Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

6°C

, Сәрсенбі, 06 қараша, 13:43

Тарихы терең Аламесек

05.12.2023

3726

0

Бүгін де шалғай ауылдамыз, Аламесек те бұрын талай ат ізін салған елді мекендер қатарында. Күрішпен ырысын еселеген ауылдың бүгінгі тынысын білу үшін алдымен елді мекен ішін аралап келеміз. Мешіт маңы көліктен көз сүрінеді. Бақсақ, жуырда бақилық болған шаруашылық еңбеккерінің рухына арнап ас беріліп жатыр екен, ақсақалдардың барлығыдерлік осында. Не керек, кісі аяғы басылғанын тостық, мақсат ауыл тарихы жайында қариялардан мәлімет алу еді.

Арада бір сағаттай уақыт өткенде көппен бірге имандылық үйінен шыққан Әбдіқайыр ақсақал да көзге түсті. Аман­дық-саулық сұрасқан бойда әңгімеміздің ауанын ауыл тарихына бұрдық. Көкеміздің де бұл жайында түйгені көп екен, әңгімесін екі ғасыр әріден бастады.

Жолбарыс жортқан жер немесе Аламесек атауы қайдан шықты?

Аламесек елді мекені аудан орта­лы­ғынан 45 шақырымдай қашықта орна­ласқан. Іргесі 19 ғасырдың аяғында қа­ланған тарихи өңір 1928-1930 жылдары аудан орталығы болған деген дерек бар. Жері құнарлы, шөбі шүйгін, балық, аң-құсы мол болғасын ба, жергілікті тұр­ғындар ашар­шылыққа ұшырамаған деседі. Шым­бай, Төрткүл, Қазалы уез­дерінің сау­да­герлері аталған өңірде жәрмеңкелер жиі ұйымдастырып, бұл өңір кейін «Жаңа базар» аталған деседі.
1900 жылы Аламесекте 220 үй­дей қазақ, 50-60 үй өзбек, 20-30 үйдей ноғай­лар қоныстанған көрінеді. Ерте­ректе бұл аймақта 2 сыныптық орыс-қазақ түземдік мектебі, кірпіш зауыты мен қасапхана жұмыс жасаған. Темірбек Жүргенов тәлім алған ауылдағы орыс-қазақ мектебінің біз айтып отырған білім ошағы екеніне көз жеткізетін деректер көптеп кездеседі.
1902 жылы іргесі қаланған Аламесек мектебі өңірдегі 6 болысты қамтитын алғашқы маңдайалды оқу орны болған. Құрылысының қарқынды жүруіне сол замандағы ауқатты азаматтардың бірі Смайыл атамыз үлкен үлес қосқан екен. Оқу құралдары Ақмешіт қаласынан түйе тасымалы арқылы жеткізілген. 1889 жы­лы Ташкентте ашылған оқушылар семи­нариясының түлегі Досмағамбет Бу­кин де мұнда жастардың еш кедергісіз білім алуына белсене атсалысқан. Ұлы Отан соғысы жылдарында Украина мен Беларуссияда панасыз қалған 700-ге жуық жетім бала мектеп ғимаратына орна­ласып, осында білімін қайта жетіл­діреді. Кейінгі жылдары бұл нысан Ала­месек ауруханасы болып жұмыс жасапты.
Елді мекен ертеректе «Аламесек» көлінің жағасында орналасқандықтан ауыл аты да осылай аталған. «Аламесек» көлі бұрынғы Ақарық ауылының солтүс­тігінде үлкен аумақты қамтып, қазіргі Сырдария ауданына қарасты Ақжарма ауылына дейінгі алқапты алып жатты. Шығысындағы «Көк су» өзегі арқылы Сырдария өзенімен, түстігіндегі «Тарма көл», «Дәулет», «Сарыкөл» мен «Абызбай көлі» өзегі арқылы «Жаңадария» өзе­німен байланысады. Көлдің табаны 1956-1958 жылдары тартылғандықтан жер­­гілікті тұрғындар бұл аумақты егін ша­руашылығына пайдаланған. Кейін егіс алқабы қазіргідей инженерлік жүйеге көшіп, 1966-1967 жылдары мұнда Ақ­жар­ма ауылының тұрғындары күріш еге бас­тапты.
Сөзімізге арқау болған каналдың бастапқы атауы «Қопалы көл» болса керек. Енді «Тарихы тереңде жатқан жер-су аты кейін қалай Аламасек атанды?» деген оқырманда сөзсіз сұрақ туындайды. Ол жөнінде көнекөз қариялардан қалған әртүрлі дерек те аз емес.
Расында Орта Азия мен Қазақстан туралы орыс тарихшыларының жазба деректерінде Аламесек каналы «Қопалы көл» деп аталған. Көлдің жағасы түйе бойламайтын қалың нар қамыс бол­ған­­дықтан бұл аумақты жолбарыс ме­кендеген деседі. Жергілікті тұрғындар жол­барыстың атын атамай «Ала мысық» дейді екен. Осылайша «Қопалы көл» «Аламысықты көл» атанып, келе-келе Аламесек болып кеткен дейді. Ал 1995 жылы жарық көрген «Сыр елінде жиналған қазақтың шежіресі» атты еңбегінде Өмір­зақ Ахметов ағамыз басқаша дерек келтіреді.
Ол өз туындысында Қарақалпақтардың кейінгі мекені Сырдарияның екі бетін Арал теңізіне дейін ендеп иеленгенін, ол өңірде Әбілқайыр ханның үлкен ұлы Нұралының хан болғанын айтады. Нұралы ханнан бұрын да, кейін де Қарақалпақтар екіге бөлініп, хандық құрған деседі. Бір бөлігін Қатағар билесе, келесі бөлігі Аламесектің еншісіне бұйырады. Алғашқысы Қазалы өңіріне орналасса, Аламесек хан қазіргі Жалағаш аумағына қоныстанған дейді. Жоғарыда айтылған екі деректі де рас­тайтын басқа да мәліметтер жетерлік. Бұл – ел ауызынан және көнекөз қа­рия­лардан қалған өсиеттен алынған мә­лі­меттер. Ал шынына келгенде аталған өңір­дің тарихы тереңде жатыр.
1925 жылы Аламесек болысына 44 ауылдық кеңес қараған. Аудан орталығы болып тұрған кезде мектеп, интернат, пош­та, аурухана, кітапхана, мәдениет үйі мен астық қабылдау пункті жұмыс жа­саған. Сол тұста Аламесек МТС ұйым­дастырылды. 1932-1933 жылдары Тере­ңө­зек ауданының жетім балалар үйі болды. Аламесек көліне құятын сулар бөгеліп, көл табаны құрғаған соң жергілікті тұрғындардың басым көпшілігі елден еріксіз көшуге мәжбүр болыпты. Кейін аталған өңір «Аламесек ауылдық округі» болып қайта түлейді.
Мешіт алдында көп күткен қариямыз екеуара диалог барысында бізге осындай мәлімет берді. Уақытымыз тығыз, бол­маса ақсақалдың ауызын бақсақ, әлі де көкейінде тың деректер сайрап жатыр. Құдайы астан қайтқан қариямен орта жолда қоштасып, ауыл әкімдігіне жол тарттық. Бірақ Дәулеткерей Тәжібаев жұ­мыс орнында жоқ екен.

Халық емхананың игілігін көреді

Ауыл әкімін жаңадан бой көтеріп жатқан емхананың құрылыс алаңынан таптық. Қазір талап қатал, әрбір өңірде салынып жатқан құрылыс нысандарының сапасы мен ел игілігіне берілетін уақыты ұдайы бақылауда. Дәукеңнің де таңнан кешке дейін әлгі нысанға жиі баратыны сон­дықтан. Ауыл әкімінің кабинетте қа­малып отырмай көптің игілігіне бері­летін нысанның басында жүруін жақсылыққа жорыдық.


Жалпы құны жарты млрд теңгеге жуық нысан құрылысы бітуге таяу, Мердігер де, ауыл әкімі де алдағы онкүндікте емхана құрылысы толық аяқталатынын айтады.
Жалпы ауылдағы медицина нысанына қатысты мәселені тұр­ғын­дар жергілікті биліктің назарына салғанына көп жылдар болды. Әйтеуір елді мекенге аудан әкімі барса, елдің талап-тілегіне бірінші осы ауылдық емхана мәселесі арқау бола­тын. Рас, бұған дейін де ауылда ме­дици­налық нысан болған, алайда сапасы сын көтермейтін. Кейін ауданның даму жос­па­рына енгізіліп, абырой болғанда жоба қолдау тапты. Бұйыртса, жыл соңына дейін жергілікті халық оның игілігін көреді.

Жолдың жайы көңіл көншітпейді

Бағанадан орталықтағы Жаңада­рия­мен екі ортаны жалғайтын жолдың бойын­да жүргесін бе, ауылдағы жол сапасына мән бермеппіз. Дәукеңмен бір-екі ішкі кө­ше­ге түскеннен кейін Аламесекте жолдың жайы көңіл көншітпейтініне көз жеткіздік. Асфальт былай тұрсын, тас төселмеген ішкі көшелер де жоқ емес елді мекенде.
Ауыл әкімінің сөзіне сүйенсек, Есет батырда 13 ішкі көше бар, оның екеуіне ғана асфальт төселген. «Асфальт тө­селген» деген аты ғана, негізінен ол көше­лердің де сапасы жақсы емес, ал 3 көшеге тас төселсе, қалған 8 көше кәдімгі қаражол.
Дәукең екеуара диалог барысында бұған қатысты жақсы жаңалықтың шетін шығарды. Бүгінде ауылдағы 5 көшенің құрылысына қатысты жобалар қаржылай қолдау тауыпты. Жобаның жалпы құны 545 млн теңгені құрайды. Қазіргі таңда мердігер мекеме де анықталып қойған. Алдағы көктемде Есет батыр ауылында жол құрылысы қарқын алады деген болжам бар. Ауыл әкімі қалған 8 көшеге қатысты жобалар да дайын тұрғанын айтады. Қаржылай қолдауға ие болса, Аламесекте жол мәселесі 100 пайыз шешімін табады дей беріңіз. Бір анығы, келер жылы Өмірбай шешен, Бөлебай би, Сарман батыр, Жаңақоныс және Төлеген Бисенбаев көшелеріне асфальт төселеді.
Ауылда электр желісі де ескірген, жауын жауып, жел тұрса, жергілікті халық майшамын қамдайды. Бұл мәселе де жергілікті биліктің назарында екен, аудан орталығына жеткен бойда мәселенің ше­ші­мін жауапты азаматтардан сұра­ғанбыз. Алдағы жылы ауылда электр желісіне күрделі жөндеу жұмыстары жүреді екен. Жобаның жалпы құны 365 млн теңгені құрайды.
Ауыл тұрғындарының басты мәселесі – ауыз су. Дәукең «бұл мәселенің шешімі – аулаішілік ауыз су жүйесін кеңейту» дейді. Бұған қатысты арнайы жоба да әзір. Келер жылы мердігер мекеме белгіленсе, елдің мәселесі шешімін табады деген сөз.
– Басты мәселеміз – жол, жарық және ауыз су. Бұрын емхана ғимаратына қатыс­ты тағы бір мәселеміз бар еді, жаңа жоба құрылысының қарқынын өздеріңіз көрдіңіздер. Келер жылы ішкі 5 көшемізге қаржы қаралып отыр. Аулаішілік ауыз су жүйесін кеңейту жобамыз да қаржылай қолдау табады деген үміттеміз. Себебі бұл – елдің басты мәселесі. Электр жары­ғына қатысты арнайы жобамыз қаржылай қолдау тапты деген жағымды жаңалық алдық. Ел болғасын ішкі мәселелер болады, бастысы, ретімен шешімін тауып жатыр. Келер жылы ауылда жол құрылысы қарқын алады. Қалған 8 көшеге қатысты да жобаларымыз жасалған, қаржылай қолдау тапса, ол көшелердің де сапасына мән береміз, – дейді ауыл әкімі.

Төрағалар туған жерге тер төгуде

Дәукеңнің сөзінше, күріш егетін төра­­­ғалар ауылды абаттандыруда бел­сенді. Осыдан 2 жыл бұрын жергілікті шаруа­шылықтар ауылды абаттандыру жолында бірқатар жобаны бір қолдың сала­сындай бірігіп қолға алып жатыр дегенді естігенбіз. Тіпті бұған қатысты ау­дан әкімдігімен арада жасалған арнайы меморандум да бар екен. Бұл құжат­тар­дың барлығы ауылдың бола­шағын жар­қын етуге арналғаны жергілікті халық­ты қуантты. Бүгінде олардың бірқатары жүзеге асқан.
Былтыр ауылдағы «Қарабура-ата-1» шаруа қожалығының төрағасы Дастан Ержанов жалпы құны 5 млн теңгеге ауылға кіреберіс жолға жарық жүргізді. Бұған дейін ауылдағы түрлі шараларға демеушілік жасаудан шет қалмаған шаруашылық тө­ра­ғасының мұндай игі бастаманы қолға алғанына тұрғындар риза. Әсіресе бұл шаруашылықтың ұжы­мы төрағаның соңғы жылдары жұмыс­шыларының әлеуметтік жағдайын жақ­сартуға басымдық бергенін айтады. Осыған дейін Дастан Ержановтың нәти­желі еңбек еткен әріптестеріне 20-ға жуық темір тұлпар үлестіргеніне біз де куә болғанбыз. Енді төраға ауылдың абат­тануына да бір сәт көңіл бөлуге күш салған.
«Нағи» шаруа қожалығының төраға­сы Серік Дүйсенғазиев те алдағы уақыт­та ауылдағы Өмірбай шешен көшесін абаттандыруды қолға алады. Бұл жұ­мыс­тарға ол 4 млн теңге қаражат бөледі. Бүгінге дейін ол осы көшенің бойынан балалар ойын алаңын салып, ел игілігіне берген. Дәл осындай тағы бір ойын алаңын «Ибраев» шаруа қожалығының төрағасы Бақыт Ибраев та ел игілігіне берген еді.
Ауылда үлкен жобаларды қолға алып жатқан төрағалар басқа да жергілікті шаруашылықтарға үлгі болары анық. Бастама жаман емес, бастысы, осылардан өнеге алатындардың қатары артса дейміз.
Есет батырда жергілікті халық кәсіп ашуға ынталы. Бірақ саланың дамуы көңіл көншітпейді. Тұрғындар мемлекеттік бағдарламалармен пайыздық үстема­қысы төмен несие алайын десе, кепілге қоятын мүлік мәселесі алдынан шығады. Ал ауылдағы өздерінің үйін тым арзанға бағалайтын көрінеді.


Қазірдің өзінде ауылда 113 кәсіпкерлік субьектісі тіркелген. Соңғы екі жылда 11 ауыл тұрғыны қайтарымсыз қаражатқа қол жеткізіп, ауылда өз жобасын жү­зеге асырған. Мұнан бөлек 14 азамат мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде кәсіп бастапты. Бүгінге дейін Аламесекте 9 адам «Ауыл аманаты» жобасы шеңбе­рінде 2,5 пайыздық үстемақымен несие алып, кәсіп бастау үшін құжаттар тап­сырған.
Жалпы тарихы терең елді мекеннің бүгінгі тынысы осындай. Ауылда әлі де мәселелер жоқ емес, енді солардың шешіміне басымдық беру керек. Бастысы, жергілікті әкімдік тарапынан қолдау бар, соны тиімді пайдаланса болғаны.

Кенжетай БАЛТАБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: