Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

5°C

, Сейсенбі, 05 қараша, 10:44

Тазалықты өзімізден бастайық

05.09.2023

8626

0

Сенбі. Аудан халқы ойын баласынан еңкейген қарияға дейін таң атысымен тазалық жұмыстарына кірісіп кетті. Иә, тазалық жұмыстарына тұрғындар бірігіп, бір кісідей белсене атсалысты. Аудан аумағында орналасқан кәсіпорындар аумағы, гүлзарлар мен саябақтар, арық-атыздар мен аудан көшелері қоқыстан тазартылып, әктеу, сырлау жұмыстарымен қатар қураған тал бұтақтары кесілді. Сондай-ақ кент және ауылдық округтерде қоқыс жәшіктері орналастырылып, сенбілік жұмыстарына көмек болатын 4 арнайы тасмалдаушы техника да жұмылдырылған.

– Жалағаш – біздің ортақ үйіміз. Сондықтан оның көркейіп гүлденуіне әрбір тұрғын бейжай қарамай, қо­қыс-қалдықтарды кез келген жерге лақтырмай, таза ұстауға ат салысуы қажет. Өйткені ортақ үйіміздің көр­кеюі өз ауламызды таза ұстаудан бас­та­латыны белгілі. Осыны жастарға са­бақ ету мақсатында мен де тазалық жұмыстарына таң атысымен шықтым. Сенбілікке шыққан жастарды көріп риза болдым, осы тазалық шарасы арқылы тұрғындар қаймағы бұзылмас ынтымақ пен бірліктің ерен үлгісін көрсетіп отыр. Міне, мен көлеңкелеп отырған ағаш, бүгін маған сая болып тұр, сондықтан ауданымызды жасыл-желекке айналдыру біздің қолымызда, тек ниет керек. Ең бастысы, тазалық денсаулықтың кепілі екенін естен шы­ғармағанымыз жөн, – дейді кент тұрғыны Алтын Ізтілеуова.


Аудан жұртымен бірге аудан әкімі Асқарбек Есжанов та сенбілік жұ­мыстарына қатысып, жауапты сала басшыларына бірқатар тапсырмалар берді. Яғни бөлінген аймақтар бо­йынша тазалық жұмыстарын жүр­гізу және туған жерді көркейту үшін тұр­ғындарды да белсенділікке ша­қыру керектігін айтып, әрбір үйдің ауласы және сыртқы келбеті әрленіп, көгалдандыру жұмыстарымен айна­лы­су аудан тазалығына қосқан үл­кен үлес болатынын жеткізді.
Әсіресе аудан орталығын көр­кей­тіп-көгалдандыру бойынша жұ­мыс­тар соңғы уақытта қарқынды жү­ріп жатыр. Бұл жұмыстардың игі­­лігін бүгінде жалағаштықтар іс жү­зінде көріп отыр. Мәселен, кенті­міздің 7 көлік аялдамасына тарихи тұл­ғаларымыз бейнеленген және ұлы­­ларымыздың ұлағатты сөзі жа­зыл­ған баннерлер ілінді. Сондай-ақ көшелерге белгілі қазақ батырлары, жыраулар мен ақын-жазушылар және белгілі қоғам қайраткерлері туралы мәліметтер жазылған 11 билборд орна­­ластырылса, орталық алаң­дағы қоршау түрлі-түсті бояумен көмкерілген.
Міне, осындай креативті жобалар кент көркін айшықтаумен қатар, тұрғындарға керемет көңіл-күй сый­лары анық. Кент әкімшілігінің қыз­меткерлері осындай ерекше жо­­­балар алдағы уақытта да жал­ғасын табатынын, егер тұрғындар тара­пы­нан кент көркіне сән беретін идея­лар болса, қарауға дайын екенін жеткізді.
Иә, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңыз­дылығын айтып жүргені белгілі. Сон­дықтан сенбіліктің қоғам­ның на­за­рын аудан көше­ле­рінің та­за­лығын сақтауға ауда­рып, эко­ло­гиялық мәде­ниетті қалыптас­тыру­да маңызы зор.

Жандос Махмұтұлы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: