Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

16°C

, Сәрсенбі, 08 қазан, 12:50

Өрт сөндіруші Дулат

07.10.2025

35

0

Қызыл жалынның ортасында жүріп, біреудің жанын ажалдан арашалап қалу – нағыз батырлық. Төтенше жағдай туындағанда қауіптен қашпай, тіршілік тыныштығын қамтамасыз ететін – өрт сөндірушілер. Ең қауіпті мамандықтың бірі болғандықтан бұл сала батылдық мен өжеттікті талап етеді. Себебі бұл маман иелері көбінесе үлкен апатпен бетпе-бет келеді. Оларды бүгінгі күннің батыры десек, артық болмас. Өрт сөндірушілердің бір күндік жұмыс барысы қалай өрбитінін көзбен көріп, танысу мақсатында таңмен таласып, әріптесім екеуміз аудан орталығында орналасқан №11 өрт сөндіру бөліміне арнайы атбасын бұрдық.

Кейіпкеріміз Дулат Алтынбек – №11 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөн­дірушісі, құтқарушы, азаматтық қорғау сержанты. Ол 2015 жылдан бастап өрт сөндіруші болса, 2017 жылдан бас­тап аға өрт сөндіруші болып қыз­мет жа­сауда. Осындай жауап­кер­ші­лігі мол ма­мандықты абы­рой­мен ат­қа­рып жүр­ген Дулат адам өмірін апат­тан аман алып қа­лу мен өртті ауыз­дықтауда адам­зат ба­ласына кө­мек­те­суді қыз­мет­тік мін­дет емес, азаматтық парыз деп қа­был­дайды.
– Өрт сөндіру – жүректілердің ма­ман­­­дығы. Бұл салаға кез келген адам кел­мейді. Біздің қызмет өжеттілік, ба­тыл­дық пен төзімділікті талап етеді. Құт­қару қызметінің әр күні қауіп-қатерге толы. Соған қарамастан жұ­мы­сым өзі­ме қатты ұнайды. Кейде шақыртулар түскен кезде бойды үрей билейтіні рас. Алайда біздің сала­да қорқақтыққа орын жоқ. Әр күн сайын үйде ата-анам мен жұбайым аман­ды­ғымды тілеп оты­рады. Солардың ба­тасы да күш сый­лайтын болуы ке­рек, өзім сенімді түр­де қызметіме кірісемін. Ең бастысы, орын алған жағдайға қай уақыт, қандай жерде болсын сақадай сай тұру азаматтық борышымыз екенін ұмыт­пай­мыз. Өрт – күтпеген сәтте орын алатын апат. Мұндай кезде басты мақ­­сат – адам өмірін құтқару. Сол се­беп­ті әр шақырту біз үшін үлкен жауап­кер­шілік екенін жақсы білеміз. Бір адам­ның емес, бірлікке негізделген команданың жұ­мысы. Әріптестеріммен иық тіресіп, та­лай қауіпті жағдайдың алдын алдық, – дейді жас құтқарушы.
Бір сәт қателік жіберуге келмитін бұл қызмет қырағылықты талап ете­ді. Өрт сөндірушілердің өмірінде түр­лі оқиғалар болады, бірақ кейбір сәт­тер ерекше есте қалады. Нағыз батыр­лық осындай сын сағаттарда байқалады. Сұхбат барысында кейіп­керіміз өрт сөн­дірушілер кез келген уақытта, қан­­дай жағдай болсын адам өмірін құт­қаруға дайын екенін жеткізді. Олар күнделікті кезекшілікке шыққан уақытта түрлі жағдайлармен бетпе-бет келіп, тосыннан тұтанатын қызыл жалынмен арпалысып, өз өмір­лерін қатерге тігіп, өзгелерді құт­қарады. Кейіпкеріміз оқыс оқиға орын алған жағдайда қою түтін арасында қозғалып, жүгіріп, секіру, салмағы 20 келі болатын шланганың өзін ұстап жүру кейде қиынға соғатынын жеткізді.
– 2021 жылдың қараша айы бо­ла­тын. «А.Ізтілеуов көшесі бойын­да­ғы бір үйден өрт шығып жатыр» де­ген ха­барлама түсті. Біз дереу оқи­ға ор­нына жеттік. Сол сәтте өртті толық та­ратып алмай, адамдарды қауіп­сіз жер­ге шығаруды ойладым. Жа­рылыс қаупін болдырмау үшін тез арада газ баллонын қауіпсіз ай­­маққа алып шықтым. Абырой бол­­ған­да, адамдар аман қалып, өрт дер кезінде ауыздықталды. Өрт тілсіз жау болғанымен өздігінен пайда болмайды. Ол көп жағдайда адамдардың ұқып­сыз­дығынан, бейқамдығынан шығып жатады. Адамдарды өрт қауіпсіздігін сақ­тауға шақырып, алдын алу жұмыс­та­рын жүргізсек те мән бермей жатады, – дейді өз саласының майталманы.
Оның бұл ерлігі – жай кездейсоқтық емес, нағыз кәсібиліктің көрінісі. Жыл­дам шешім қабылдап, өз өмірін қа­терге тіге отырып, адам қауіпсіздігін қамтамасыз еткен өрт сөндіруші сол оқиға үшін ҚР Төтенше жағдайлар ми­нистрлігінің арнайы алғыс хатымен ма­рапатталған.
Уақытпен санаспайтын мамандық иелерінің әр күні қарбаласқа толы. Олар­­дың жұмысы ешқашан жеңіл бол­­­ған емес. Бір сәтке босаңсуға бол­май­тын бұл мамандық иелері үшін әр ша­қыр­ту – жаңа сын.
Айта кетейік, бөлімде кезекші құ­рам­мен бірге күн­делікті сабақтар жүр­гі­зіледі. Бұл сабақтар барысында қыз­меткерлер төтенше жағдай орын ал­ған кезде қалай әрекет ету керектігін үй­ренеді. Өрт шыққан сәтте үйлесімді жұ­мыс жасау, өрт таралуын тоқтату жол­дары пысықталады. Сонымен қатар құ­­рал-жабдықтармен дұрыс жұмыс жа­сау жөнінде арнайы нұсқаулықтар өт­кізіледі. Әр қызметкер қауіпсіздік ере­­желерін жақсы білуі қажет. Мұндай са­бақтар өрт сөндірушілердің кәсіби да­йындық деңгейін көтеріп, кез келген жағ­дайда батыл да шапшаң әрекет ету­ге үйретеді.
– Күнделікті дайындық біз үшін мін­­­детті. Себебі дабыл қағылғанда сас­­­қа­лақтамай, әркім өз жұмысын жақ­­сы орындауы керек. Бірі су бер­се, бірі құтқару жұмысына кіріседі. Бұл са­лада қызмет етіп жүргенімді мақ­та­нышпен айтамын. Тұрғындарды құт­қарып, олар­­дың алғысын ал­ғанда өрт сөндіру ба­рысында кез­дескен қиыншылықтың бә­рі әп сәт­те ұмытылып кетеді. Адам­дар­дың аман­дығы үшін, өртті дер ке­зінде ауыз­дық­тау қызметтік міндетім ға­­на емес, бала күннен бергі мақсатым, – дейді кейіпкеріміз.
Қашан және қай уақытта өрттің бо­ла­рын алдын ала ешкім дөп басып ай­та алмайды. Аудан көлемінде бұл ма­мандық иелері тілсіз жаумен бетпе-бет келіп, қиын сәтте тұрғындарға қал­т­қысыз қызмет етіп келеді. Бейбт күн батырларының батылдығы баға­лы, еңбегі құрмет пен алғысқа лайық. Біз қалам тербеп отырған кейіпкеріміз қандай қиыншылық кездессе де жігер­лі­лік танытып, төтенше жағдайға тос­­­­қа­уыл қоюда. Тұрғындар өмірін құт­­­­қа­руда ерен еңбек етіп жүрген құт­қа­ру­­­шылардың бұл жұмысы ер­лік­пен па­ра-пар. Олар қа­шанда тұрғындар үшін қыз­­­метін мін­сіз атқарып, ел алдындағы ма­­­ңызды мис­сиясын жалғастыра бер­мек.
Гүлжан ЕСЖАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: