Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-2°C

, Дүйсенбі, 23 ақпан, 18:53

Денсаулық сақтау саласының мамандары референдум ел дамуының айқындайтын тарихи шешім боларына сенім білдірді

23.02.2026

14

0

Жалағаш ауданында жаңа Конституция жобасын түсіндіру және оның мазмұнын кеңінен насихаттау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы ретте республикалық және өңірлік коалиция өкілдері ауданның денсаулық сақтау саласының қызметкерлерімен арнайы кездесу өткізіп, алдағы референдумның тарихи маңызы мен конституциялық өзгерістердің негізгі басымдықтарын жан-жақты талқылады.

Кездесуге Сенат депутаттары, Жалпыұлттық республикалық коалиция мүшелері Руслан Рүстемов, Нұртөре Жүсіп, облыстық мәслихат төрағасы, өңірлік коалиция жетекшісінің орынбасары Мұрат Тлеумбетов, аумақтық коалиция төрағасы Өмірзақ Елеусінов, облыстық мәслихат депутаты, өңірлік коалиция мүшесі Әмірбек Шаймағанбетов, аумақтық коалиция мүшелері Қаншагүл Мұстафаева және Гүлзат Құрманбаева қатысты. Басқосуда Жаңа Конституция жобасының саяси-құқықтық мазмұны, оның қоғам сұранысына сәйкестігі және мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жаңғыртудағы рөлі кеңінен сөз болды.

Жиында сөз алған Руслан Рүстемов конституциялық реформалардың түпкі мақсаты – заң үстемдігін нығайту және азаматтардың құқықтарын қорғау екенін атап өтті. Оның айтуынша, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік пен жауапкершілікті нақтылау – елдің орнықты дамуының басты кепілі.

Нұртөре Жүсіп өз сөзінде Жаңа Конституция жобасы саяси жаңғырудың маңызды кезеңі екенін жеткізді. Ол құжатты әзірлеу барысында ашық талқылау жүргізіліп, қоғамнан түскен ұсыныстар ескерілгенін, бұл оның шынайы халықтық сипатқа ие екенін айқындайтынын айтты.

Ал Мұрат Тлеумбетов реформалар аясында өкілді органдардың рөлі артып, қоғамдық бақылау тетіктері күшейетінін атап өтті. Оның пікірінше, бұл өзгерістер азаматтардың шешім қабылдау процестеріне белсенді қатысуына мүмкіндік беріп, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігі мен ашықтығын арттыра түседі.

Денсаулық сақтау саласының қызметкерлері өз сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Коалиция мүшелері барлық сұрақтарға нақты жауап беріп, мазмұнды пікір алмасу өрбіді. Қатысушылар жаңа Конституция жобасы халықтың талап-тілектері ескерілген маңызды құжат екеніне және алдағы референдум ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын тарихи шешім боларына сенім білдірді.

Мұндай кездесулер алдағы уақытта өзге де салаларда жалғасын табады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: