Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-0°C

, Сейсенбі, 27 қаңтар, 17:33

МӘМС-ТЕГІ ЖЕМҚОРЛЫҚ:
МӘСЕЛЕ ҚАЛАЙ ШЕШІЛМЕК?

27.01.2026

9

0

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылғалы бері басынан дау арылған емес. Өйткені кейбір азаматтардың бұл жүйеге көңілі толмайды. «Ай сайын жалақыдан ұсталады. Бірақ барып ем алып жатқанымыз шамалы. Сонда аударылған қаржы қайда кетеді?» дейді ғой олар. Оның үстіне денсаулық үшін деп аударып жатқан қаржыңыз келер жылға өтпейді. Тіпті белгілі бір жағдайға байланысты бір ай медициналық сақтандыруға қаржы аударылмаса, төлем жасалғанша сіз сақтандырылмаған деген санатқа енуіңіз ғажап емес.

Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаев әлеуметтік-меди­цина­лық сақ­тан­дыру қорын Қаржы ми­нистр­лі­гінің қара­мағына беру туралы Үкі­мет шешімін қол­дады. Алайда мұндай қадамға не се­беп болды? Қолдағы бар дерек көз­деріне сүйенсек, Премьер-министр Мем­лекет бас­­шысының бюд­жет тәртібін кү­шейту жө­ніндегі тап­сырмасын орындау мақ­са­тында 2025 жылғы 18 желтоқсанда Қар­жы ми­нистрлігіне тапсырма берген. Өз ке­зе­гінде Қаржы министрлігі Әлеу­мет­­тік ме­дициналық сақтандыру қоры­ның (ӘМСҚ) қызметіне талдау жүргізген. Ашы­­ғын айтқанда, аудиттік тексеріс жа­­са­ған.

Ел естімеген талай «қызық» бар

Аудит барысында кейбір ер адам әйел­­дерге арналған скринингтен өткен де­ген дерек анықталған. Ашығын айт­қан­да, пациенттің жынысына ­сәй­кес кел­­мейтін скринингтердің 769446 жағ­дайы тіркелді. Ол үшін ­меди­ци­на­лық ұйым­­­­дарға 1,8 млрд теңге ау­да­рыл­ған көрінеді. Мәселен, Аikyn.kz-ке жа­рия­­­лан­ған Елдос Сенбайдың «Ақ ха­лат­­­ты» қаржыгер медицинаға пана бо­­ла ма?» атты мақаласында 768827 ер адам әйел ауруларына (жа­тыр мой­­­ны обырына) скринингтен, 619 ер адам мам­­мограммадан өтті деп көр­­­се­­­тіл­гені жайлы ақпарат бар. ­Ал­ма­­­ты об­лы­сын­­дағы тек бір аудандық ау­­ру­ха­нада осын­дай 11123 жағдай анық­та­­­лыпты. Айт­пақ­шы, аудит жа­сан­ды ин­­­те­­лект ар­қылы жүр­­гізілген деген де мә­­­лі­­мет бар.
Осы жылдың 21 қаңтарында өткен Үкі­мет отырысында бұрын жүргізілген ақ­­параттық медициналық жүйелерді тал­­­дау нәтижелері бойынша тиісті тек­се­­рулер басталып кеткені және кінәлі­лер­­дің жауапқа тартылатыны ­ай­тыл­ды. «Қа­ражатты пайдаланудың ашық­­­­ты­ғы мен тиімділігін қамтамасыз ету үшін биыл­­ғы 1 шілдеге дейін МСӘҚ ­ақ­­­па­рат­­­­тық жүй­есін Денсаулық сақ­тау ми­­­нистр­­­лігі жүй­есі­не енгізу тап­сы­рыл­ды», – де­лін­ген Рri­merminister.kz сай­тын­­­да.

Қаржы министрі не дейді?
Осы жылдың 16 қаңтарында Үкімет басшысы Олжас Бектеновке Қаржы ми­нистрі Мәди Такиев Әлеуметтік ме­ди­ци­­­налық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) қыз­­метіне жүргізілген талдаудың қо­ры­дын­­сын баяндады.
Талдау қорытындысы бойынша Қар­жы министрі бюджеттік шығыстардың өсуі­не қарамастан (2026 жылы осы мақ­­­­саттарға арналған шығыстар 2,4 трлн теңгені құрайды, бұл 2020 жылмен са­лыс­тыр­ғанда 1 трлн теңгеге артық) Қор­дың тиімділігі артпай тұрғанын жет­кізген. Бұл ретте 2020 жылдан бе­рі жи­нақ­тал­ған ин­вестициялық табыс 588 млрд теңгені құ­­рады, оның ішінде тек 2025 жыл­дың өзін­де 195,9 млрд теңге болған. Тал­дау көр­сеткендей, қа­ражаттың едәуір бөлігі қор активтерінде жинақталады және ме­ди­циналық қыз­мет көрсетуге жұм­сал­май­ды.
– Талдау қосарланған қаржы­лан­ды­ру­­дың кең таралған 2 жағдайын анық­та­ды. Біріншісінде – жекеменшік меди­ци­­­­на­лық ұйымдардың жұмыс беру­ші та­­ра­пынан ерікті медициналық сақ­тан­ды­­ру бойынша және МӘМС қорының қа­ра­жаты есебінен бір мезгілде төлем алуы болса, екінші жағдайда – бір нау­қастың бір мезетте екі медициналық ұйым­­ның ба­­засында қатар тіркелуі, – де­ді Қаржы ми­­нистрі.
Тағы бір айта кетерлігі, салық орган­дары медициналық ұйымдардың бас­шы­ларына камералдық бақылау жүр­гізіп, олардың табыстары мен сатып ал­­ған мүліктеріне талдау жасаған. Нәти­же­сінде 2024-2025 жылдар аралығында 1465 басшы 5 мыңнан астам жылжы­май­тын мүлік объектісін сатып алғаны, 912 адамның 1416 автокөлік иеленгені анық­талды. Жекелеген басшылардың әр­қай­сысы 52-ден 124-ке дейін жыл­жы­майтын мүлік объектісін және 14-тен 24-ке дейін автокөлік сатып алған.
Сонымен қатар Қор мен Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйе­­лерінің, сондай-ақ нормативтік-құқық­тық базасының шашыраңқылығы на­зарға алынған. Пациенттер мен ме­ди­циналық ұйым­дар бойынша бі­рың­ғай деректер қо­рының болмауы қол­даныстағы нор­ма­тивтік базаның көп жағдайда ­халық­қа медициналық кө­мек көрсетудің түп­­­­­кі нәтижесіне емес же­келеген ұйым­дар­­­дың (МӘМС, «СК Фармация») ­қыз­мет­­­­теріне бай­ланыс­ты­­рылуына алып кел­­­ді. Меди­циналық ұйым­дардың мате­ри­­ал­дық-тех­­никалық ба­засы, жарақ­тан­­дырылуы және кадр­лық талап­та­ры бас­­тапқы рас­­­талғаннан соң одан ­кейін­гі ба­қылау іс жүзінде жүр­гі­зіл­мейді. Ба­қы­­лау­дың ал­­­дын алу тетік­тері құрыл­ма­­­ған, бұл меди­циналық ұйым­дар­дың ТМККК және МӘМС құ­ралдарын мақ­сат­­сыз пай­да­­ла­нуды дер уақытында бол­дыр­мау­ға мүм­кін­дік бер­мейді.

– Жүйеде үнемдеуге ынталандыру жолға қойылмаған: үнемделген қаражатты бюджетке қайтару құралдары қарастырылмаған. Тиімділікке емес, қаражатты игеруге деген мотивация орныққан. Тариф белгілеуде де белгілі бір проблемалар анықталды. Жүйеде 3 мыңнан астам тариф қолданылады, бұл медициналық қызметтерді әкімшілендіру мен бақылауды едәуір қиындатады, – деді министр.
Ұлттық құрылтайдың 5-ші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев МӘМС жүйесіндегі былықты қатаң сынға алып, миллиардтаған қаржының «қағаз жүзінде» ғана халыққа жұмсалып, іс жүзінде біреулердің қалтасына кеткенін баса айтты.
– Ел экономикасы үшін жұрт болып жұмылып жатқанда, әлеуметтік саланың қазынасындағы қаражатты тонап, құжаттарды қолдан жасағандар шықты. 2024-2025 жылдары медицинаға 7,8 триллион теңге (15,5 миллиард доллар) бөлінді. Ал сол қаржының басым бөлігі азаматтардың денсаулығын жақсартудың орнына, әлдекімдердің жеке мүддесіне қызмет еткен, – деген Президент осы былыққа жол бергендердің ешқайсысына аяушылық болмауы керектігін ескертті.
Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева 21 қаңтардағы Үкімет отырысында Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі Қаржы министрлігіне берілгенін мәлім етті. Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, құқық қорғау органдарымен бірлесіп «Заң және тәртіп» қағидатына сәйкес тексеру жүріп жатыр. Сонымен қатар жеке медицина және білім беру ұйымдарын қаржыландыру механизмдерін қайта қарау бойынша іс-шаралар жоспары бекітілді. Осы шараларды жүзеге асыру арқылы ашық әрі нәтижеге бағдарланған жүйе қалыптасады.
Несін жасырамыз, медициналық қорға бүтін бір мемлекет халқының денсаулығы тәуелді болып отыр. Аталған қорды Қаржы министрлігіне беру арқылы Үкімет бақылауды күшейтпекші. Екінші жағынан деректерді өңдеуді бір жерге шоғырландыруға ден қойған. Бұл дегенің енді қаржыгерлер емханалардың ісіне тікелей араласады деген сөз. Бұл іске салық органдарының қызметкерлері де араласуы бек мүмкін. Қабылданған шешімнің қаншалықты тиімді екенін уақыт көрсетеді.

Ә.ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: