Бүгінде білімді ұрпақ тәрбиелеу – қоғамның басты қағидасы. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу – аса жауапты әрі күрделі міндет» деп өз пайымын жеткізген. Осындайда зор жетістікке жетіп жүрген аудан көлеміндегі мектептердің ішінде №201 мектеп-лицейдің орны ерекше. Қазіргідей заманауи технологияның барлық бастамасы осындай үлгілі білім ордаларынан басталады. Білім саласында болып жатқан жаңалықтарды күн сайын ғаламтордан көріп, оның мектептерде қолданысқа еніп жатқанын көргенде кеудеңді мақтаныш сезімі билейді. Білімді ұрпақ болашаққа салынған инвестиция екеніне тағы да бір көз жеткіземіз. Міне, бүгін көшбасшы мектептер қатарына көтерілген Әл-Фараби атындағы 201 мектеп директорының міндетін атқарушы Айқын Жақсылықовамен тілдескенімізде білім ордасында жасалған жұмыстар көп, әрі елеулі екенін байқадық.
- Сіздің басқарып отырған мектеп білім саласына келгенде ауыз толтырып айтарлқтай, көпке мақтанарлықтай жетістікке жеткенінен хабардармыз. Жыл сайынғы сынама тесттің нәтижесімен, республикалық, қала берді халықаралық білім бәйгелерінде топ жарып жүрген талапты шәкірттерімен қашан да алдыңғы қатардан көрініп келеді. Осындай қарқынмен, қабілетпен, жүйелі жұмыс, жан-жақты ізденіс толастамаса жұмыстың жүйелі жүрері анық. Тыңнан түрен салып, заманның көшіне ілесетін, білім ошағынан алған білімі мен тәрбиесін қоғам үшін пайдаға жарата алатын, бойындағы жастық бұла күшін елдің келешегі үшін жұмсайтын балаларды тәрбиелеуде ұлттық құндылықтар мен мәдениетімізді насихаттауға аса мән беретіндеріңізді байқадық. Осы тұрғыда атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айта кетсеңіз?
– Әрине, бүгінгі заман басқалардан білекпен емес, біліммен озатын заман. Бұрынғыдай емес, білім саласындағы оқу үрдісі де, білім беру критерийлері де барлығы өзгерді. Қазір жан-жақты, жаңашыл, үнемі ізденіс үстінде болсаң ғана еңбегіңнің жемісін көре аласың. Шүкір, біздің мектеп білікті ұстаз, білімді шәкірттерден кенде емес. Ұстаздар қауымы барынша балаларды ынталандыруға, әрбір сабағын жаңаша, қызықты идеямен өткізуге талпынады. Мақсатымыз – оқушыны жалықтырып алмау. Түрлі білім додаларында жеңіске жетіп жүрген оқушылар бар. Олар жетістікке жеткен сайын мектебіміздің мерейі асып, ұстаздардың қызметіне деген ынтасы, жауапкершілігі арта түседі.
- Білім ошағының өзге білім мекемелеріне қарағанда бір ерекшелігі бар болар,соған тоқтала кетсеңіз?
- Бізде бірнеше сыныпты біріктірген «Шаңырақ» оқушылар қауымдастығы құрылған. Халқымызда шаңырақ сөзінің киелі де қасиетті екенін ескерсек, бір шаңыраққа біріккен жас ерекшелігі әртүрлі екі сыныптың оқушылары үлкеннің кішіге деген қамқорлығын, кішінің үлкенге деген ізетін қалыптастыратын ұлттық құндылықтарды бойына сіңіре отырып, оқушылардың өзін-өзі басқаруын дамытып, жасөспірімдер арасында кең етек алған әлімжеттік пен құқық бұзушылықтың алдын алуға, тәртіп пен мінез-құлық мәселесін шешуге мүмкіндік бергенін тәжірибе көрсетіп отыр. Әрбір «Шаңырақ» дүйсенбі күні өтетін дәстүрлі оқушылар жиынын кезекпен жалпыазаматтық және ұлттық құндылықтарға сәйкес шығармашылық ізденіспен өткізеді. 10 минутта шаңырақ мүшелері мерекелік құттықтаулар, белгілі кісілермен сыр-сұхбаттар, кездесу, әдеби-музыкалық монтаждар сияқты тағы басқа да формаларда жиындар өткізіп, сол тақырыпта газеттерін таратаы. «Шаңырақ» оқушылар қауымдастығы оқушылардың белсенді өмірлік ұстанымын қалыптастырып, қоғамға қызмет етуді мектеп табалдырығынан дайындауды мақсат етеді. Оқушының өзін-өзі басқаруы әр оқушыға ұйымдастырушылық қызметке белсенді қатысу мүмкіндігін қамтамасыз етіп, бастама көтеру, шешім қабылдау және өз шаңырағында оны жүзеге асыру арқылы көшбасшылық қабілеттерін дамытады.Сонымен бірге бұл қауымдастық жұмысы «Қазақтың 100 әні» жобасы бойынша тізімге енген бір әннің тарихымен таныстырып, сол әнді орындау арқылы ұлттық өнерді насихаттап та келеді екен. Ұмыт болған халық әндері мен халық композиторларының әнін іздеп, тарихын зерттеп, әнді орындау арқылы оқушылардың бойында ұлттық өнерге деген құрметтері артатынына сенімді.
- Оқушылар, мектеп қызметкерлері мен ата-аналар арасында кеңінен насихаталып, аз уақытта өз нәтижесін көрсете бастаған «Көп оқып, көп білуге ұмтыл: лицей шәкірттері оқуға міндетті 30 кітап» жобасы туралы естіп қалдық. Ол туралы да тарқата айтсаңыз?
- Барлық сынып бұрыштарында үш тілде жазылған 30 кітаптың тізімі ілініп, мектеп кітапханасында арнайы көрме әзірленген. Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебімен тығыз тәжірибе алмасу барысында «Букроссинг» акциясы арқылы сирек кездесетін кітаптарға мектеп оқушыларының қол жеткізгенін айта кеткен жөн. Жоба басталғалы үш жылда 30 кітаптың тізімі толықтырылып, қазіргі таңда жүзге жуықтапты. Жалпы осы жоба оқушылар арасында кітап оқуға деген қызығушылықты оятып қана қоймай, оқылған көркем әдебиеттер төңірегінде ой бөлісіп, кейіпкерлер әлемін талдау арқылы әдеби тілде сөйлеуге, өз ойларын еркін жеткізуге мүмкіндік береді.
–Тағы да қандай ерекше жобалар қолға алынған. Көзбен көріп тұрғаымыздай олар көздің жауын алып тұр. Жасалған еңбек қалың оқырманға насихатталуы керек.
– Иә, дұрыс айтасыз, сол балаларды қызықтыратын жобалар басқа мектептерге де таратылып, әр білім мекемесінде жасалуы керек. «Мен әлемге домбыраны танытамын!», «Ата-ананың жұмыс орнындағы 3 күн», «Туған жерге тағзым!» өлкетану саяхаты, «Ақылды бейсенбі» кездесуі, «Балалар әлеміндегі игі істер» әлеуметтік жобалары – мектептегі жаңаша тәрбие үрдісі. Ал «Балалар әлеміндегі игі істер» жобасында мектепте үйде оқитын мүмкіндігі шектеулі оқушыларды қамқорлыққа алу арқылы, оқушыларға өмірдің басқа қырынан қарай білуге, мүмкіндігі шектеулі балалардың тірек қозғалысында шектеу болғанымен, армандары мен қиялдарында шектеудің жоқ екенін түсінулеріне мүмкіндік болды десем болады. Оқушыларға рухани құндылықтарды, оның ішінде адамгершілік пен имандылықты сөзбен емес, іспен көрсетудің қаншалықты маңызы бар екенін осы жоба дәлелдеуде десек те қателеспейміз. Оқушыларға ұлттық рух пен ұлттық тәрбие беруде «Мұрагер» домбырашылар сыныбының рөлінің зор. Қандай шара болсын мектепке келген қонақтарды күмбірлеген күймен қарсы алу – мектептің игі дәстүрлерінің бірі. Расымен мектепте күйші оқушылардан жасақталған «Мұрагер» домбырашылар ансамблін көпшілік жақсы біледі. Биылғы оқу жылында «Мұрагер» сыныбына 41 оқушы қабылданды. Ұлттық өнерді насихаттауда қазіргі таңда бұл оқушылар қазақтың 100 күйі бойынша «Мен әлемге домбыраны танытамын!» жобасымен жұмыс жасауда.
- Инклюзивтік білім беру жобасы өте үлкен пәрменге ие болуда. Бұл бағытта қандай жұмыс жасалуда?
- Қазіргі таңда барлық әлем жұртшылығының назарын аударып отырған мәселе балалардың жеке сұраныстары мен ерекшеліктеріне ортаның, отбасының қатысуымен білім беру үрдісіне толық қосуды қарастыратын инклюзивті білім беру. Инклюзивтік білім беру – барлық балаларды, соның ішінде мүмкіндіктері шектеулі балаларды жалпы білім беру үрдісіне толық енгізу және әлеуметтік бейімдеуге, жынысына, шығу тегіне, дініне, жағдайына қарамай, балаларды айыратын кедергілерді жоюға, ата-аналарын белсенділікке шақыруға, баланың түзеу-педагогикалық және әлеуметтік мұқтаждықтарына арнайы қолдау, яғни, жалпы білім беру сапасы сақталған тиімді оқытуға бағытталған мемлекеттік саясат. Бұл ретте аталған мектептен ашылған арнайы сыныптар әдеттегі сыныпта дәстүрлі оқыту жағдайында қанағаттандырылмайтын ерекше білім беруге қажеттілігі бар оқушыларды саралай оқытады. Білім алушыларға арнайы курстан өткен сынып жетекшілер мен пән мұғалімдері бекітілген. Сонымен қатар, түзету сабақтарына психолог, логопед, дефектолог арнайы мамандары тағайындалып, оқушыларды сыныптан тыс мәдени-шараларға өз сыныптарымен бірге қатыстыруды қамтамасыз етеді.
- Әкелерге педагогикалық-психологиялық кеңес беру пунктін ашыпсыздар. Оның да пайдасы тиген болар?
Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды демекші, мектеп-лицейі жоғарыда аталған жобалармен шектеліп қалмай кезең-кезеңімен басқа да жобаларды енгізу арқылы мектеп мәдениетін қалыптастыруды, үштік одақ арасындағы байланысты нығайтуды көздейді. Соның ішінде «Шапағат» әкелер кеңесінің жұмысын ерекше атап өткен жөн. Бала тәрбиесінде әкелердің рөлі мен ықпалын күшейтуге, әкелер мәртебесін көтеруге бағытталған кеңес жұмысы көпке үлгі. Нәтижесінде әкелердің сабақ үдерісі мен тәрбиелік шараларға қатысуы жолға қойылып, жиналыстарға белсенді қатысу көрсеткіші артқан. Әкелермен жоспарлы тренингтер, топтық жұмыстар, семинарлар мен дөңгелек үстелдер жиі өтеді. Мектепте әкелерге педагогикалық-психологиялық кеңес беру пункті жұмыс жасайды. Сонымен бірге мұғалімдермен бірлескен түнгі кезекшіліктерге шығуы арқылы жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алуға да атсалысып жүр.
- Осыншама жасалған жұмыстардың басы-қасында әрине білікті ұстаздар тұрғаны анық. Мектептің маңдайалды ұстаздары жайлы айта кетсеңіз?
- Қанша жобаны қатар жүргізіп, білім мен тәрбиені ақсатпай отырған мектеп ұжымының еңбегі елеусіз қалған емес. Жеткен жетістіктер, көрсетілген құрметтің бәрі сапалы білім беру ісінің нәтижесі деуге әбден болады. Ақын-сазгер А.Орынбаева, тәжірибелі мұғалімдер Ж.Тұрған, Ш.Қанбаева, Г.Есжанова, Е.Ыдырыс бастаған ұстаз деген ұлы есімді арқалап жүрген барлық педагогтің еселі еңбегін айтпай кету мүмкін емес. Мәдени, спорттық шаралардағы жетістіктерден бөлек, әскери-патриоттық тәрбие бағытында Отан қорғаушылар күніне орай өткен аудандық саптық байқауда да аталған мектеп 1 орынды иеленген. Ал теннис үйірмесінің жетекшісі Т.Тұрғанов 15 оқушыны аталған спорт түріне баулып, оқушылардың спортқа деген ынта-жігерін қалыптастырып жүр. Сонымен бірге отыз жылға жуық білім саласының ыстық-суығына төзіп жүрген осы білім ошағының география пәнінің мұғалімі Гүлдана Ермаханова да талай баланың қанатын қатайтып, білім нәрімен сусындатуда адалдық пен жауапкершілікті бірінші орынға қойып келеді. ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасын», облыстық білім басқармасы мен кәсіподақ комитетінің «Құрмет грамотасын», аудандық білім бөлімінің «Құрмет грамотасын», облыс, аудан әкімдерінің алғыс хаттарын, «Жыл ұстазы – 2020» номинациясын алса, облыс әкімдігінің білім беру саласының қызметкерлеріне тағайындалған біржолғы сыйақысының иегері атанған. Білікті маманның білім берудегі жаңада әдістемелік, жаңартылған білім беру мазмұны сынды бірнеше жұмыстары баспаға ұсынылған. Ал қазық тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Шолпан Қанбаева салада 27 жылдан астам уақыт еңбек етіп, бірнеше мәрте марапат төрінен көрініпті. ҚР Білім және ғылым министрлігінің алғыс хатына, облыстық білім басқармасы мен кәсіподақ комитетінің «Құрмет грамотасына», «Үздік мұғалім – 2021» номинациясына, «Үздік мұғалім – 2022» номинациясына ие болған. Мұнан бөлек те «Құндылыққа бағытталған білім беру жағдайында музыка және кәсіптік білім беруді дамытудың инновациялық тәжірибесі» атты облыстық пән бірлестік жетекшілерінің секция отырысында «Ұлттық құндылықтарды дәріптей отырып оқушылардың ұлттық музыкаға деген шығармашылық қабілеттерін арттыру» тақырыбындағы шебер-сынып көрсеткені үшін Жалағаш ауданы, №201 мектеп-лицейінің музыка пәнінің мұғалімі Алтынкүл Жаңашева, «Тәрбиелік орта: құндылыққа бағдар және үздік тәжірибелер» тақырыбындағы тәрбие орынбасарларының бірлестік әдістемелік отырысында жұмыс көрсеткені үшін Феруза Досанова, Білім басқармасының ұйымдастыруымен өткізілген мұғалімдердің облыстық спартакиадасына іріктеу мақсатында шағын футболдан өткізілген жарыста үздік ойын көрсеткені үшін №201 мектеп мұғалімі Нұрғазы Ақылов, аудан бойынша білім саласының қызметкерлері арасында өткен шағын футбол сайысына қатысқаны үшін №201 мектеп мұғалімі Самат Нұрпейісов, Шахан Дәулет, Білім беру ұйымдарының педагогтары арасында өткізілген «Үздік авторлық бағдарлама-2022» облыстық байқауында I орын алғаны үшін Жалағаш ауданы №201 мектебінің мұғалімі Әлима Жаңабергеновалар үздіктер қатарынан көрініп, мектеп абыройын асқақтатып келеді.
Жалпы біздің атағанымыз талабы таудай, мақсаты айқын, ынта-жігері мен білімге құштарлығы алға жетелейтін жас өрендер тәрбиелеуде барлық жаңашылдық пен тиімді әдістерді үнемі жетілдіріп отыратын мектеп ұжымының жетістіктерінің бірнешеуі ғана. Біз тек саналы ұрпақ пен бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыруда даналық пен пайым-парасатты, жан-жақтылық пен жаңашылдықты, тастай талап пен кіршіксіз мейірімді де тең ұстай білетін ұстаздардың еңбегі қашанда жемісті жылдарды қорытындылай берсін дейміз.
Әңгімелескен Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!