Құрылтай

Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

35°C

, Жұма, 17 шiлде, 22:35

Жол негізі дайындалып, инженерлік құрылыстар орнатылуда

17.07.2026

11

0

Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев республикалық маңызы бар жол құрылысымен, индустриялық аймақтағы жобалармен танысты.

Жол негізі дайындалып, инженерлік құрылыстар орнатылуда

Алдымен KAZ-06 «Қарабұтақ-Қызылорда-Шымкент» автомобиль жолы құрамындағы Қызылорда қаласының айналма жолы құрылысының алаңына барды. Жауапты сала басшылары мен мердігер мекеме өкілдері жобаны іске асыру кезеңдері, құрылыс-монтаж жұмыстарының қазіргі жай-күйі, алдағы жоспар жөнінде баяндады.
Бұл – республикалық маңызы бар KAZ-06 автомобиль жолының Қызылорда қаласынан Сексеуілге дейінгі бөлігін II техникалық санаттан I санатқа ауыстыруға бағытталған кешенді жобаның бірінші кезеңі. Айналма жолдың жалпы ұзындығы 25,8 шақырым, жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Құрылысты «Қыран» ЖШС жүргізуде.
Мұнда 4 көпір, 2 жол айрығы, 1 демалыс алаңы және 9 су өткізгіш құбыр салу жоспарланған. Қазіргі таңда жер жұмыстары, жол негізін дайындау және инженерлік құрылыстарды орнату қарқынды жүргізілуде.

Құрылыс алаңына 80 жұмысшы мен 60-тан астам арнайы техника жұмылдырылған. Сонымен қатар, бетон араластыру торабы жұмыс істейді. Өнімділігі сағатына 160 тонна болатын екі асфальт-бетон зауыты іске қосылып, қазіргі уақытта өнімділігі сағатына 240 тонна болатын үшінші зауыт монтаждалып жатыр.

Аймақ басшысы «Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолының 2-12 шақырым аралығындағы орташа жөндеу жұмыстарының барысын да көрді.
Жобаның бас мердігері – «Дорстрой», техникалық қадағалаушысы – «АрхиДизайнСтройИнжиниринг» серіктестіктері, келісімшарт құны – 2 млрд 483,9 млн теңге. Ұзындығы 9,76 шақырым, ені 14 метр учаске жөнделеді. Жол жабыны ресайклинг әдісімен 20 сантиметр етіп нығайтылып, оның үстіне 8 сантиметрлік ірі түйіршікті асфальт және 5 сантиметрлік қиыршықтасты-мастикалық асфальтбетон төселеді.

Одан әрі қарай аймақ басшысы индустриялық аймақтағы, атап айтқанда шыны, құрылыс материалдары өндірісін көріп шықты.
Шыны кластерін дамытудағы негізгі жобалардың бірі – «Orda Glass LTD» шыны зауыты. Кәсіпорын жылына 197 мың тонна шыны өндіреді. Зауыттың іске қосылуы өңірде шыны өндірісін дамытуға, жаңа ілеспе өндірістердің қалыптасуына серпін берді. Солардың бірі – «Ayna Glass» айна шығару кешені. Мұнда жылына 720 мың шаршы метр айна өндіріледі, 55 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Өндірісте пайдаланылатын негізгі шикізат «Orda Glass LTD» зауытынан жеткізіледі, осылайша өңірде толыққанды өндірістік тізбек қалыптасты.
Алдағы уақытта «Комфорт-1 KZ» ЖШС-ның шыңдалған шыны өндірісін кеңейту және автомобиль шынысын шығару жобасын іске қосу жоспарланған.

Құрылыс индустриясы бағытында да бірқатар кәсіпорын тұрақты жұмыс істеп тұр. Атап айтқанда, «Саз-М» ЖШС жылына 90 млн дана кірпіш өндіреді. Ал ЖК «Ақселеу» кәсіпорны жылына 6 млн дана күйдірілген кірпіш шығарады, 25 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған.

Индустриялық аймақта жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру жалғасуда. Еске салсақ, биыл 28 мамырда испаниялық Roca Group компаниясының санитарлық-техникалық бұйымдар өндіретін зауыты мен Seven Rivers компаниясының шыны бөтелке зауытының капсуласы салынды.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: