. Әзірге ұпайға қол жеткізе алмаған «Ақтөбе» көш соңында тұр.
Еске салсақ, 15 шілдеде А тобында алматылық «Қайрат» сырт алаңда «Атырауды» 3:2 есебімен тізе бүктірді. Енді аталған топта 17 шілдеде «Ордабасы» (Шымкент) пен «Ақсу» (Павлодар облысы) командалары кездеседі. D тобында елордалық «Астана» қарағандылық «Шахтер» (Қарағанды) командасынан 5:2 есебімен басым түсті.
Енді аталған топта 17 шілдеде «Тұран» (Түркістан) пен «Жетісу» (Талдықорған) командалары шеберлік байқасады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!