Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-8°C

, Сәрсенбі, 17 желтоқсан, 19:23

Апостиль – құжаттарды халықаралық деңгейде танудың жеңілдетілген тәртібі

17.12.2025

10

0

Қазіргі таңда азаматтардың шетелде білім алуы, еңбек етуі, некеге тұруы немесе мүліктік құқықтарын жүзеге асыруы жиілеп келеді. Осындай жағдайларда Қазақстан Республикасында берілген ресми құжаттардың шет мемлекеттерде заңды күшке ие болуы аса маңызды. Бұл мәселе апостиль қою арқылы шешіледі.

Апостиль – 1961 жылғы 5 қазанда қабылданған Гаага конвенциясына қатысушы мемлекеттер арасында ресми құжаттарды заңдастырудың жеңілдетілген нысаны болып табылады. Қазақстан Республикасы аталған Конвенцияға қосылған, сондықтан елімізде берілген құжаттарға апостиль қойылған жағдайда, олар Конвенцияға қатысушы өзге мемлекеттердің аумағында қосымша консулдық заңдастырусыз танылады.

Апостиль құжаттың мазмұнын емес, оны берген органның немесе лауазымды тұлғаның қолының түпнұсқалығын, сондай-ақ мөрі мен бланкінің сәйкестігін растайды. Яғни апостиль – құжаттың шынайылығын куәландыруға бағытталған рәсім.

Қазақстан Республикасында апостиль қою өкілеттігі бірнеше мемлекеттік органға жүктелген. Атап айтқанда, сот актілері мен сот органдары берген құжаттарға апостильді сот органдарының уәкілетті құрылымдары қояды. Бұл азаматтардың сот құжаттарын шетелде пайдалануына мүмкіндік береді.

Апостиль қою тәртібі заңнамамен нақты регламенттелген. Азамат немесе заңды тұлға белгіленген өтінішпен жүгініп, тиісті мемлекеттік бажды төлейді. Құжат талаптарға сәйкес болған жағдайда, белгіленген мерзімде апостиль қойылады. Бұл рәсімнің ашық әрі түсінікті болуы азаматтардың құқықтарын тиімді іске асыруға ықпал етеді.

Айта кету қажет, апостиль барлық құжаттарға қойыла бермейді. Мысалы, дипломатиялық немесе консулдық сипаттағы құжаттар, сондай-ақ кейбір әкімшілік хат-хабарларға апостиль қолданылмайды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы апостиль қою туралы екіжақты келісім жасасқан мемлекеттер үшін бұл рәсім талап етілмеуі мүмкін.

Апостиль – азаматтардың халықаралық қатынастардағы құқықтық мүдделерін қорғаудың маңызды құралы. Оның дұрыс әрі уақтылы рәсімделуі құжаттардың шет елдерде кедергісіз қолданылуын қамтамасыз етеді. Осы тұрғыда апостиль институты құқықтық мемлекет қағидаттарын жүзеге асыруға қызмет етеді.

Жалағаш аудандық сот әкімшісінің

бас маман-аға сот приставы М.Алиякбаров

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: