Қазақстан Республикасының шет мемлекетпен (шет мемлекеттермен) немесе халықаралық ұйыммен (халықаралық ұйымдармен) жазбаша нысанда жасасқан және бір құжатта не өзара байланысты бірнеше құжатта рәсімделген, оның нақты атауына қарамастан, халықаралық құқықпен реттелетін халықаралық келісім.
Халықаралық шарт жасасу – белгіленген тәртіппен жүзеге асырылатын, халықаралық шарттың мәтінін қабылдау, оның түпнұсқалығын анықтау және Қазақстан Республикасының өзі үшін халықаралық шарттың міндетті екендігіне келісім білдіру процесі. Қазақстан Республикасының халықаралық шартқа қосылуы жағдайында да Қазақстан Республикасының өзі үшін халықаралық шарттың міндетті екендігіне келісім білдіріледі.
Халықаралық шарттардың түрлері
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары:
Қазақстан Республикасының атынан жасалатын шарттар;
Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан жасалатын шарттар;
Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдарының (бұдан әрі – Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдары) атынан, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған өз құзыреті шегінде шет мемлекеттермен және (немесе) халықаралық ұйымдармен жасалатын шарттар.
Конституцияға сәйкес келетін Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары және өзге де халықаралық міндеттемелері Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқығының құрамдас бөлігі болып табылады.
Азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін сот арқылы қорғауды қамтамасыз етуде халықаралық шарттар маңызды рөл атқарады. Сондықтан қажетті жағдайларда соттар Қазақстан Республикасының юрисдикциясы шегінде халықаралық құқық нормаларын басшылыққа алуға міндетті.
Қазақстан Республикасының Конституциясында және Республика таныған халықаралық құқық нормаларында белгіленген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепілдік беріледі.
Конституцияның 13-бабының 2-тармағына сәйкес әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауға құқығы бар.
Қазақстан Республикасы өзінің аумағында және юрисдикциясында болатын барлық тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарын Конституцияға және қабылданған халықаралық міндеттемелерге сәйкес қамтамасыз етуге міндетті.
Халықаралық шарттардың тілі Қазақстан Республикасының шет мемлекеттермен екіжақты халықаралық шарттары Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілінде және тараптардың келісімі бойынша өзге де тілдерде жасалады.
Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдармен екіжақты халықаралық шарттары келіссөздерге қатысушы тараптардың келісімі бойынша айқындалған тілдерде жасалады. Көпжақты халықаралық шарттар келіссөздерге қатысушы тараптардың келісімі бойынша белгіленген тілдерде жасалады. Халықаралық шарттарға өзгерістер мен толықтырулар олар жасалған тілдерде ресімделеді.
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын ратификациялау туралы заңдар Қазақстан Республикасы Конституциясының 62-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Парламенті арқылы қабылданады.
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасу, орындау, өзгерту және тоқтату тәртібі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
Қорытындылай келе, халықаралық шарттар Қазақстан Республикасының құқықтық жүйесінде маңызды орын алады және мемлекеттің халықаралық қоғамдастықтағы беделі мен жауапкершілігін айқындайды. Олар адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың, заң үстемдігін қамтамасыз етудің, сондай-ақ халықаралық міндеттемелерді адал орындаудың негізгі құқықтық тетігі болып табылады.
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарды жасасу, орындау және қолдану тәртібін қатаң сақтау – ұлттық заңнаманың халықаралық құқық нормаларымен үйлесімділігін қамтамасыз етеді. Бұл өз кезегінде сот төрелігінің тиімділігін арттырып, азаматтар мен ұйымдардың заңды мүдделерін қорғауға кепілдік береді.
Осыған байланысты халықаралық шарттарды қолдану тәжірибесін жетілдіру, оларды ұлттық құқық жүйесіне дұрыс енгізу және орындау мәселелері әрдайым өзекті болып қала береді.
Жалағаш аудандық соты әкімшісінің
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!