Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

26°C

, Сәрсенбі, 16 шiлде, 00:02

Спортты серік еткен сұлу

15.07.2025

27

0

Алматы облысында «Alatau – 2025» халықаралық чемпионат өтті. Жеңіл атлетикадан әуесқойлар мен ардагерлер арасында өткен жарысқа елімізден өзге Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан, Болгария, Беларусь және Украинадан арнайы жеңіл атлеттер келген. Аталған жарысқа ауданымыздан «Наркескен» спорт клубының спортшысы Гүлдана Қаппарова қатысып, жеңіс тұғырынан көрінді.

Байрақты бәсеке елімізде биыл төртінші рет ұйымдастырылған. Жарыс халыққа салауатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортпен айна­лысуға шақырады. Жарыс жолына 18 жастан бастап, 80 жастағы қарияға дейін шыққан. Спортшылар жас ерек­шеліктеріне қарай бірнеше топқа бө­лініп, өзара мықтыны анықтады. Олар 100 метрден 5000 метрге дейін жекелей сынға түсіп, биіктікке, қашыққа секіру, найза лақтыру сынды спорт түрлерінен өзара жүлделерді сарапқа салды.
Кейіпкеріміз Гүлдана Әділханқызы жарысқа 45-49 жас ерекшелігі бойынша қатысып, найза лақтыру, ядро лақтыру, балға лақтыру, және ұзындыққа се­кіру­ден қарсылас шақ келтірмеген. Ал 100 метрге жүгіру кезеңінде мәреге Ре­сей спортшысынан кейін келіп, ІІ орынға тұрақтаған. Ал Қазақстан бо­йын­­­ша бірінші келіп, алтын медаль иеге­рі атанған. Сондай-ақ 40-45 жас ерек­­шелігіне қарай бөлінген топта ұзын­­дыққа секіру сайысында рекорд жаңартты.
– Бұл спорт түрімен айналысып ке­ле жатқаныма 10 жылдан асты. Жал­­пы жеңіл атлетика кез келген жас­­та қолжетімді. Бұл спорт түрі көп қа­­ра­­жатты талап етпейді. Менімен бір­ге күнде отбасым да жүгіруді әдет­ке айналдырған. Кешегі халықаралық чем­пионатта жеңіске жете­тініме се­нім­ді болдым. Өйткені ауыл­да жү­ріп тың­ғылықты дайындық жүргіз­дім. Бұл уақытқа дейін қатысқан жарыста­рымнан жиған тәжірибем бар. Жарысқа қатысуға бір ай бұрын тіркелдім. Алай­да жарыс жақындаған күндері аз­дап сыр­қаттанып, әлсіреп қалдым. Десе де алдыма қойған мақсатыма жету үшін жарыс алаңына шықтым, – дейді ол.
Гүлдананы спорт саласына ең алғаш алып келген жаттықтырушы – Мақсұт Қарақұлов. Ол жеңіл атлети­кадан бірнеше мәрте ҚР чемпионы атанып, әр ауыл, ауданнан жас ерек­шеліктеріне қарай шәкірт шыңдаған. Білікті маман кейіпкеріміздің жүгіруге бейімділігін бірінші болып байқап, оны 26 жасынан бері осы спортқа қатыстырған. Гүлдананың қазіргі жат­тық­тырушысы, алғашқы ұстазы – Мақ­сат Қарақұловтың баласы Жандос Қара­құлов. Әкесінің жолын таңдаған білікті бапкер де бұл салаға серпін беріп, еңбек етуде.
Гүлдана Әділханқызы – бұған дейін­де бірнеше спорт түрінен талай мәрте аудан абыройын асқақтатып, жеңіс төрінен көрінген спортшы. Ол – бес асық­тан мұғалімдер арасында бірнеше мәрте асығы алшысынан түскен ҚР жеңім­пазы.
Сондай-ақ бірнеше спорт түрін қам­титын Президенттік көпсайыстан да жеңіс тұғырынан көрініп келеді. Ол – Президенттік көпсайыс бойынша Қы­зылорда құрамасының мүшесі. Бұл сайыс жазғы және қысқы болып екіге бөлінеді. Кейіпкеріміз жазғы сайысына қатысып, жекелей ұзындыққа секіру, лақтыру, қашықтыққа жүгіру сынды сайыстардың жеңімпазы атанған. Қы­зыл­орда облысының аудандары ара­сында өтетін «Алтын күз» спартакиа­дасынан жеңіл атлетика бойынша 15 жылдан бері жеңімпаз атанып ке­леді. Ол тек жеңіл атлетикамен ғана емес, дзюдо спортымен де айналы­сады. Бұл спорт түрінен ҚР спорт ше­беріне үміткер. Әкесінің қолдауымен бас­тапқыда каратэ, таеквандо, одан кейін дзюдоға келген. Қазіргі таңда Мәдениет ауылындағы №14 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 15 жылдан бері шәкірт шыңдауда. Ол 22 ауыл баласын жас ерекшеліктеріне қа­рай екі топқа бөліп, аталған спорт түрі бойынша дайындайды. Оның шәкірттері бүгінде үздіктер қатарынан көрініп, чемпионаттарда бақ сынауда. Биыл 2 шәкірті спорт шеберіне үміткер атағын орындаған. Сондай-ақ олар чемпионаттармен қатар халықаралық турнирде де топ жаруда. Аядай ғана ауылдан дзюдо спорты бойынша ҚР чемпиондары мен Азия чемпиондарын шығарған білікті бапкердің еңбегі зор.
Мұнан бөлек оның шәкірттері қа­шық­қа жүгіру сайысына да тұрақты түрде қатысып, «Ең үздік жүгіруші» но­минациясын иеленген. Әрине, жеңістің үлкен еңбекпен келетіні айтпаса да белгілі. Мойынға тағылған медальдың артында қаншама тынымсыз еңбек, үздіксіз жаттығу мен сенім артқан жақындарының қол­дауы тұр. Ол өзін осы спортқа бау­лып, жарысқа дайын­даған жаттық­тыру­шыларына, қолдаған жақындары мен демеушілерге алғысын жеткізді.


Ақтоты БҮРКІТБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: