Құрылтай

Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

35°C

, Бейсенбі, 16 шiлде, 21:11

Өңірдегі мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік қызметте меритократия қағидатымен өсуі

16.07.2026

12

0

Қазіргі таңда қоғам мен мемлекеттің дамуы ең алдымен кәсіби, білікті, адал әрі жауапты кадрларға тікелей байланысты екені дәлелденіп келеді. Осы тұрғыда меритократия қағидаты – мемлекеттік басқарудың заманауи әрі тиімді моделін қалыптастыратын негізгі тетік болып табылады.

Меритократия ұғымы – мемлекеттік қызметшінің жеке сіңірген еңбегін, кәсіби жетістіктері мен қабілеттерін әділ бағалау арқылы оның қызмет бабында ілгерілеуін қамтамасыз етуді білдіреді.

Бүгінде өңірдегі жергілікті атқарушы органдарда осы қағидатты іске асыру бағытында нақты жұмыстар жүргізілуде.

Атап айтқанда, жыл басынан бері өңірдегі жергілікті атқарушы органдарда бос әкімшілік лауазымдарға 135 конкурс жарияланып, оның нәтижесінде ішкі конкурс арқылы 41 мемлекеттік қызметші тағайындалды.

Маңыздысы – олардың 80,5%-ы меритократия қағидатына сәйкес жоғары лауазымдарға тағайындалды. Бұл – кәсіби әлеуеті жоғары кадрларға сенім артудың нақты көрінісі болып табылады. Өткен 2025 жылдың ұқсас кезеңінде бұл көрсеткіш 73,3% болған еді.

Конкурстан тыс тағайындау тетігі де меритократия қағидатына қайшы келмейді. Керісінше, бұл тетік өз ісінде жоғары нәтижелерге қол жеткізген,  жауапкершілігі мен кәсіби деңгейі жоғары мемлекеттік қызметшілердің мансаптық өсуіне мүмкіндік береді.

Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес, мемлекеттік қызметші осы мемлекеттік органда кемінде соңғы екі жыл төмен тұрған санаттағы лауазымды атқарған, сондай-ақ  қызметін бағалау қорытындылар бойынша қатарынан төрт тоқсан бойы «функционалдық міндеттерді тиімді орындайды» деген нәтиже көрсеткен жағдайда, сол органдағы жоғары санаттағы лауазымға тағайындалуы мүмкін. Бұл – қызметшінің кәсіби тұрақтылығы мен адалдығын нақты бағалауға мүмкіндік беретін әділ тетік.

Осы аталған механизм аясында жыл басынан бері өңірдегі жергілікті атқарушы органдарда 20 мемлекеттік қызметші жоғары лауазымдарға конкурстан тыс тағайындалды. Бұл – еңбектің еленіп, нәтижеге негізделген басқару мәдениетінің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.

Жалпы алғанда, меритократия қағидатын іске асыру кадрлық әлеуетті тиімді пайдалану, мемлекеттік қызметшілерді ынталандыруға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, мемлекеттік қызметтің кәсіби, ашық және нәтижеге бағдарланған жүйе ретінде дамуына серпін береді.

Бақытжан Нұралы

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің  Қызылорда облысы бойынша

департаментінің бас маманы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: