Нарыққа халықтың көңілі толмайды. Соңғы кездері базар бағасының күн санап шарықтап бара жатқаны тұрғындар тарапынан жиі айтылып жүр. Тіпті бұл әлеуметтің наразылығын тудырып отыр. Көпшілік бас қосқан жерлерде «Баға қайда барады?», «Бидайды өзіміздің елде өндіреміз, ұн мен нан қымбаттап жатыр», «Күрішті өзіміздің жерде өсіріп, базардан қымбат бағаға сатып аламыз», «Базар бағасына бақылау жасауға болмай ма?» деген әңгімелер желдей еседі. Халық бекерге алаңдап отырған жоқ. Тұрғындардың күнделікті тұтынып отырған басты азық-түлігі – ұн өнімдері. Ал қазір сол ұнның өзі шарықтап, халықтың қалтасына ауыр тиіп отыр.
«Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» деген сөздің жаны бар. Әлгіндегі біз сөз басында айтқан мәселе де бекерден-бекер қозғалып отырған жоқ. Заман қымбатшылықты белшесінен басқанда оның зардабы ең әуелі қарапайым халыққа тиетіні белгілі. Ал қымбатшылықты сезінген халық, қашанғы титықтасын?! «Ашынғаннан шығады ащы даусым» демекші, елдің жанайқайы орынды-ақ. Бұл мәселе сөз болғалы қашан. Әлсін-әлсін көтерілгенімен баға тұрақтылығы, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасында тұрақтылық көрінбей тұр.
Жуырда ғана ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы кеңес өткізді. Кеңес барысында соңғы айда бағаның 0,8%-ға өскені атап өтілді. Мән берсек, бағасы ең көп көтерілген пияз, қант және күріш болса, қырыққабат, сәбіз және картоп бағасы тиісінше төмендеген екен. Ал «ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі қант саласын дамытудың кешенді жоспарын қабылдады. Енді оны іске асыру бойынша тиісті өңірлермен бірлесе белсенді іс-қимыл жасау үшін шаралар қабылдау қажет. Сондай-ақ қантты бажсыз әкелуге квоталар бөлінген кезде, олар бұл жұмысты уақытылы орындай алмайтын көптеген ұсақ жеткізушілерге таратылған. Осыған байланысты біз қант жеткізуде белгілі бір проблемалардың бар екенін байқадық. Сондықтан квоталарды бірнеше ірі көтерме жеткізушілер арасында бөлу керек. Олар шағын компанияларға қарағанда қантты төмен бағамен жеткізе алады» деген ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов қалайда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын бірқалыпты ұстап тұру қажет екенін баса айтты.
Елдегі ауыл шаруашылығы тауарларының бағасы шарықтауына байланысты облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірде азық-түлік тапшылығын туындатпас үшін қажетті қор көлемін ұдайы анықтап, әлеуметтік дүкендерде өнімнің жеткілікті болуын қадап айтқан еді. Сондай-ақ базар мен сауда нүктелеріндегі халық жиі тұтынатын өнім бағасының шекті бағадан аспауын қадағалап, тұрақтандыру қорының жұмысын күшейтуді, халыққа қызмет көрсететін нысандардың тазалығына жете мән беруді жүктеді. Ал аудан әкімдеріне аймаққа қажетті өнім қорын қамтамасыз ету үшін әрбір ауылда бақша дақылдарын егу жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Иә, расымен мәселені шешудің бір жолы ауылдық жерлерде ауыл шаруашылығы өнімдерін көбірек өндіру. Өзімізде өнім өндірілсе, бақша өнімдері сұраныс тудырмаса бағаның жоғарылауына негіз болмайтыны анық. Өйткені өнім көп жерде тапшылық болмайды, ал тапшылық жоқ жерде бағаның негізсіз өсуі белең алмайды.
Аталған мәселе төңірегінде аппарат жиынында сөз қозғаған аудан әкімі Асқарбек Есжанов болса әлеуметтік маңызы бар он тоғыз түрлі азық-түлік тауарларының бағаларына жүргізілген мониторинг нәтижесінде жыл басынан бері он үш түрлі азық-түлік тауарына баға өсімі тіркелгенін атап өтті. Халық үшін ең маңызды мәселенің бірі осы – баға тұрақтылығына тоқталған аудан әкімі тиісті сала басшыларына жауапкершілікпен жұмыс жасауды тапсырды. Әсіресе аудан бойынша сауда орындарына мониторинг жүргізу ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімі басшыларының ұдайы назарында болу керек екені айтып, азық-түлік бағасын өсірген кәсіп иелеріне байланысты ұсыныс беруді жеткізді. Ал Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, ішкі нарықты бидайдың, қанттың және тұздың қажетті көлемімен қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар қабылданып жатқан көрінеді.
Бағаның тұрақтанбауы алып-сатарлардың көбеюінен болатыны да белгілі. Дайын жерге өзіміз еңбектеніп азын-аулақ бақша өнімдерін егуге ерінеміз де, күзге қарай базар аралап, арзан өнім іздейміз. Уақытында әрі сұраныс туындағанда арзан өнім қайдан болсын, керісінше алып-сатарлар өз ойындағы бағасын қойып, халықтың қалтасын қағып отырады. Нәтижесінде әлеуметтің күнкөрісі төмендейді, бағада тұрақсыздық болады. Әрине кәсіпкер де осы елдің азаматы болғандықтан ортақ заңға бағынуға міндетті. Бағаны ойдан қоюына, белгіленген бағадан жоғарылатуға тиісті емес.
Ал «Сауда және интеграция министрлігіне өңірлер әкімдіктерімен бірлесіп, рұқсат етілген бөлшек сауда үстемесінің сақталуын бақылауды жүзеге асыру жөніндегі жұмысты күшейтуді» тапсырған ҚР Премьер-Министрі де бағада тұрақтылық болуы керек екенін айтады. Рас, баға өсуінің салдарымен емес, себептерімен күресу керек. Сонда мәселені шешуді емес, алдын алуды ойлайтын боламыз.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!