Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

5°C

, Дүйсенбі, 16 ақпан, 20:49

Жемқорлық – ұлтқа төнген қатер

16.02.2026

11

0

Қоғамның дамуына, елдің болашағына қауіп төндіретін ең өзекті мәселелердің бірі – жемқорлық. Ол тек экономикалық шығын ғана емес, әділетке деген сенімді әлсірететін, қоғамның іргесін шайқалтатын кесел. Осы орайда Жалағаш аудандық балалар кітапханасында «Жемқорлық – ұлтқа төнген қатер» тақырыбында ақпараттық-танымдық көрме ұйымдастырылды.

Шараның басты мақсаты – жас оқырмандарға адалдық пен әділдіктің мәнін түсіндіру, заң үстемдігін құрметтеуге тәрбиелеу және жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру. Көрмеге адал қоғам құру, азаматтық жауапкершілік, парасаттылық пен адамгершілік құндылықтары туралы кітаптар мен мерзімді басылымдар қойылды. Әрбір ұсынылған әдебиет жас буынның құқықтық сауатын арттыруға бағытталды.

Кітапхана қызметкерлері көрмені таныстыра отырып, жемқорлықтың қоғамға тигізер зияны туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Балалармен ашық пікір алмасу ұйымдастырылып, олардың адалдық туралы ойлары тыңдалды. Қатысушылар «адал еңбек», «таза қоғам», «заңға құрмет» ұғымдарының маңызын талқылады.

Іс-шара барысында адал қоғам қалыптастыру әр азаматтың жеке жауапкершілігінен басталатыны ерекше атап өтілді. Себебі парасатты ұрпақ – ел болашағының кепілі. Бүгінгі жас оқырман ертеңгі саналы азаматқа айналатынын ескерсек, мұндай тәрбиелік шаралардың мәні зор.

Көрме балалардың қызығушылығын оятып, олардың құқықтық танымын кеңейтуге ықпал етті. Қатысушылар ұсынылған әдебиеттермен танысып, өздеріне қажетті мәліметтер алды.

Адал қоғам – жарқын болашақтың негізі. Жемқорлыққа қарсы күрес – тек мемлекеттік деңгейдегі міндет емес, әрбір азаматтың борышы. Бірге күрессек, бірге өзгереміз.

Жалағаш аудандық балалар кітапхансы меңгерушісі Гүлжанат Жақсылыққызы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: