Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

30°C

, Жұма, 15 мамыр, 16:48

Отбасының басты құндылығы-татулық

15.05.2026

3

0

Отбасы – адам өміріндегі ең маңызды әрі қастерлі ұғымдардың бірі. Жыл сайын 15 мамырда атап өтілетін Халықаралық отбасы күні – осы құндылықтың қоғамдағы маңызын айқындайтын ерекше мереке. Әрбір адам адамның тұлға болып қалыптасуында, өмірлік бағыт-бағдарын айқындауында отбасының орны ерекше. Отбасындағы өзара түсіністік, сыйластық пен мейрімділік – берік қарым-қатынастың негізі. Осындай құндылықтардың ішінде татулықтың алар орны айрықша.

Аудандық соттың өндірісіне 2025 жылдың 12 айында 39 неке бұзу туралы талап қою түскен, оның ішінде 23 ажырасу туралы шешім шыққан, 16 арыз бойынша тараптар татуласқан.

2026 жылдың 4 айында 16 неке бұзу туралы талап қою түскен, 11 арыз бойынша ажырасу туралы шешім шыққан, 5 арыз бойынша тараптар татуласқан.

          Қаралған іс бойынша  тараптар 2006 жылғы 11 қаңтарда некеге тұрған. Некеден кәмелетке толмаған үш балалары бар. Некелік қатынастары 2024 жылы 25 қыркүйекте тоқтады.  Талап қоюшы талабында жауапкер екеуінің мінезі жараспағанын көрсетіп, некені бұзуды  сұраған. Жауапкермен талап қоюға қарсы пікір ұсынылмады. Талап қоюшы сотта жауапкер екеуінің мінездері жараспағанын, балалары өзімен бірге тұратынын және араларында мүлік дауы жоқ екенін айтып көрсетіп, талапты қанағаттандыруды сұрады. Сотта жауапкер талап қоюды мойындап, некені бұзуға қарсы емес екенін көрсетті, сот шешімімен тараптардың тіркелген некесі бұзылды.

Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің  (әрі  қарай – Кодекс) 19-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасына сәйкес, осы кодекстің 17-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, ерлі-зайыптылардың кәмелетке толмаған ортақ балалары болған жағдайда неке (ерлі-зайыптылық) сот тәртібімен бұзылады.

Кодекстің 21-бабының 1-тармағына сәйкес, егер кәмелетке толмаған ортақ балалары бар ерлі-зайыптылардың некені бұзуға өзара келісімі болған кезде, ерлі-зайыптылардың бір-біріне мүліктік және өзге де талаптары болмаған кезде сот некені бұзу себептерін анықтамастан некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуы мүмкін.

Тараптарға баласынан бөлек тұратын ата-ананың баласымен араласуға, оның тәрбиесіне қатысуға құқығы бар екендігі, ал баласы өзімен бiрге тұратын ата-ана баланың екiншi ата-анасымен араласуына кедергi жасамауға тиiс екендігі түсіндіріледі.

Талап қоюшы жауапкермен некені бұзу жөнінде талап қоюмен сотқа жүгінген. Сотта талап қоюшы қазіргі уақытта жауапкермен қайта қосылып, бірге тұрып жатқандарына байланысты талап қоюды қараусыз қалдыруды сұрады. 

Сот, істегі құжаттарды зерттеп, талап қоюшының арызын қайтарып алуын қабылдап, істі қараусыз қалдыруға жатады деп есептеді.         

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі-АПК) 279-бабы 8) тармақшасына сәйкес, сот талап қоюшының талап қою арызын қайтарып алуын қабылдаса, іс қараусыз қалдырылады.

       Отбасы жанжалы, тұрмыстық зорлық-зомбылық Қазақстан республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-бабында жазалар қарастырылған.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-бабының 1-бөлігіне сәйкес, «Құқық бұзушымен отбасы-тұрмыстық қатынастардағы адамдарға сыйламаушылық көрсетіліп, былапыт сөйлеу, қорлап тиісу, кемсіту, үй тұрмысындағы заттарды бүлдіру және олардың тыныштығын бұзатын, жеке тұрғын үйде, пәтерде немесе өзге де тұрғын жайда жасалған басқа да әрекеттер, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жаза қолданылатын іс-әрекет белгілері болмаса»-ескерту жасауға, не үш тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алуға әкеп соғады.

Осы жылдың басынан күні бүгінге дейін аудандық сотта Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-бабымен 12 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды.

18.01.2026 жылы, сағат 02:00-дер шамасында А.А өзінің заңды некедегі әйелі Б.Б-ны себепсіз балағаттап, отбасы тұрмыстық қарым-қатынастағы азаматтарға сыйламаушылық көрсетіп, оның тыныштығын бұзған, сот А.А-ның жәбірленушімен татуласуына байланысты, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 64 бабының негізінде әкімшілік жауаптылықтан босатты.

С.С 09.03.2026 жылы, сағат 20.10-дар шамасында мас күйінде үйіне келіп, отбасы-тұрмыстық қарым-қатынастағы азаматтарға сыйламаушылық көрсетіп, яғни әйелі Р.Р-ға, былапыт сөздер айтып, қорлап, тыныштығын бұзғаны үшін кінәлі деп танылып, 10 тәулік әкімшілік қамауға алынды.

Татулық бар жерде бірлік нығайып, сенім артады, ал сенім бар жерде отбасының басты құндылығы – татулық деп айтуға толық негіз бар.

Судьялар Одағының мүшесі

аудандық соттың бас маманы                                                       Б.Исағабылов

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: