Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

0°C

, Жұма, 22 қараша, 08:12

Даңғайыр диқандардың ізбасары

02.02.2021

641

0

Сыр салысынан тау тұрғызған жалағаштықтардың жыл сайынғы жетістігі тынымсыз еңбектің жемісі екені анық. Алайда бұл дәстүр қайталана бергесін кейбіреуге қарапайым жұмыс сияқты болып көрінуі әбден мүмкін. Кеше Аққұм ауылындағы жергілікті шаруашылықта бірнеше жылдан бері тынымсыз еңбек етіп келе жатқан Ербол Өтебаевпен екеуара әңгіме барысында жерді күтіп-баптаудың қыр-сырына қанықтық.

Бұған дейін тіректі елді мекендегі бірнеше шаруашылықта күрішші болып еңбек еткен дала дарабозы мол өнімнен үмітті адам жерді тыңайтуға басымдық беру қажеттігін айтады. Себебі ротацияның сақталуы қамбаны астыққа толтыруда маңызды екен.

– Ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жерге қатысты белгілі бір тәртіп енгізген мемлекет ақымақ емес. Себебі ротация сақталмаған жерден мол өнім алу мүмкін емес. Сондықтан өзім жұмыс жасайтын шаруашылықта төраға осыған басымдық береді. Мәселен, бізде көктемгі дән себу науқанына дейін бір жыл бұрын, яғни күздің аяғында жер бір сүдігерден өтеді. Жыртылған жерге көктемнің басында бір мәрте тыңайтқыш себіледі. Содан кейін жер қайта сүдігерленіп тырмаланғаннан кейін барып тұқым себіледі. Алқапты күзгі науқаннан кейін жырту маңызды рөл атқарады. Себебі ол жердегі арам шөптердің тамыры сүдігерден өткеннен кейін қыста үсіп кетеді. Айта берсек, екі рет жер жыртудың мол өнім алуға тигізер пайдасы мол. Күріш деген – негізінен бас алуы қиын өнім. Сондықтан жаздай суға бастырылған өнімнің бұл түріне бір мәрте қайта тыңайтқыш себіледі. Аллаға шүкір, ауыл шаруашылығы саласының жұмысына толық төселгеннен болар, шаруашылықтағы күрішшілердің алдыңғы қатарындамын, – дейді Ербол Өтебаев.

Ерекеңді заманында даланы дүбірге толтырған Ыбырай Жақаев, Несіпбай Әпрезов пен Ұзақ Еспанов сынды даңғайыр диқандардың ізбасары деп нық сеніммен айта аласың. “Бақдәулет – 57” ЖШС-нда 7-8 жылдан бері күрішші болып еңбек етіп жатқан кейіпкеріміз осынша уақытта мол өнім алуда алдына жан салмапты. 60 гектарға жуық алқаптың өніміне жауапты диқанға жыл сайын межелі өнім 45 центнерден берілсе, 10 жылға жуық уақыттың күзгі науқан қорытындысында мерейі тасып келеді. Биыл да Ерекең межені артығымен орындап, гектарынан 59 центнерден өнім алған.

– Биыл бірқатар шаруашылықта су тапшылығы орын алған. Алайда бізде мұндай мәселе болған жоқ. Сондықтан мол өнім жинауда ойдан кедергілер тауып, сылтау айтуға себеп жоқ. Бар күшімізді тек толайым табысқа жету жолына арнадық. Нәтижеге де қол жеткіздік. 3 жыл күріш, 3 жыл жоңышқа егілу қажет болса, бізде бұл тәртіп сақтаулы. Мәселен, мен күріштің маусымы аяқталғанда өзіме берілген 57 гектар алқапқа алғашқы жылы жоңышқаға араластырып бидай ектім. Алғашқы бидайдың орымы аяқталғаннан кейін екі жыл жоңышқада тұрған жердің тыңаятыны анық. Осы ротацияның сақталғанының жемісі болар, жыл сайын әріптестерім де рекорд жаңартып келеді, – дейді диқан.

Кейіпкеріміздің автобиографиясын ақ­тарар болсақ, ауыл шаруашылығы саласына 20 жылға жуық уақытын арнағанына көз жеткіземіз. Осынша уақытта диқанның Жер-Ана бәсін биік етіп келеді. Әрине оның артында дала дарабозының үлкен еңбегінің де ізі жатқанын жақсы білеміз. Осыған дейін “Аққұм-Жер” шаруа қожалығында күріш еккен еңбеккер жыл сайын гектарынан 60 центнерден астам өнім алған.

Биыл тіректі елді мекендегі “Бақдәулет – 57” шаруа қожалығы күзгі науқанды үлкен же­­тіс­тікпен қорытындылады. Ұжымның ымырамен іс қылуының арқасында қамба ас­тыққа толды. Шаруашылық төрағасы Серік Шуақбаев биылғы егін науқаны кезінде еселі ең­бек еткен әріптестеріне 3 су жаңа темір тұлпар үлестірді. Соның бірін бүгінгі біздің мақаламызға арқау болған Ербол Өтебайұлы тақымдаған болатын. Бұл атқарылған жұмысқа берілген лайықты баға деп білеміз. Ал қосымша сыйақыдан шабыт алған даңғайыр диқан келер жылы ды мол өнімнен үмітті екенін жасырмайды.

К.Балғабай

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: