Президенттік жастар кадр резервіне іріктеудің келесі кезеңіне 7 мыңнан астам кандидат өтті, деп хабарлайды Zhalagash-zharshysy.kz мемлекеттік қызмет істері агенттігіне сілтеме жасап.
Бүгін құжат қабылдау аяқталды. Бір айдың ішінде 31 859 адамнан өтініш түскен. Олардың ішінен 7 436 кандидат іріктеудің келесі кезеңіне жолдама алды. Үміткерлердің орташа жасы 31-де, ал орташа еңбек өтілі 8,9 жылды құрайды. Үштен бір бөлігінде басқару тәжірибесі бар.
4147 кандидат мемлекеттік қызметте жұмыс істейді. Ал қалған 3 289 адам басқа салаларда еңбек етіп жүр.
Білім деңгейі:
бакалавриат- 4 741 адам;
магистрант – 2 550 адам;
доктор – 145 адам.
Сондай-ақ кандидаттар арасында 863 шетелдік жоғары оқу орындарының түлегі, 306 «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты, 238 Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлегі бар.
«Іріктеудің келесі кезеңіне жіберілген кандидаттар 2025 жылғы 15 шілде сағат 23:59-ға дейінгі мерзімде «Мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау» тестілеуіне жазылуы қажет. Жазылу мүмкіндігі өтінімнің қабылданғаны туралы хабарлама алған сәттен бастап қолжетімді», – делінген ресми хабарламада.
Жобаның pkrezerv.gov.kz ресми сайтындағы жеке кабинетте тестілеудің уақытын таңдауға болады.
Айта кетері, президенттік жастар кадр резервіне іріктеу осымен төртінші рет өтіп отыр.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!