Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Жалағаш ауданына жұмыс сапары кезінде егіс алқаптарын аралады. «Харвест Агро» компаниясының техникалық қарасора, жүгері және соя өсіру, оларды қайта өңдеуге бағытталған агроөнеркәсіптік кластер жобасының қазіргі жай-күйімен танысты.

Жобаға Қаракеткен ауылдық округінен 22,5 мың гектар жер учаскесі бөлінген. Оның 5 мың гектарына жүгері, 2 мың гектарына мақсары егілген, 142 жаңбырлатып суару қондырғысы жұмыс істейді. Кәсіпорын пайдалануға берілгеннен кейін жылына 60 мың тоннаға дейін техникалық қарасора, 70 мың тонна жүгері және 20 мың тонна соя өңдеу жоспарланып отыр.
Өндірілген өнім ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз етумен қатар, шет елдерге де экспортталады.
Қазіргі таңда 26,3 млрд теңге инвестиция тартылып, 100 тұрақты жұмыс орны құрылған. Егіске және өндірістік жұмыстарға 50 техника жұмылдырылды.

Жер көлемін, су пайдалану лимитін ұлғайту, жаңбырлатып суару жүйесін енгізу, электр желісін тарту және жоба-сметалық құжаттарды әзірлеу қолға алынған.
Айта кетейік, биыл өңірде жалпы 185,8 мың гектарға егін, оның ішінде дәнді дақылдар 89,7 мың гектарға, майлы дақылдар 6,1 мың гектарға, мал азықтық дақылдар 73,2 мың гектарға, картоп, көкөніс және бақша дақылдары 16,8 мың гектарға егілді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өткен жылмен салыстырғанда күріш көлемі 10,9 мың гектарға қысқартылды. Биыл 70 мың гектарға күріш егіліп, суға бастырылды.
Оның 31,3 мың гектары үстеп қоректендіріліп, 53,3 мың гектары арамшөптерге қарсы өңделді. Қазір 19,8 мың гектары түптену, 46,2 мың гектары түтікке шығу, ал 4 мың гектары масақтану кезеңіне өтті.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!