Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

17°C

, Сейсенбі, 16 қыркүйек, 17:37

«Шаңырағым – шаттығым» атты тағылымды кездесу кеші өтті

16.09.2025

11

0

16 қыркүйек күні облыстық білім саласы ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен Отбасы күніне орай «Шаңырағым – шаттығым» атты тағылымды кездесу кеші өтті. Шара Отбасы орталығында ұйымдастырылып, өңіріміздің білім саласының ардагерлері мен қадірменді қонақтар бас қосты.

Мерекелік кештің мақсаты – отбасылық құндылықтарды дәріптеу, үлгілі отбасыларды ұлықтап, жас ұрпаққа өнегелі тәрбие беру, ұстаздар әулетінің ұлағатты өмір жолын насихаттау.

Кеш басталар алдында ғимараттың кіреберісіне қызыл жол төселіп, ардагерлер мен қонақтар той иелерін ыстық ықыласпен қарсы алды. Әсем әуен әуелеп, зал мерекеге сай безендірілді.

Салтанатты шараның шымылдығын жүргізуші Ғалым Башарұлы ашып, отбасы – қоғамның берік негізі, ұрпақ сабақтастығының алтын діңгегі екенін атап өтті.

Бұл күні зал төрінен үш отбасы – ұстаздық жолда ғана емес, отбасылық өмірде де үлгі болып келе жатқан Гауһар және Алтын той иелері орын алды.

Гауһар той иелері – Баукенов Абай Баукенұлы мен Мәлібекова Күлайхан Мәлібекқызы.
Олар 60 жыл бір шаңырақ астында ғұмыр кешіп, 5 қыз, 2 ұл өсіріп, 21 немере, 15 шөбере сүйіп отырған өнегелі отбасы. Екеуі де ұзақ жылдар №156 Н.Бекежанов атындағы мектепте ұстаздық етіп, талай шәкірт тәрбиелеген ұлағатты жандар.

Алтын той иелері – Махамбет Жеткербай мен Зейнегүл Шеңгелбайқызы.
1970 жылы шаңырақ көтерген жұп бүгінде 4 ұл, 3 қыз тәрбиелеп, 30-ға жуық немере, 5 шөбере сүйіп отыр. Махамбет ағай – ұстаз әрі жазушы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Зейнегүл апай технология пәнінің мұғалімі ретінде көптеген шәкіртін өнерге баулыды.

Алтын той иелері – Жүсіпбеков Қайрулла мен Нұрымбетова Айткүл.
1975 жылдан бері жұптасып, ұстаздық қызмет атқарып келе жатқан бұл отбасы бес бала тәрбиелеп өсірген. Бүгінде 25 немеренің ардақты ата-әжесі атанып отыр.

Кеш барысында ұстаздар әулетінің өмір жолынан сыр шертетін слайдтар көрсетілді, әжелер ансамблі «Дударай» әнін орындап, қатысушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Қаламқас Каримова, Облыстық білім саласы қызметкерлерінің кәсіподақ төрайымы Есқалиева Гүлнар Бабабекқызы құттықтау сөз сөйлеп,
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Қызылорда облыстық филиалы директорының орынбасары Ахетова Жанар Абдрайханқызы Гауһар және Алтын той иелеріне неке куәліктерін табыстады.

Шара барысында ардагер ұстаздармен шағын сұхбат ұйымдастырылып, олардың отбасы құрудағы, бала тәрбиесіндегі тәжірибелері мен естеліктері тыңдалды. «Ескірмеген махаббат», «Әкешім – асыл адам», «Асыл жарым» әндері орындалып, кештің мазмұнын байыта түсті.

Соңында ұйымдастырушылар барша қонақтарға алғыс білдіріп, отбасылардың шаттығы мен бірлігін тілеп, естелікке суретке түсті.

Бұл кеш – отбасы құндылықтарын насихаттайтын, ұстаздар әулетінің өмір жолы арқылы жастарға үлгі көрсететін тағылымды жиын болды.

Облыстық білім саласы ардагерлер кеңесі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: