2022 жылдың 21 шілдесіне дейінгі Тереңөзек, Жалағаш, Жосалы кенттері тұрғындарының коммуналдық төлемге, яғни көгілдір отынға берешегі барлар көбейген. Жасыратыны жоқ, бүгінгі қоғамдағы көрінбейтін мәселенің бірі – қарыз. Коммуналдық қарызды төлеуге кейбірінің шынымен жағдайы болмаса, енді бірі бар бола тұра, сараңдық танытады. Мұны біз тұтынушылардың жалпы коммуналдық төлемдерге берешегін зерттеу барысында білдік.Берешекті азайту мақсатында кенттерде рейд жүргізілуде.
Игілігіне коммуналдық қызмет түрлерін пайдаланып, кейін төлеміне келгенде салғырттық танытатын тұрғындардың басым бөлігі – көгілдір отынға қарыз. Былтыр ғана «газ келді, жаз келді» деп бөркін аспанға лақтырған ағайын бүгінде сол жаққан газының төлемін өтеуге келгенде түрлі сылтау айтып, кейінге қалдырады. Қарызы бар тұтынушылармен тікелей жұмыс жасайтын үш кенттің абонент бөлімі мамандарының айтуынша, мұның бәрі тұрғындардың төлем мәдениетінің қалыптаспағанының кесірі. Төлем тәртібіне сай, әр айдың 25-не тұтынушы кәсіпорынға келіп, есептесіп тұрса болғаны. Ол кезде ешқандай күштеудің не сотқа сүйреудің қажеті де болмайды.
Жалпы берешегі бар тұтынушыға бірінші айда ескерту беріледі. Келесі айда газ жүйесінен ажыратылады. Төлемеген тұтынушыны сот арқылы өндіру үшін сотқа қағаз жолданады. Көбіне тұтынушы ескерту, өшіру, сотқа дейінгі талап-арызға қол қоймай бас тартады. Ондай кезде комиссия құрамындағы екі бақылаушы мен менеджер қол қойып, сотқа жолдана береді. Кейде үйіне кіргізбей шу шығаратын тұрғындар болады. Мұндай жағдайда да комиссия құрамындағы 3 адаммен газ жүйесінен ажыратыландығын ескертеміз. Қарызы барлармен арнайы жұмыс жасайтын қызметкер бар . Олар алғашқыда үй егесіне түсіндірме жұмысын жүргізіп, ескерту хат тастайды. Уақыт береді. Егер межелі мерзімде төлем өтелмесе, көгілдір отын жүйесінен ажыратылады.
Сондай-ақ Тереңөзек, Жалағаш, Жосалы кенттерінің ШЖҚ «Қызылорда газ тарату жүйесі» КМК қызметкерлері «Тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу және пайдалану қағидаларын бекіту туралы» жауапты ведомствоның бұйрығына сай жұмыс жасайды. Бұл бұйрық «Газ және газбен жабдықтау» Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 9-қаңтардағы Заңының 6-бабы, 14-тармақшасына сәйкес шығарылған. Аталмыш Қағиданың 62-бабында жеткізуші тұтынушыны алдын ала хабардар ете отырып, газ беруді мынадай жағдайда тоқтатады. Бірінші, тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу шартына сәйкес берілген тауарлық және сұйытылған мұнай газы үшін дебиторлық берешегі болған жағдайда. Екіншіден, газ тарату немесе газ желісі ұйымының өкілдерін газ құбырларына, газ жабдығы мен есепке алу аспаптарына жібермеу. Оған қоса, 63-қағидасына сәйкес, газ беруді қайта бастау осы қағидалардың 60 және 62-тармақтарында аталған газ жеткізуді тоқтатуды тудырған себептерді тұтынушы жойғаннан кейін, және газды бөлшек саудада өткізу шартына сәйкес тұрақсыздық төлемінің берешегі өтелген соң жүргізіледі.
Ал жоспарлы қосатын күн туралы газ тасымалдау, газ тарату немесе газ желісі ұйымы тұтынушыны газ беруді қайта бастау туралы шешім қабылданған күні хабардар етеді. Тұтынушы ажырату себебі жойылғаннан кейін газды беруді қайта бастаудың шекті мерзімі бес жұмыс күнінен аспайды.
Әрине кінәнің бәрін халыққа артып қоюға да болмайды. Қолында болса, кім мойнына қарыз артқанды тәуір көреді дейсіз? «Жомарттың қолын жоқтық байлайды» демекші, кейде әлеуметтік деңгейдің төмендігі мен жұмыссыздықтың салдары қолды байлайтыны жасырын емес. Айналып келгенде нарық заманының талабына бағынбай өмір сүру де қиын. Дейтұрғанмен «үйдегі есепті, базардағы нарық бұзар» демекші, қалай десек те қарыз – одан құтылу парыз екенін әсте шығармаған абзал. Бос уәдеге иланған кәсіпорын қызметкерлері көгілдір отынды төлемақысы өтелмеуіне байланысты сөндіруге барғанда, қарғап-сілеудің қажеті шамалы. Өйткені, қарызды қадағалаушы әрбір бақылаушыға көше кезіп, ең кемі 1000 абоненттің үйін аралап шығу оңай шаруа емес. Сондықтан да игілікке пайдаланған коммуналдық қызметтердің өтемін мерзімінен бұрын өтеуге асығайық, ағайын!
Ескерту: «Халық банк», Kaspi.kz мобильды қосымшалары арқылы үйден шықпай-ақ, кезекке тұрмай-ақ төлем жасауға болатындындығын хабарлаймыз.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!