Ұлтымыздың асқақ рухын көтеретін қолөнер шеберлері мен ұсталардың еңбегін бағалау, оның тереңіне бойлау кейінгі ұрпақ үшін аса қымбат парыз деп ойлаймын. Бұрынғы бабадан жеткен ұлы өнер ұрпаққа жалғасып, сан ғасырлық тарихымызды қайта жаңғыру үлкен даналық пен даралық дер едім. Бүгінгі біздің «Жүрекжарды әңгіме» айдарымыздың бас кейіпкері Жалағаш ауданы тұрғыны, ардагер-ұстаз, Қазақ ССР оқу үздігі, Әбілхайыр Әбілханұлы Ералиев. Он саусағынан өнері тамған ақсақалға біз сәлем бере баруды өзімізге парыз санап, сұқбатты үйінен алуды көздеген болатынбыз. Бірақ іздеген ағамызбен үйде емес, түздегі аулада жолықтық. Міне, қызық, еңселі бұрынғының батырларындай белі бүгіле қоймаған ағамыз зейнетке шықтым деп қарап отырмай, өзінің даладағы шеберханасында қазақтың қасиетті домбырасын жасап отыр екен. Табиғат аясында, жасыл желек ортасында отырған шебер жанға сүйсіне қарадық. Басындағы қазақы тақиясы да өзіне жараса қалыпты. Қасында жақындап сыпайы амандастық. Оның шарықтаған қиялын тұсаулағымыз келмеді. Десе де, ағамыз бір сәт жұмысын тоқтатып, бізбен өз әңгімесін жалғастырды.
– Әлбетте ұсташылық, қолөнер, тігіншілік жалпы шеберлік көбінесе атадан балаға мирас болып қалады. Сізге осындай керемет өнер кімнен дарыған? Шеберлік сыры неде?
– Менін балалык шағым сонау соғыстан кейінгі кезеңмен сәй кес келеді. Ол заманда ел етек-жеңін жия алмаған ауыр кезең болатын. Тұрақты баспанамыз да жоқ. Қазақтың қара үйінде өстік. Сол қараша үйлерді басатын ұсталар да ол кезде ел ішінде некен-саяқ еді. Біздің аталарымызЕралы Қонақбайұлы,Керім Манақбайұлы он саусағынан өнері тамған шебер болатын. Ауылдағы киіз үйлердің бірталайы атамның қолынан шыққан еді. Ол кезде киіз үй деген өте құнды болған. Аттыға таптырмайтын адамдар болған. Бір жылқы, бір сиыр бір қараша үйдің құны. Ұсташылықпен танымал болған кісілер. Біршама аталардан қалған құрал-жабдықтарды пайдаланып жүрмін. Кейбір дүниелерін мұражайға өткіздім. Сол кісілердің ұстаханасында көмектесе жүріп тәрбиелендім.
Мен өнер адамы болғанмен бітірген окуым Қызылордадағы педагогикалық институтының биология пәні. Өкінішке орай, ол мамандық бойынша бірде-бір сабақ бермедім. Өзімнің жүрек қалауыммен қолымның ісмерлігіне байланысты еңбек, технология пәндеріне қарай бейімделдім.
– Мектептің ішінен мұражай ашып, қазақтың ұлттық болмысын әспеттейтін киіз үйдің жарты шеңберін оған тігіп,оның ішін қазақтың бұрынғы ұлттық құрал-жабдығымен өрнектеу, елге насихаттау идеясы сіздің ойыңызға қай кезде келді? Киіз үйдің сан түрмен әшекейленген бауынан бастап ішіне қойылған келі келсап, кілем, киімдер мен әйелдердің қолдан жасалған әсемдік жүзіктері,білезіктері мен сырғалары бұл жерден қазақылықтың иісі бұрқырап тұрғанын сездіреді. Осы жерден ұлттық өнердегі бабалар салған сара жолдың үзілмегенін көріп марқайып қалдық. Мұның бәрі сіздің қазақы болмысыңыздың руханиятқа жанашыр екендігін дәлелдейді. Өзіңіз көз майын тауысып жасаған заттарыңызға тоқталып, оның сырын ашсаңыз?
– Менін балалык шағым сонау соғыстан кейінгі кезеңмен сәй кес келеді. Ол заманда ел етек жеңін жия алмаған ауыр кезең болатын. Тұрақты баспанамыз да жоқ. Қазақтың қара үйінде өстік. Қазір мамыражай заманда қарап жатуды құп көрмедім. 2010 жылы зейнетке шыкқанмен кейінгі буынға парасатты нәрсе ұғындырсам, бойымдағы өнерімді беріп кетсем деп ойладым. Казіргі жастар бұрынғы заманның тірлігінен, тұрмыс-салтынан хабардар болсын деген оймен, өнегелі істі кейінгі ұрпақ жалғасын деген ниетпен мектеп ішінен киіз үйдің жарты шеңберіндей үлгіде мұражай ашып, қазақтың ескі тұрмыс салтын бейнелейтін түрлі құрал-жабдықтарды осында қойдым. Олардың көпшілігі өзімнің қолмен жасаған дүниелерім. Мұнда мектеп окушыларына өнеге болатындай қазактың салт-дәстүрлік дүниелері, музыкалық аспаптар, қазақтың этнографиялық тарихынан сыр шертетін бұйымдар қойылған.
– Шығармашылықпен айналысатыныңдан да хабарлармыз. Екі кітабыңыз жарық көріпті. Сол туындылардың жазылу тарихын онда не баяндалғанын айта кетсеңіз?
– Дұрыс айтасыз. Алғашқы «Әкемнің аманаты» деген кітабым 2010 жылы жарық көрді. Мен ақын немесе қаламгер емеспін. Проза мен поэзияны оқығаным болмаса, өзіндік қыр-сырын жете меңгермеген, атадан аманатқа айналған ұлттық бұйымдар жасау ісінің шеберімін.Технология пәнінен сабақ мектепте сабақ бердім. Бұл шығармашылық жұмыспен әке аманатын орындау мақсатында айналыстым. Әкемнің шымшымалы шумақтары, мақал-мәтелдері «Ел аузынан» айдарымен аудан жұртшылығына таралып кеткен болатын. Әкем дүние салған соң анамыз әкемнің қолжазбасын ешкімге көрсетпей 20 жыл чемоданда ұстапты. 2003 жылы шешеміз қайтыс болған соң әлгі чемоданды ашсам әкемнің еңбектері, қолымен жазылған жыр шумақтары, аталы сөздері сол кездегі «Жаңадария», «Ленин жолы», «Қазақстан әйелдері», «Қазақстан мұғалімі», «Социалистік қазақстан», «Бастауыш мектеп», «Қазақстан пионері» басылымдарында жарияланған дүниелерінің қиындыларымен бірге қосақталған қойын дәптерлері, ондағы хиссалар жиынтығы мен Шоңбай әкелеріміздің шежірелерінің түпнұсқасы, баспа бетін көрмеген 1964-1983 жылдары «Менің өлең-жырларым» деген қойын дәптерінде 50-ге тарта өлеңдері жазылыпты. Мұны көріп әкемнің орындалмай қалған арманын орындау мақсатында әкемнің кітабын жарыққа шығарып, жаным жай тапты.
Ал екінші кітабым 2011 жылы «Туған жердің киелі ұсталары» деген атпен жарық көрді. Оның алғы сөзіне мен қалың оқырманға мынандай қолтаңба жаздым. «Бүкіл оқырман қауымнан өтінерім, менің осы кітабыма ықылас білдіріп, бір-екі мезгіл болатын кәріс пен түрік елдерінің телесериалдарынан көріп жүрген кейіпкерлерден гөрі өз еліңіздің, өз ата-бабаларымыздың киелі, қасиетті ерен еңбектеріне назар аударып, Пайғамбар жасынан асқан ағаларыңыздың, көненің көзіндей етіп, бойтұмардай сақтап жазған жазбасын оқысаңыздар екен». Бұл көпшілікке үндеу секілді әсер етті ме? Бұл кітапқа қызығушылар қатары өсті.
Бұл кітапта ел ішінде кездесетін түрлі поэзия, проза, әзіл әңгіме, мақал-мәтелдер, XIX –XX ғасыр дәуіріндегі қызықты қиссалар, көнекөз темір ұсталарының тіршіліктері мен өнер шеберлерінің күнкешті ата-аналарымыздың тірлігі жайлы зерделедім. Бұл кітапта жалпы аудандағы кіші жүз аталығының ішіндегі ұста-шеберлерін түгел қамтыдым деп айта алмаймын. Сондықтан мен ауданды және бүкіл ауылдарды зерттеп, тіпті сол ауылдың технология пәнінің ұстаздар қауымын жұмылдырып, шама-шарқынша зерттедім. Ата-бабаларымыздан қалған ескерткіш жинақ қарапайым халыққа үлгі-өнеге, жасөспірімдерге өсиет болсын деген мақсат қой, шырағым!
– Ұстаздық жалпы шеберлік жолыңызды жалғап жатқан перзенттеріңіз немесе шәкірттеріңіз бар ма?
– Қаншама шәкірт тәрбиеледім. Оның ұзын-сонар тізімі есімде жоқ. Жалпы технологиядан сабақ берген соң қолөнерге бейім балар бірден көзге көрініп тұрады. Еңбекті оңай сабақ деп енжар қарамай, әр тапсырманы тиянақты орындайтын балалар келешек ұсталар болып шыға келді. Қазір олар облыстың түкпір-түкпірінде өз шеберханаларын ашып, еңбек етуде. Мысалы Ермек Бүркітбаев деген шәкіртім менің жолымды қуып, аудандағы 202 мектепте технологиядан сабақ береді. Туған інімнің баласы Нұрлыбек Әбілхан – осы ауданның жиһаздарын құрастырушы ұста. Жалпы кез келген жұмысты игеріп кететін, ұсталыққа құлшынысы жоғары шәкірттерім көп. Олармен жүздесіп, амандасқан сайын көңілім толып, олардың жасап жатқан тірліктерін көріп, бір марқайып қаламын. Ұстаз үшін мұнан артық бақыт бар ма, сірә?!
– Қазір құрметті еңбек демалысындасыз. Сіздің мынадай құндылықты өмірге әкелген шебердің бос уақыты бар ма?Келешекте қандай идеяларыңыз бар?
– Бұрын зейнетке шыққан адам рахаттанып жатып ішетін шығар деп ойлайтынмын. Ал өзім зейнетке шыққалы бірталай уақыт болды. Қазір менде бос уақыт деген атымен жоқ. Таң атқаннан күн батқанға дейін қолым тимейді. Өзімнің табиғаттың аясындағы шеберханамда домбыра, қобыз, жұрттың сұранысына байланысты ұлттық бұйымдар жасаймын. Әйтеуір қарап отырмаймын. Қалжырап шаршағанға дейін жұмыс жасаймын. Елден түсетін тапсырыстар да көп. Кейбіреулері біреуге сый-сияпатқа домбыра, қобыз, оның қабын жасатса, кейбірі өздері үшін отбасына киелі домбыра-қобызды сақтап қою үшін жасатады. Шаршағаның өзіңнің жасаған домбыра, қобызыңмен өнерпаздар ел алдында өнер көрсетіп жатқанда демде басылып, жайнап шыға келесің. Міне, менің бүкіл жан дүнием ұлтымның рухымен бірге жасайды. Өз ұлтын сүйген адам, оның салт-дәстүрін, өнерін, әдебиетін, мәдениетін жан-тәнімен сүйеді. Дәл осы адам мен деп елге тік қарап айта аламын.
– Аға, қазір көзіміз көріп отырғандай, ғажап домбыра-қобыздар жасап жатыр екенсіз. Оның ағаштарын қайдан табасыз?
– Жылдап жатқан ағаштар болады. Мықты олар оңайлықпен жарыла қоймайды. Сондайларды іздеп табамын. Ол дайын өнім емес. Сүргілеймін. Қаншама тер төгіліп жасалатын дүние ғой. Музыкалық аспап жасау үшін оның тілін білу керек. Жүрегің нәзік, қолың епті болғанда ғана жақсы аспап өмірге келеді. Мәселен қобыз жасау үшін ешкінің терісін илеп пайдаланамын. Басқа малдың терісі оған жарамсыз. Әр шеберліктің өз құпиясы бар ғой. Солай қарағым. Қарияның ішіндегі қолы босамайтыны мен шығармын. Аудандағы ауқымды шаралардан қалмауға тырысамын. Арнайы шақыртумен жиындарға қатысамын. Ол жағынан да белсендімін деп айта аламын.
– Сөз соңында абыз қария ретінде елге айтар тілегіңіз болса құба-құп болар еді?
– Енді «жақсы сөз жарым ырыс» деген еліме, халкыма айтарым «берсін Құдай береке, дұшпанға қылмай келеке, күнде ойын күнде болсын береке! Ел аман, жұрт тыныш болсын!
– Аға, тұшымды әңгімеңіз үшін сізге үлкен рахмет! Ақ батаңыз қабыл болсын!
Әңгімелескен Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!