Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-3°C

, Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 21:31

Қымбатшылықты тоқтату қолымызда тұр

02.09.2022

821

0

Қазір қоғамда азық-түлік қымбатшылығы, соның ішінде қант бағасының күрт көтерілуі жиі айтыла бастады. Расымен қант бағасы шарықтау шегіне жетті. Қант тапшылығы тәттіге құмар балалардан бөлек, шекерсіз шекесі шыпшып шәй іше алмайтын ересектерге ауыр тиген сияқты. Бұрын келісі 200-300 теңгеден сатылған қанттың құны қазіргі уақытта үлкен қалаларда 700-800 теңгеге дейін көтерілгенін естіп жүрміз. Бұған не себеп?

Мамандардың айтуынша, қазірде еліміз қант өнімін шет елдерден сатып алады екен. Онда да шет мемлекет­тер­ден келетін қанттың шикізаты ақ қы­зылша емес, қант қамысы. Біздің елі­­мізде қызылша тұқымын егіп, оны кү­тіп-баптап өнім алу үшін қырауар қаржы қажет етеді екен. Соның салда­рынан өңірлерде орналасқан қант зауыт­тарының шикізаты азайып ке­тіпті. Нәтижесінде Кеңес одағының тұ­сын­да жұмыс істеген еліміздегі 8 қант зауы­ты жұмысын тоқтатып, жабы­лып қалған. Ал әлгі тропикалық және суб­тропиктік аймақтарда өсетін қант қа­мысы қызылшадан әлденеше есе ар­­занға түсетін көрінеді. Қазір әлем бойын­­ша қант өнімінің 70 пайызы сол қант қамысынан алынатынын айтады маман­дар.
Ал ҚР Сауда және интеграция ми­­нис­трлігі елімізде азық-түлік өнім­де­рін өндіру тоқтатылмайтынын, қор­лар жүйелі негізде толықтырылып отыра­тынын жет­кізді. Аталған министрліктің сөзіне сен­сек, бүгінде республика бойын­ша барлығы 1,5 млн тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қоры жинақталып тұр. Соның ішінде 47,6 тонна қант бар екен. Бұл жиырма млн халықтың басына шаққанда аз ба, көп пе?..
Тоқсаныншы жылдардың басында ауылда екі жыл қатарынан қант қы­зылшасын екті. Жалпақ жапырағы жайы­­ла жайқалып, бітік шықты. Ол кез­де мектеп оқушысымыз, күзде сол қызылшаны сынып-сынып болып кезек­тесіп жинауға барғанымыз есімде. Біздің міндетіміз – ауыл сыртындағы егістік алқаптарда тау-тау болып үйілген қозының басындай ақ қызылшаларды көліктерге тиеп жіберу. Одан ары қарай қайда алып баратынын білмейміз. Оны білуге құштар да емеспіз, біз үшін аса қызық та емес. Бірақ кейін білдік, егіс басындағы тау болып үйілген қант шикізатын Жамбыл облысындағы қант зауытына жөнелтеді екен. Тоқсаныншы жылдары тек қант қана емес, жаппай азық-түлік тапшылығы күйіп тұрған кез еді. Сол біздің ауылдан шикізат есе­бінде Жамбылдың зауытына кеткен қызыл­шадан ауылдың халқы қантқа қарық болды дегенді де естімедік.
Бірақ осы қант қызылшасының біздің өңірге бітік өсетінін білдік сол кезде. Ендеше дәл қазіргі уақыттағы қант тапшылығын жою үшін қызылша егу­ді неге қайта қолға алмасқа?! Жинал­ған өнімді тонналап Алматы, Жамбыл асыр­май-ақ, өзімізге шағын цехтар салып, қант шығаруға да болар еді…
Тоқсаныншы жылғы тоқырауда азық-түлікпен бірге тұрмыстық заттардың көбі нарыққа шықпай қалды. Сауда ай­на­лымында барларының өзі өте қат, дүкендер мен базарлардан таба ал­май­сың. Алыпсатарлардың қолында жү­реді. Солардың бірі күнделікті қолда­натын, тұрмысымыз үшін аса қажетті кір сабын еді. Әлі есімде, ауылдағы сау­­дагер ағаларымыз өздері жиі ба­ра­тын Өзбекстан, Түркіменстан мемлекет­те­рінде бір кір сабынның бір қойға айыр­бас жасалатынын айтып келетін. Яғни ол кезде бір сабынның бағасы бір қойдың құнымен тең болған.
Бірде үйдегі кішкентай қарын­да­сымыз екеуміз шешемізге еріп, ауыл сыртындағы қалың сексеуіл тоғайына бардық. Шешеміз үйден алып шыққан үлкен алашаны сексеуілдің түбіне жа­йып, шырпысын ағашпен қағып түсі­ріп, бір жерге жинап, қураған сексеуілмен тұ­татып өртеді. Күлін шелекке салып ауыл­ға алып келдік. Шешем отырып алып, өзі айлап жинап жүрген қанар қап­тағы малдың кепкен сүйектерін те­мір келіге салып әбден түйіп ұнтады да, ошақ сарайдағы үлкен ескі қазанға салып қайнатты. Бірнеше сағаттан соң сексеуілдің сілтісі мен сүйектің ұн­тағы ақкөбіктенді, одан соң қоюланып іркілдеп қалды. Бір тәулік тұрып, тұнған соң қазанды төңкеріп, пышақпен алақан аясына ыңғайлы етіп кесектеп кесті. Кір сабын дайын. Дүкеннің сабынынан артық болмаса, кем емес. Туған-туыс пен көршілерге де үлестірді. Қазақ бұны «қара сабын» дейді екен. Шешеміз «сақар сабын» дейтін және қолдан қай­натқан сол сабынның тек кір-қоң жууға ғана емес, адам бойындағы дерттерді сонымен бірге мал ауруларын емдеуге пайдаланатынын айтып отыратын.
Қазір кір сабынның да нарықтағы бағасы аспандап тұр. Бірақ сонда да дүкен сөрелеріндегі ең өтімді тауар­лардың бірі сол – сабын. Тұтынушылар талап алып жатыр. Сақар қайнатып, са­бын жасап пайдаланып жүрген ауыл әйелдерін естімедім. Әйтпесе сексеуіл­дің шырпысы да, малдың сүйек-саяғы да далада босқа шашылып жатыр емес пе?!

Қуат АДИС

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: