Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

12°C

, Сенбі, 27 сәуiр, 04:44

Ұлт мұрасын ұлықтаған

28.09.2022

2360

0

Ұлтымыздың асқақ рухын көтеретін қолөнер шеберлері мен ұсталардың еңбегін бағалау, оның тереңіне бойлау кейінгі ұрпақ үшін аса қымбат парыз деп ойлаймын. Бұрынғы бабадан жеткен ұлы өнер ұрпаққа жалғасып, сан ғасырлық тарихымызды қайта жаңғыру үлкен даналық пен даралық дер едім. Бүгінгі біздің «Жүрекжарды әңгіме» айдарымыздың бас кейіпкері Жалағаш ауданы тұрғыны, ардагер-ұстаз, Қазақ ССР оқу үздігі, Әбілхайыр Әбілханұлы Ералиев. Он саусағынан өнері тамған ақсақалға біз сәлем бере баруды өзімізге парыз санап, сұқбатты үйінен алуды көздеген болатынбыз. Бірақ іздеген ағамызбен үйде емес, түздегі аулада жолықтық. Міне, қызық, еңселі бұрынғының батырларындай белі бүгіле қоймаған ағамыз зейнетке шықтым деп қарап отырмай, өзінің даладағы шеберханасында қазақтың қасиетті домбырасын жасап отыр екен. Табиғат аясында, жасыл желек ортасында отырған шебер жанға сүйсіне қарадық. Басындағы қазақы тақиясы да өзіне жараса қалыпты. Қасында жақындап сыпайы амандастық. Оның шарықтаған қиялын тұсаулағымыз келмеді. Десе де, ағамыз бір сәт жұмысын тоқтатып, бізбен өз әңгімесін жалғастырды.

– Әлбетте ұсташылық, қолөнер, ті­гін­шілік жалпы шеберлік көбінесе атадан балаға мирас болып қалады. Сізге осын­дай керемет өнер кімнен дарыған? Шеберлік сыры неде?

– Менін балалык шағым сонау соғыстан кейінгі кезеңмен сәй кес келеді. Ол заманда ел етек-жеңін жия алмаған ауыр кезең болатын. Тұрақты баспанамыз да жоқ. Қазақтың қара үйінде өстік. Сол қараша үйлерді басатын ұсталар да ол кезде ел ішінде некен-саяқ еді. Біздің аталарымызЕралы Қонақбайұлы,Керім Манақбайұлы он саусағынан өнері тамған шебер болатын. Ауылдағы киіз үйлердің бірталайы атамның қолынан шыққан еді. Ол кезде киіз үй деген өте құнды болған. Аттыға таптырмайтын адамдар болған. Бір жылқы, бір сиыр бір қараша үйдің құны. Ұсташылықпен танымал болған кісілер. Біршама аталардан қалған құрал-жабдықтарды пайдаланып жүрмін. Кейбір дүниелерін мұражайға өткіздім. Сол кісілердің ұстаханасында көмектесе жүріп тәрбиелендім.
Мен өнер адамы болғанмен бітірген окуым Қызылордадағы педагогикалық институтының биология пәні. Өкінішке орай, ол мамандық бойынша бірде-бір сабақ бермедім. Өзімнің жүрек қалауыммен қолымның ісмерлігіне байланысты еңбек, технология пәндеріне қарай бейімделдім.

– Мектептің ішінен мұражай ашып, қазақтың ұлттық болмысын әспет­тей­тін киіз үйдің жарты шеңберін оған тігіп,оның ішін қазақтың бұрын­ғы ұлт­тық құрал-жабдығымен өрнектеу, елге насихаттау идеясы сіздің ойыңызға қай кезде келді? Киіз үйдің сан түрмен әше­кейленген бауынан бастап ішіне қойыл­­ған келі келсап, кілем, киімдер мен әйел­дердің қолдан жасалған әсемдік жүзік­­тері,білезіктері мен сырғалары бұл жер­ден қазақылықтың иісі бұрқырап тұр­ғанын сездіреді. Осы жерден ұлттық өнердегі бабалар салған сара жолдың үзіл­­мегенін көріп марқайып қалдық. Мұның бәрі сіздің қазақы болмысыңыздың руха­ният­қа жанашыр екендігін дәлелдейді. Өзіңіз көз майын тауысып жасаған зат­та­ры­ңызға тоқталып, оның сырын ашсаңыз?

– Менін балалык шағым сонау соғыстан кейінгі кезеңмен сәй кес келеді. Ол заманда ел етек жеңін жия алмаған ауыр кезең болатын. Тұрақты баспанамыз да жоқ. Қазақтың қара үйінде өстік. Қазір мамыражай заманда қарап жатуды құп көрмедім. 2010 жылы зейнетке шыкқанмен кейінгі буынға парасатты нәрсе ұғындырсам, бойымдағы өнерімді беріп кет­сем деп ойладым. Казіргі жастар бұрынғы заманның тірлігінен, тұрмыс-салтынан хабар­дар болсын деген оймен, өнегелі істі кейінгі ұрпақ жалғасын деген ниетпен мектеп ішінен киіз үйдің жарты шеңберіндей үлгіде мұражай ашып, қазақтың ескі тұрмыс салтын бейнелейтін түрлі құрал-жабдықтарды осын­да қойдым. Олардың көпшілігі өзімнің қол­мен жасаған дүниелерім. Мұнда мектеп окушы­ларына өнеге болатындай қазактың салт-дәстүрлік дүниелері, музыкалық аспаптар, қазақтың этнографиялық тарихынан сыр шер­тетін бұйымдар қойылған.

– Шығармашылықпен айна­лысаты­ның­дан да хабарлармыз. Екі кітабыңыз жа­рық көріпті. Сол туындылардың жа­зылу тарихын онда не баяндалғанын айта кетсеңіз?

– Дұрыс айтасыз. Алғашқы «Әкемнің аманаты» деген кітабым 2010 жылы жарық көрді. Мен ақын немесе қаламгер емеспін. Проза мен поэзияны оқығаным болмаса, өзіндік қыр-сырын жете меңгер­меген, атадан аманатқа айналған ұлт­тық бұйымдар жасау ісінің шеберімін.Технология пәнінен сабақ мектепте сабақ бердім. Бұл шығармашылық жұмыспен әке аманатын орындау мақсатында айна­лыстым. Әкемнің шымшымалы шумақ­тары, мақал-мәтелдері «Ел аузынан» айда­рымен аудан жұртшылығына таралып кет­кен болатын. Әкем дүние салған соң ана­мыз әкемнің қолжазбасын ешкімге көр­сетпей 20 жыл чемоданда ұстапты. 2003 жылы шешеміз қайтыс болған соң әлгі чемо­данды ашсам әкемнің еңбектері, қолы­мен жазылған жыр шумақтары, аталы сөздері сол кездегі «Жаңадария», «Ленин жолы», «Қазақстан әйелдері», «Қазақстан мұға­лімі», «Социалистік қазақстан», «Бас­тауыш мектеп», «Қазақстан пионері» басылым­да­рында жарияланған дүниелерінің қиынды­ларымен бірге қосақталған қойын дәптерлері, ондағы хиссалар жиынтығы мен Шоңбай әкелеріміздің шежірелерінің түпнұсқасы, баспа бетін көрмеген 1964-1983 жылдары «Ме­нің өлең-жырларым» деген қойын дәпте­рінде 50-ге тарта өлеңдері жазылыпты. Мұны көріп әкемнің орындалмай қалған арманын орындау мақсатында әкемнің кітабын жарыққа шығарып, жаным жай тапты.

Ал екінші кітабым 2011 жылы «Туған жердің киелі ұсталары» деген атпен жарық көрді. Оның алғы сөзіне мен қалың оқырманға мынандай қолтаңба жаздым. «Бүкіл оқырман қауымнан өтінерім, менің осы кітабыма ықы­лас білдіріп, бір-екі мезгіл болатын кәріс пен түрік елдерінің телесериалдарынан көріп жүр­ген кейіпкерлерден гөрі өз еліңіздің, өз ата-бабаларымыздың киелі, қасиетті ерен еңбек­теріне назар аударып, Пайғамбар жасы­нан асқан ағаларыңыздың, көненің көзіндей етіп, бойтұмардай сақтап жазған жазбасын оқы­саңыздар екен». Бұл көпшілікке үндеу секілді әсер етті ме? Бұл кітапқа қызығушылар қатары өсті.

Бұл кітапта ел ішінде кездесетін түрлі поэзия, проза, әзіл әңгіме, мақал-мәтелдер, XIX –XX ғасыр дәуіріндегі қызықты қиссалар, көнекөз темір ұсталарының тіршіліктері мен өнер шеберлерінің күнкешті ата-анала­ры­мыз­дың тірлігі жайлы зерделедім. Бұл кітапта жалпы аудандағы кіші жүз аталығының ішін­дегі ұста-шеберлерін түгел қамтыдым деп айта алмаймын. Сондықтан мен ауданды және бүкіл ауылдарды зерттеп, тіпті сол ауыл­дың технология пәнінің ұстаздар қауымын жұ­мыл­дырып, шама-шарқынша зерттедім. Ата-бабаларымыздан қалған ескерткіш жинақ қа­рапайым халыққа үлгі-өнеге, жасөспірім­дерге өсиет болсын деген мақсат қой, шырағым!

– Ұстаздық жалпы шеберлік жолыңыз­ды жалғап жатқан перзентте­ріңіз немесе шәкірттеріңіз бар ма?

– Қаншама шәкірт тәрбиеледім. Оның ұзын-сонар тізімі есімде жоқ. Жалпы технологиядан сабақ берген соң қолөнерге бейім балар бірден көзге көрініп тұрады. Еңбекті оңай сабақ деп енжар қарамай, әр тапсырманы тиянақты орындайтын балалар келешек ұсталар болып шыға келді. Қазір олар облыстың түкпір-түк­пірінде өз шеберханаларын ашып, еңбек етуде. Мысалы Ермек Бүркітбаев деген шәкіртім менің жолымды қуып, аудандағы 202 мектепте технологиядан сабақ береді. Туған інімнің баласы Нұрлыбек Әбілхан – осы ауданның жиһаздарын құрастырушы ұста. Жалпы кез келген жұмысты игеріп кететін, ұсталыққа құлшынысы жоғары шәкірттерім көп. Олармен жүздесіп, амандасқан сайын көңілім толып, олардың жасап жатқан тірліктерін көріп, бір марқайып қаламын. Ұстаз үшін мұнан артық бақыт бар ма, сірә?!

– Қазір құрметті еңбек демалысындасыз. Сіздің мынадай құндылықты өмірге әкелген шебердің бос уақыты бар ма?Келешекте қандай идеяларыңыз бар?

– Бұрын зейнетке шыққан адам рахаттанып жатып ішетін шығар деп ойлайтынмын. Ал өзім зейнетке шыққалы бірталай уақыт болды. Қазір менде бос уақыт деген атымен жоқ. Таң атқаннан күн батқанға дейін қолым тимейді. Өзімнің табиғаттың аясындағы шеберханамда домбыра, қобыз, жұрттың сұранысына байланысты ұлттық бұйымдар жасаймын. Әйтеуір қарап отырмаймын. Қалжы­рап шаршағанға дейін жұмыс жасаймын. Елден түсетін тапсырыстар да көп. Кейбіреулері біреуге сый-сияпатқа домбыра, қобыз, оның қабын жасатса, кейбірі өздері үшін отбасына киелі домбыра-қобызды сақтап қою үшін жасатады. Шаршағаның өзіңнің жасаған домбыра, қобызыңмен өнерпаздар ел алдында өнер көрсетіп жатқанда демде басылып, жайнап шыға келесің. Міне, менің бүкіл жан дүнием ұлтымның рухымен бірге жасайды. Өз ұлтын сүйген адам, оның салт-дәстүрін, өнерін, әдебиетін, мәдениетін жан-тәнімен сүйеді. Дәл осы адам мен деп елге тік қарап айта аламын.

– Аға, қазір көзіміз көріп отырғандай, ғажап домбыра-қобыздар жасап жатыр екенсіз. Оның ағаштарын қайдан таба­сыз?

– Жылдап жатқан ағаштар болады. Мықты олар оңайлықпен жарыла қой­майды. Сондайларды іздеп табамын. Ол дайын өнім емес. Сүргілеймін. Қаншама тер төгіліп жасалатын дүние ғой. Музыкалық аспап жасау үшін оның тілін білу керек. Жүрегің нәзік, қолың епті болғанда ғана жақсы аспап өмірге келеді. Мәселен қобыз жасау үшін ешкінің терісін илеп пайдаланамын. Басқа малдың терісі оған жарамсыз. Әр шеберліктің өз құпиясы бар ғой. Солай қарағым. Қарияның ішіндегі қолы босамайтыны мен шығармын. Ау­дан­дағы ауқымды шаралардан қал­мауға тырысамын. Арнайы шақыртумен жиын­дарға қатысамын. Ол жағынан да белсендімін деп айта аламын.

– Сөз соңында абыз қария ретінде елге айтар тілегіңіз болса құба-құп болар еді?

– Енді «жақсы сөз жарым ырыс» деген еліме, халкыма айтарым «берсін Құдай береке, дұшпанға қылмай келеке, күнде ойын күнде болсын береке! Ел аман, жұрт тыныш болсын!

– Аға, тұшымды әңгімеңіз үшін сізге үлкен рахмет! Ақ батаңыз қабыл болсын!

Әңгімелескен Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: