Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

23°C

, Сәрсенбі, 27 мамыр, 21:29

Тоқаев қазақстандықтарды қасиетті Құрбан айт мерекесімен құттықтады

27.05.2026

5

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

“Құрметті, отандастар! Қасиетті Құрбан айт мерекесі құтты болсын! Халқымыздың рухани өмірінде ерекше орын алатын бұл мейрамды бүкіл мұсылман қауымы қадір тұтады. Осы киелі мерекеде рухани кемелденуге жол ашатын мейірімділік пен қайырымдылық, өзара құрмет пен сенім, жанашырлық пен тілеулестік қасиеттері кеңінен дәріптеледі. Құрбан айт күндері азаматтарымыз өзгеге қол ұшын беру, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету және ел болашағы үшін ортақ жауапкершілікті сезіну айрықша маңызды екенін ұғына түседі. Бұл – әділдік пен адамгершілікті, ой мен сана тазалығын арқау еткен ислам ілімінің ұлағатын дұрыс түсініп, тағылымын тереңірек тануға зор ықпал ететін ерекше кезең”, – деді мемлекет басшысы.

Конституцияны халықтың болмыс-бітімінің айнасы, ұлттық бірегейлігіміздің өзегі деп атаған президент ел тұтастығын күшейту, этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту мемлекет саясатының аса маңызды бағыты, конституциялық міндеті екенін атап өтті.

“Ел ішіндегі тұрақтылық пен тыныштықты көздің қарашығындай сақтау – әрбір отаншыл азаматтың перзенттік парызы. Бұл – қазіргідей алмағайып заманда мемлекетімізді одан әрі көркейтіп, Әділетті және Озық Қазақстанды құрудың бірден-бір шарты. Біз алдағы уақытта халқымыздың ырысты ынтымағы мен жасампаз рухының арқасында биік белестерді бағындыра береміз. Мен бұған кәміл сенемін. Баршаңызға зор денсаулық пен бақ-береке тілеймін! Құрбан айт қабыл болсын”, – деп сөзін аяқтады Қасым-Жомарт Тоқаев.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: